Жаңа мешіт ғимараты ашылды
Шиелі кентінің Нұрекеев көшесінде орналасқан «Нұр иман» мешітінің жаңа ғимараты салтанатты түрде ашылып, аудан тұрғындары үшін рухани тұрғыдан маңызды оқиға орын алды.Жаңа мешіт ғимаратының құрылысы Құлахметовтер әулетінің демеушілігімен жеке қаражат есебінен жүргізілген. Сауапты іске атсалысқан әулетке халық алғысын білдірді.
400 адамға арналған мешіт заманауи талаптарға сай салынған. Ғимаратта құлшылық жасауға арналған кең зал, имам бөлмесі, неке қию бөлмесі қарастырылған. Мұндай мүмкіндіктер мешіттің тек құлшылық орны ғана емес, сонымен қатар рухани тәрбие мен діни білім орталығына айналуына жол ашпақ.
Жаңа мешіттің ашылуы – сәулетті құрылыспен қатар, халықтың имандылыққа деген бетбұрысының, ел арасындағы бірлік пен татулықтың белгісі. Ендігі кезекте бұл мешіт жастарды жат ағымдардан қорғап, дін мен дәстүр сабақтастығын дәріптейтін тәрбие ордасына айналмақ.
Гүлхан ЯХИЯ







