2017 жылы республикалық бюджетке түскен кіріс 9 трлн 961 млрд теңгеге жеткен
Дәл қазір Парламент Мәжілісінің жалпы отырысы өтіп жатыр. Күн тәртібіне 2017 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы мен «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заң жобасы сияқты маңызды мәселелер шығарылған. 2017 жылы республикалық бюджетке түскен кіріс көлемі 9 триллион 961 миллиард теңгеге жеткен. 2016 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 26,5 пайызға артқан. Бюджеттік бағдарламаларға көзделген қаражаттың 99,8 пайызы жұмсалыпты. Ал игерілмеген сома – 15 миллиард теңге. Жалпы бұл сұрақ бойынша баяндамалар әлі жасалып жатыр. Сондай-ақ бүгінге «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заң жобасының екінші оқылымы жоспарланған. Айта кетейік, Мәжіліс депутаттары бұл жобаны наурыз айының соңында бірінші оқылымда мақұлдаған еді. Жалпы, бұл – қоғамда қызу талқыланып жатқан жобаның бірі. Құжаттың мақсаты адвокаттық қызмет пен заң көмегін көрсету жүйесін жетілдіру болып табылады. Мәселен, қазіргі заңға сәйкес адвокат атану үшін жастар диплом мен лицензияны алып қана қоймай, адвокаттар алқасына мүше болуы керек екен. Ол үшін 800 мың теңгенің шамасында жарна төлеуі тиіс. Жаңа жоба бұл жарнаны алып тастауды көздейді. Жалпы бұдан бөлек тағы бірнеше өзгеріс жоспарланған. Жиын әлі аяқталған жоқ. Ол туралы алдағы уақытта хабарлайтын боламыз.
24.kz
24.kz