Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қолдағы қазынаны ұқсата алмай жүрміз

Қолдағы қазынаны ұқсата алмай жүрміз

Қолдағы қазынаны ұқсата алмай жүрмізҚазақ елі Менделеев кестесінде түзілген элементтердің 99-ына малынып-ақ тұр. Бірақ жерасты байлығын дұрыс ұқсата алмай жүргеніміз – елдігімізге сын. Жел турбиналарынан бас­тап, смартфон мен жойғыш ұшақтарға дейін қолданылатын минералдар қоры – шикізатқа тәуелділіктен құтылудың бас­ты тетігі. Биыл сирек кездесетін металдардың тағы бір бөлігі мемлекетімізде табылды деуі мұң екен, әлемнің назары елімізге ауды.

Қазақстан халқына Жолдауын­да Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде ауқымды аэро-геофизика зерттеулері әбден ес­кіргенін, цифрлық құралдарды пайдалана отырып, жер қойнауы­ның заманауи картасын жасайтын уақыт келгенін айтты. «Мұндай қадам кен орындарының әлеуетін жаңа сапалық тұрғыдан бағалауға мүмкіндік береді. Бұл жұмысқа да халықаралық сарапшыларды тартуға болады. Әрине, ғылыми негізі болмаса, барлау жұмысын ойдағыдай жүргізу мүмкін емес», деді Мемлекет басшысы.
Ел аумағында 124-ке жуық сирек кездесетін металдың кен орындары анықталған. Никель, кобальт, мы­рыш, ванадий, қа­лайы, вольфрам және бас­қалар­ды қоса алғанда, 10 аса маңыз­­ды минерал бойынша 30-дан ас­там келісімшарт жасалған.
2023 жылы Қазақстан сирек және жерде сирек кездесетін металдардың баланстық қоры туралы деректерді ашық жариялай бастады. Депутат сауа­лына жауап берген Премьер-министр О.Бектенов Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мемлекеттік құ­пия­ларының ведомстволық тізбесіне өзгерістер енгізіліп жатқанын айтқан. 2021 жылы литий, тантал, ниобий және басқа да бірқатар элементтің қоры құпия мәліметтер тізімінен алынған. Осылайша, сирек кездесетін металдарды өндірудің төменгі салық ставкалары 1-ден 7,8% -ға дейін белгіледі. Оның алдында Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан Ұлттық экономика министрлігі базасында зертхана құру жоспарланып отырғанын мәлімдеген. Вице-министрдің айтуынша, зертхана шикізат құрамында қандай қоспалар ілесіп бара жатқанын бақылауға мүмкіндік береді.
Биыл елімізде сирек метал­дардың ірі қоры табылғаны жөнінде ақпарат әлемге тараға­нын жоғарыда айттық. Бұл жаңа­­лықтан кейін әлемнің алпауыт мем­лекеттері елімізге қызығушылық таныта бастады. Олардың серік­тестік ретіндегі ұсыныстары еліміз­ді заманауи технологиядан алыс­татып, шикізаттық шеңберден шығар­мауға басымдық бере ме деген қауіп бар.
Сарапшы Арман Бейсем­баевтың айтуынша, еліміз тағы таңдау жолында тұр. Оның бірі – технологиялық дербестікке ұмтылу, екіншісі – сыртқы капиталдың шартын қабылдап, геосаяси тәуелділікке түсу.
А.Бейсембаевтың айтуынша, сирек кездесетін метал­ды өндіру мен өңдеу циклі техно­логиялық тәуелсіздікті қажет етеді. Еліміз үшін маңыздысы да – технологиялық дербестік. 1990 жыл­дардағы қателіктерді қайталамауымыз керек, Өндіріс­тің толық циклі кен орындарында сирек металл шикізатын өндіруден, жеке сирек металдарды алудан бастап, арнайы қорытпаларды өндіруге дейінгі барлық операция­ны қамтиды. «Өндірістің толық циклін дұрыс жолға қойсақ, онда экономикалық жағынан тәуелсіз мемлекетке айналуға, өндірістерден түскен пайданы өзімізде қалдыруға мүмкіндік береді. Мысалы, бериллий сияқ­ты металл ұшқынсыз элек­тр­техникалық қорытпаны алу кезiнде лигатура ретiнде пайдаланылады. Егер біз 10 тонна бериллий шығара алсақ, онда мыс өткізудің ішкі нарығын қазірдің өзінде 1 мың тоннаға ұлғайта алар едік. Алайда миллиондаған тонна қоспадан өзімізге қажетімізді алу үшін геологиялық барлау, өндіруден тартып, экологияға дейінгі ең күрделі технологиялық тізбектер проблемасын шешуіміз қажет», дейді сарапшы.
Оның айтуынша, бағалы металдар өндіру мәселесі мұнымен шектелмейді. Ниобий, висмут, индий, галлий, теллур тәрізді грамы жүздеген мың долларға бағаланатын металл ілеспе түрінде қалдықтарға жиналады. Қалдықтардың мұндай түрі елден концентраттар ретінде  шығарылып келіпті. Осыған дейін қорғасын және мырыш концентраттарымен бірге күміс, висмут, индий, галлий, кадмий, германий да ілеспе материал ретінде елден шығып кетті. «Біз тек 2023 жылы ғана сирек және жерде сирек кездесетін металдардың баланстық қоры туралы дерек­терді құпия ұстадық. Бірақ мемлекеттік ұстаным құпия болмауға тиіс», дейді А.Бейсембаев.
Ал сарапшы Расул Рысмам­бетов 1990 жылдардың екінші жарты­сын­дағы келісімшарттарды да құпиясыз­дандырып, «Бағалы металдар мен асыл тастар туралы» заңға өзгерістер енгізу керектігін алға тартады. Оның ойынша, бұл заң тек алтынға ғана басымдық берген. Сондықтан сирек кездесетін бағалы металға байланысты стратегиямызды нақтылап алған жөн. Бұл бағыт 2021 жылдан бастап құпиялықтан шықты. Оған дейін металдың бұл түрі шетелдерге қандай жолмен және қандай бағада сатылды немесе экспортталды – барлық ақпарат құпия сақталып келді.
Сарапшының айтуынша, біздің елде тіркелген кейбір металлургиялық компаниялар бағалы металдардың шынайы құрамын ашып көрсетпейді, тек мыс ретінде ғана ресімдейді. Бізде осы мәселені заң шеңберінде реттеу жағында олқылықтар көп.
«АҚШ Президенті сирек кездесетін металдар мәселесінің көлеңкелі тұстарын әлемге жа­йып салғанын көріп отырмыз. Алыс-жақын көршілеріміз де порттар желісі арқылы шикізатты оңай экс­порттап келеді. Еліміз осының бәрін ескеріп, минералдар ресурс­тарын өндіру мен қайта өңдеу сала­сындағы заңдарға өзгерістер енгізуі керек. Сол кезде ғана саланың ин­вес­тициялық тартымдылығын халық­аралық деңейге көтере аламыз», дейді Р.Рысмамбетов.
Кейбір сарапшылар еліміздің мине­ралдар қоры әлі күнге толық зерттел­мегенін айтады. Біз әлі күнге КСРО кезінде түзілген жіктемені пайдаланып келеміз. Геолог Олжас Сүлейменовтің ай­туынша, ол кезде технология тап­шы болды. Ал қазір барлығы дамыды, минералдарды іздеуге, өңдеуге барлық жағдай бар, сондықтан саланы әрі қарай те­реңдете зерттеуге мүмкіндіктер көп.
Сарапшылардың тағы бір бөлігі еліміздегі сирек кездесетін металдар саласына Франция, АҚШ, Ұлыбритания сынды алпауыт мемлекеттердің назар аударуы бұл саланы көлеңкелі геология сегментінен жарық­қа шығарады деген пікірде. Сарапшы Расул Рысмамбетов болса, бұл мәселенің екі жағы барын айтады. Егер сирек металдарды барлау құқы бір компанияға берілсе, нарық монополияланады, ал қолында қаржысы мен технологиясы бар батыстық компа­нияға берілсе, онда нарықта белгілі бір тепе-теңдік сақталады. Дегенмен де қаржы­сы бар компаниямен келісімшарт жасас­қанда, мәселені жан-жақты қарастырып, байыппен шешім қабылдау қажет.
Сарапшылардың айтуынша, сирек металдарды өңдеу бағытындағы жаса­лып жатқан жұмыстардың беталысы жаман емес. Үкімет бұл тұрғыда бар­лық ойыншыларға ашық ойын ереже­сін ұсынып отыр. Бірақ бұл жерде мәселені инвестордың жобасы немесе ықыла­сы емес, ақша шешеді. Әңгіме мил­лиард­таған қаржы төңірегінде. Себебі геоло­гиялық барлау шығыны бірнеше мил­лионнан басталады, ол оны толық дайын­дауға шамамен
15-20 млн доллар керек. Мұндай қаржыны ұлттық инвесторлар ұсына алмағандықтан, тағы да шетелдік инвесторларды тарту қажет болады.
Расул Рысмамбетовтің сөзінше, сирек кездесетін металл қоры бізді мұ­най несиесінен алып шығады деп қуану­ға әлі ерте. Ендігі беталыс арадағы келі­сім­шарттардың нәти­жесіне қарай анық­талады.
 
АЛМАТЫ 

18 желтоқсан 2025 ж. 57 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№96 (9363)

16 желтоқсан 2025 ж.

№95 (9362)

13 желтоқсан 2025 ж.

№94 (9361)

09 желтоқсан 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031