Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Көңілде мұңды із қалды...

Көңілде мұңды із қалды...

Арамызда еліміздің тарихындағы желтоқсан оқиғасын өз көзімен көрген адамдар аз емес. Солардың бірі – Ілияс Төлеуов. Ол сол қайғылы күндер туралы айта беруді ұнатпайды. Дегенмен 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы – біздің тарихымыз, ортақ жан жарамыз. Біз ол туралы бәрін білуге тиіспіз. Біраз ойланғаннан кейін ол кісі бізбен әңгімелесуге келісті.
Ілияс ауданға қарасты Жөлек ауылында туып-өсті. Ауыл мектебін бітіргеннен кейін «Сырдария» кеңшарында әртүрлі жұмыс істеді. Одан кейін Кеңес Армиясы қатарында әскери борышын өтеді. Ол стратегиялық мақсаттағы ракета әскерлерінде қызмет етті. Әскери бөлім Украинадағы Сумы облысының Ахтырка қаласы маңындағы ормандарда орналасқан еді. Бұл – аты аңызға айналған партизандардың генералы Сидор Ковпак шайқасқан ормандар болатын. Екі жыл екі күндей зырғып өтіп, Ілияс дария жағасындағы туған ауылына оралды. «Сырдария» кеңшарында жүргізуші болып жұмысқа орналасып, ауыл тұрғындарына азық-түлік, көмір, мал фермаларына шөп пен жем жеткізді.
1980 жылы Жөлекке Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген дәрігері ­София Мақашева келді.
– Облыста медицина кадрлары жетіспейді. Сондықтан фельдшер, акушер, дәрігер мамандықтарын оқуларыңыз керек. Ал машина айдап, қой бағатын адамдар табылады. Кім Қызылорда медицина училищесіне жолдамамен оқуға барғысы келеді? – деп ол ауыл жастарына қарата сөйледі.
Ілияс пен оның үш досы қолдарын бірден көтерді. Олар емтихандарды сәтті тапсырып, жұмыс киімдерін ақ халатқа алмастырды. Оқуды бітірген соң, ол екі жыл отгон фельдшері болып еңбек етіп, шалғайдағы малшыларға медициналық көмек көрсетіп, кәсіби шыңдалудың жақсы мектебінен өтті.
Шиелі аудандық денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыру-әдістемелік бөлімінің меңгерушісі Ыбырай Ахметов жас жігіттің көзіндегі отты, мамандығына деген сүйіспеншілігін байқап, Алматы медицина институтына оқуға түсуге кеңес берді. Сөйтіп, 1985 жылы І.Төлеуов емтихандарды «өте жақсы» тапсырып, медицина жоғары оқу орнының студенті атанды.
1986 жылдың 16 желтоқсанында кейіпкеріміз әдеттегідей сабақтан жатақханаға оралды. Мұнда оны мүлгіген тыныштық таңғалдырды. Әдетте алтыншы жатақхана осы уақытта араның ұясындай гулеп тұратын. Студенттер сабақтан келіп, ас дайындап, біреуі гитара шертіп ән айтса, біреуі үй тапсырмасын орындайтын. І.Төлеуов кезекші әйелден: «Бәрі қайда кеткен?» деп сұрады. 40-45 шамасындағы әйел: «Бәрі алаңға кетті, Колбиннің тағайындалуына қарсы студенттердің митингі өтіп жатыр» деп жауап берді.
Сол кезде телефон шырылдап, кезекші әйел телефон тұтқасын ағамызға ұсынды. Телефон шалған оның жерлесі, Қазақ ауыл шаруашылық институтының екінші курс студенті Бахар Құлтаев еді. Даусы мазасыз естілді.
– Ілияс, біздің жатақхананы дружинниктер мен милиция қоршап, ешқайда шығармай жатыр. Мені бұл жерден шығарып ал, алаңға ­баруымыз керек, біздің қызылордалық жігіттер бәрі сонда. Оларға көмектесуіміз керек, – деді Бахар.
Мәнісін түсінген соң, жас жігіт жатақхана жаққа беттеді. Милиция қызметкерлерінің арасынан ол армиядағы жолдасының бірін танып қалды.
– Тыңдашы, бауырым, сенің қызметте тұрғаныңды түсінемін. Бірақ жақсылық жасап, Бахар мен оның достарын шығарып жіберші. Алаңда біздің бауырларымыз, әпке-қарындастарымыз тұр, біз олардың жанында болуымыз керек, – деп өтінді Ілияс.
Студенттердің өтінішіне құлақ асқан тәртіп сақшысы оларды жатақхананың қосымша есігі арқылы шығарып жіберді. «Океан» дүкені жақтан Брежнев атындағы алаңға жақындағанда, Ілияс пен достары «Тоталитарлық режимге – жоқ!», «Әр республикаға – өз басшысы!», «Колбин, кет!» деген ұран көтерген жастарды көрді. Алаң алдындағы мінбеге мемлекеттік және қоғам қайраткерлері көтеріліп, жастарды үйді-үйлеріне тарауға шақырды.
Ілияс, Бахар және олардың достары бейбіт шеруге қатысып тұрған кезде өрт сөндіру машиналарының су шашқышы оларды құлатты. ОМОН жауынгерлері ауылдан келген жігіттерді резеңке таяқпен ұрып, алаңнан қуып таратуға тырысты. Күш тең болмағандықтан, студенттер шегінуге мәжбүр болды. Түн ортасында су болып, қанға батып, олар жалдамалы пәтердің біріне тығылды. Ертеңінде олар қайта алаңға барды. Сол күні жастардың наразылығы жаңа, бұрынғыдан да күшті толқынға ұласты. Ең белсенділері милицияның «УАЗ» машиналарын өртеді, құқық қорғаушылармен қақтығысты. Бірақ Төлеуовтің айтуынша, ол ашық қақтығысқа қатыспаған.
– Біз негізінен бейбіт шеру өткіздік, билік бізді тыңдап, қорытынды шығарады деп ойладық, – дейді ол. – Өкінішке қарай, олай болмады, сол күні біз тағы да таяқтың астында қалдық. Көпшілігімізді «қутузкаға» алып кетті. Кейінгі күндері қалада 3-4 жас жиналып қалса болды, милиция оларды таяқпен ұрып, қуып тарататын.
Оқиғадан кейін алты ай бойы мединститутта тексерістер жүргізіліп, органдар шеруге қатысқандарды анықтауға тырысты. Ілиясты да да бірнеше рет тергеуге шақырды, бірақ ол аяқасты тұтқындалудан аман қалды. Оған оқытушылар мен кәсіподақ комитетінің ара түсуі көп көмектесті. Тергеушілер қанша тырысса да, жігіттің алаңда болғанын дәлелдей алмады. Егер ол мойындағанында, бас бостандығынан айырылар еді…
Мединституттағы достары – Қанат Бейбітов, Төлеген Бақтыгереев, Марат Жақыпов бүгінде Алматы және Маңғыстау облыстарында дәрігер болып еңбек етуде. Ал І.Төлеуов Шиелі аудандық көпбейінді орталық ауруханасында ЛОР-дәрігер болып жұмыс істейді. Олар жыл сайын 16 желтоқсанда Алматыда бас қосып, сол күндерді еске алады.
– Ең қатты намысыма тигені – бізді адам қатарына қоспағаны, – дейді ол. – Бүкіл Қазақстанда Республикамызды басқара алатын адам табылмағаны ма?
Дегенмен, тарих бәрін өз орнына қойды. Біраз уақыттан кейін М.Горбачев Қазақстандағы саяси жағдайдың ерекшеліктері мен қазақ халқының менталитетін ескермегенін мойындап, өзінің қателігін ашық айтты.

М.Кеңесұлы,
сурет автордікі
16 желтоқсан 2025 ж. 17 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№96 (9363)

16 желтоқсан 2025 ж.

№95 (9362)

13 желтоқсан 2025 ж.

№94 (9361)

09 желтоқсан 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031