ИНЕМЕН ӨРІЛГЕН КӘСІП
«Шебердің қолы алтын» деген дана халқымыздың сөзі бүгінгі күнде де өз маңызын жойған емес. Ұлттық қолөнерді ұлықтап, оны нәсіп көзіне айналдырып отырған жандардың еңбегі қашанда құрметке лайық. Солардың бірі – Бидайкөл ауылының тұрғыны, бес баланың анасы, іскер кәсіпкер Нұргүл Бақымова. Ол қазір тігіншілік өнер арқылы өңірде шағын шеберхана ашып, ұлттық құндылықтарды дәріптеп келеді.Нұргүлдің өмір жолы көпке үлгі. Негізгі мамандығы – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Ұстаздық салада көп жыл еңбек етіп, талай шәкіртке білім мен тәрбие берген ол бір сәтте бала күннен бойына дарыған өнерге бет бұрды. Әжесі мен анасынан үйренген құрақ құрау, көрпе көктеу, кесте тігу секілді қазақы қолөнер оның жанына жақын еді. Ал сол өнердің бүгінде кәсібіне айналуы – табандылық пен еңбекқорлықтың нәтижесі.
Мемлекет ұсынған мүмкіндікті дер кезінде пайдаланған Нұргүл «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының «Бастау Бизнес» жобасына қатысып, бизнес-жоспарын сәтті қорғап, грант иегері атанды. Алынған қаржыға заманауи тігін машинасын сатып алып, үйінің жанынан «Фатима» атты тігін шеберханасын ашты. Бұл атау – анасына деген құрметтің белгісі. Кейін кәсібін кеңейту мақсатында «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 2,5 пайызбен 9 миллион теңге көлемінде қаржы алып, шеберхананың жұмыс аясын ұлғайтты. Бұл істе жолдасы Руслан Ыбыраев та отбасылық кәсіптің алға басуына зор үлес қосып келеді.
Қазіргі таңда «Фатима» тігін шеберханасынан ұлттық нақыштағы құрақ көрпелер, жастықтар, сырмақтар, қыз жасауына арналған бұйымдар, қазақы оюмен безендірілген қамзол мен шапандар, сәнді орамалдар тігіледі. Сонымен қатар қазіргі таңда сұранысқа ие бөпе қуыршақ киімдері мен анимациялық кейіпкерлердің ұлттық үлгідегі киімдерін дайындау да жолға қойылған. Сапалы әрі талғаммен тігілген өнімдерге тапсырыс тек ауданнан ғана емес, еліміздің Атырау, Алматы, Ақтөбе, Шымкент, Қызылорда секілді қалаларынан да тұрақты түрде келіп түсуде.
– Тігіншілік – мен үшін жай ғана табыс көзі емес, жаныма тыныштық сыйлайтын өнер. Осы кәсіптің арқасында бес баламды асырап отырмын. Ұлттық қолөнерді жаңғыртып, елге пайдалы іс атқарып жүргеніме қуанамын, – дейді кейіпкеріміз
Әлеуметтік желілерде де белсенді кәсіпкердің қолынан шыққан бұйымдар көптің көңілінен шығып, тұтынушылар қатары жыл санап артып келеді. Ол болашақта қолөнер үйірмесін ашып, жас қыз-келіншектерге тігіншілік өнерін үйретуді, сондай-ақ ұлттық бағыттағы жеке бренд қалыптастыруды мақсат етіп отыр.
Ұлы Абайдың «Егер де мал керек болса, қолөнер үйренбек керек» деген өсиеті Нұргүлдің өмір жолымен үндесіп жатқандай. Адал еңбекке сүйеніп, инемен кәсіп өрген ауыл кәсіпкерінің табандылығы мен талпынысы көпке өнеге. Нұргүл Бақымова – үлгілі ана, аяулы жар әрі ұлттық өнердің шынайы жанашыры. Оның еңбегі ауыл әйелдерінің кәсіпке бет бұруына, өз ісін ашуға деген сенімін арттырары сөзсіз.
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ








