ЕЛГЕ ҚЫЗМЕТ – ЕЛЕУЛІ МІНДЕТ
Мемлекеттік қызмет – ел игілігі жолындағы ауыр да абыройлы міндет. Бұл қызметтің жауапкершілігін терең сезіну, халықпен жұмыс істеу, қоғамдық ортаға икемделу – бір күнде қалыптаспайды. Мен үшін бұл жол Шиелі аудандық атқару комитетінің табалдырығынан басталды. Алғашқы күннен-ақ қалыпты тәртіп, уақытқа мұқияттылық, жауапты тапсырмалардың орындалуын қамтамасыз ету – кәсіби болмысымды қалыптастырған негізгі қағидалар болды.Мен алғашқы күннен бастап жүріп-тұру, қызметкерлермен қарым-қатынас жасау, уақытылы жұмыс орнынан табылу, жоғары жақтан келіп тұратын қаулы-қарарларды және аудандық атқару комитетінің басшыларынан келіп түсетін тапсырмалардың дер кезінде орындалуына басымдық беру – бірінші кезекте тұратынын түсіндім. Ауаткомның төрағасы, орынбасарлары мен жауапты хатшының берген тапсырмаларын міндетті түрде орындауды міндеттеген болатын. Соның нәтижесінде орындаушылық қабілетімді арттыра отырып, ауаткомның жалпы бөліміне атқарылған жұмыстардың қорытындысын тапсыруды қамтамасыз ету дағдыға айналды. Мен мемлекеттік қызметке қалай келдім және осы қызметте 1979-2007 жылдар аралығында аудандық құрылыс мекемелерінің атқарған жұмыстары туралы егжей-тегжейлі айта кетуді жөн санадым. Мемлекеттік қызметке 1979 жылы наурыз айында Шиелі ауданының партия комитетінің бюро мүшелерінің келісіміне сәйкес аудандық атқару комитетінің 14 наурыздағы №127 шешімімен сәулетші қызметіне тағайындалған болатынмын. Аудандық сәулетші қызметі ауданның бас маманы болып табылатындықтан, бұл қызмет аудандық партия комитеті бюро мүшелерінің келісімімен жүзеге асырылады екен. Менің кандидатурамды бюро мүшелері мақұлдаған соң, сол кездегі аудандық партия комитетінің хатшысы Қ.Әбдешев, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы О.Бәйімбетовке кіргізіп, мені таныстырды. Ол кісі менен қандай жоғарғы оқу орнын бітіргенімді, қандай жұмыс атқарып жүргенімді сұрап білді. Ол маған сәулетші қызметі абыройлы да жауапты қызмет екенін ескерте келіп, ауданда салынып жатқан құрылыс объектілеріне оң көзбен қарап, сапалы салынуына назар аудару керектігін баса айтты. Бұл қызметке лайықты екендігім жөнінде бюро мүшелерімен ақылдасып, шешімін береміз деді. Екі күн өткен соң аудандық партия комитетінің хатшысы Қ.Әбдешев мені шақырып алып, «Сенің кандидатураңды бюро мүшелері қолдап, мақұлдады» деді. Енді сен аудандық атқару комитетінің төрағасы Ә.Исмаиловқа барып, ол кісі сәулетші қызметіне қабылдау туралы шешім береді деген еді. Мен дереу аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары М.Пірмахановқа барып, «мені сіздерге жіберді» дедім. Ол кісі мені ауаткомның төрағасы Ә.Исмаиловке ертіп кіріп, мені таныстырды. Ол кісі де менің қандай жоғары оқу орнын бітіргенімді, қайда, қандай жұмыс атқарып жүргенімді, жанұям туралы сұрап білген болатын. Мен ол кісіге 1966 жылы Қызылорда қаласындағы гидромелиоративтік техникумның азаматтық және өндірістік құрылыс бөлімін, 1978 жылы Шымкент қаласындағы химия-технологиялық институтының ауыл шаруашылығы құрылыс факультетін бітіріп, инженер-құрылысшы мамандығын алғанымды айтып бердім. Ол кісі де сәулетші қызметі құрметті, жауапкершілігі жоғары қызмет екендігін айта келіп, бұл қызметке бей-жай қарамауды, босаңсып кетпеуді, заң деп қатып қалмауды қатаң тапсырды. Орынбасары М.Пірмахановқа қарап, «Мына жігітті сәулетші қызметіне қабылдауға қарсы емессің бе?» деп сұрады. М.Пірмаханов «Қабылдауға қарсылығым жоқ» деп жауап берді. «Олай болса, сен кабинетіне алып барып отырғыз» деп нұсқау берді. Мені екі кісілік кабинетке отырғызды, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің меңгерушісі Қ.Айтқұлов екеуміз бірге қызметтес болдық. Сол күні бұрынғы сәулетші қызметін атқарған Т.Құлшаевты шақырып алып, алыс-беріс құжаттарын жасап, темір жәшіктегі тұрған ауданның барлық елді мекенінің және Шиелі кентінің бас жоспарын (Генплан) т.б. құжаттарды қабылдап алдым. Екі күннен кейін төрағаның орынбасары М.Пірмаханов мені шақырып алып, облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасына барып, бастығы Л.Н.Салминге және мемлекеттік құрылыс бақылау басқармасының басшысы И.А.Посталовскаяға жолығып, атқаратын сәулет қызметінің негізгі міндеттері мен қызметтері туралы біліп, танысып, қажетті мәліметтер алып келуді тапсырды. Мен Қызылорда қаласына барып, жоғарыда аталған кісілермен жолығып, олармен танысып, сәулетші қызметінің негізгі міндеттерімен танысып, тиісті тапсырмалар алып қайттым. Мен ол кісілерден ауданның бірқатар елді мекеннің бас жоспарлары ескіргендігін айта келіп, мемлекет есебінен бас жоспарларды әзірлеуге не жасау керектігін сұрадым. Ол кісілер маған бас жоспарларды қалай жаңалаудың жолын түсіндіріп, аудандық атқару комитеті қаржы мәселесін шешіп, жобалау институттары арқылы әзірлеуге болады деді. Көп ұзамай аудандық атқару комитетінің атынан Сәулет және қала құрылысы басқармасына арнайы хат жолданып, ауданның елді мекендерінің Бас жоспарларын әзірлеу үшін жобалау институттарына тапсырыс беру сұралған болатын. Соның нәтижесінде Қарғалы, Жансейіт (бұрынғы «Казсельхозобъединение), Бәйгеқұм, Ақтоған, Телікөл, Еңбекші ауылдарының бас жоспарларын әзірлеуге тапсырыс берілген болатын. Бұл жұмыстарды облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасы жүзеге асырды. Сонымен қатар 1965 жылы әзірленген Шиелі кентінің бас жоспары 1987 жылы қайта әзірлеуді «Казгипроград» мемлекеттік жобалау институты арқылы жүзеге асырылғанды. Шиелі кентінің және де басқа елді мекендерінің бас жоспарларын әзірлеуге қажетті құжаттарды дайындап, жобалау институттарына жіберіп отыру – менің негізгі міндетіме кіретін еді. Алғашқы қызметімді Шиелі кенті Ә.Алтынбеков көшесі бойында салынып жатқан «Ақ қайың» балабақшасы құрылысынан бастадым. Бұл 140 орындық б а л а л а р б а қ ш а с ы н ы ң қ ұ р ы л ы с ы н «Кызылордасельстрой-16» тресіне қарасты №1607 жылжымалы механикаландырылған колонна (ЖМК) жүргізіп жатқан. Сондай-ақ А.Байтұрсынов көшесі бойынан құрылысы басталған осы ЖМК өз құрылысы болып келетін 12 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысына барып, салынуы мен сапасының құрылыс жүргізу нормаларына сай келетінін тексердім. Екі күннен кейін Н.Бекежанов ауылында салынып жатқан 300 орындық клуб үйінің құрылысын тексеруге тура келді. Шиелі кентінде және басқа да елді мекендерде жеке тұрғын үйлердің құрылысы үшін жер телімдерін Бас жоспарларға сәйкес анықтап бөліп беру сәулет бөлімінің міндетіне кіретін еді. Сол кезде Шиелі кентінде жеке тұрғын үйлер салатын жер телімдерінің азаюына сәйкес қосымша жер телімдерін кенттің аумағына қосу үшін арнайы шешімдер қабылданып, кенттің батыс бетінен 10 га жер телімі белгіленіп, облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының геодезистері арнайы келіп, жер телімдерін көшеге ыңғайлап бөліп берді. Соның нәтижесінде кенттің батыс бетіндегі К-4 коллекторының батыс бетінен жүзден астам жеке тұрғын үйлер салынып, шағын аудан пайда болды. Тұрғын үйлердің бас жоспарларға сәйкес салынуын техникархитектор Б.Құлшаев қадағалап отырды. Соның нәтижесінде ашылған көшелер түзу болып, кемшіліктерге жол берілмеді. Ш и е л і а у д а н ы н д а 1 9 5 6 ж ы л ы алғашқы болып «Облмежколхозстрой» бірлестігіне қарасты Шиеліде колхозаралық құрылыс ұйымы құрылған болатын. Сонымен қатар ауданда «Кызылордасельстрой-16» тресіне қарасты №1607 жылжымалы механикаландырылған колонна (ЖМК) «Кызылордаремводстрой» тресіне қарасты №45 ЖМК құрылып, осы аталған мехколонналардың құрылысшылары ауданның елді мекендерінен жүздеген тұрғын үй мен көптеген әлеуметтік мәдени-тұрмыстық ғимаратты салып, халық игілігіне беріп келді. Колхозаралық құрылыс ұйымын алғашқы болып ел құрметіне бөленген Қ.Ботабаев, 1970-1989 жылдары осы құрылыс ұйымын Т.Назаров, М.Егембердиев, К.Сапарбаев, С.Нұркеев басқарып, күрделі құрылыстар салып, ауданның мәдени-экономикалық жағдайын жақсартуға еңбек етіп, өз үлестерін қосқан кәнігі құрылысшылар болатын. Сонымен қатар №1607 ЖМК басқарып, елге қызмет еткен М.И.Хан, В.Ф.Егоров, Ә.Тұрсымбетов, Ш.Кемелов, О.Кемелов, Т.Әбілдаевтар күрделі құрылыстар салып, аянбай еңбек еткен майталман құрылысшылар. Аталған мехколоннада ұзақ жылдар еңбек етіп, ауданның мәдениэкономикалық жағдайының жақсаруына үлестерін қосып, көзге түскен инженертехниктер З.Әбілхаиров, Т.Мырзалиев, А.Сандыбаев, Ү.Күздеубаев, Ғ.Есімов, В.П.Цой, П.Бекзадаев, К.Псанбаев, А.Есенов, С.Өмірәлиев және т.б. өз істерінің шеберлері. Осы №1607 ЖМК абыройын асқақтатқан құрылысшылар «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері К.Жүністаев, тас қалаушылар Ә.Қыдырбеков, Р.Сейтмұратов, Ү.Мәдиев, В.Шепин, С.Каскиев, С.Мырзапиязов, Т.Жағыпаров, сылақшылар Ф.Матушкина, Р.Боговеева, облыстық Кеңестің депутаттары болған Л.Тюжева, Ю.Ким, құрылысқа сол қолын берген аяулы ана Зәуре Асылбекова, Б.Тәшімбетова, Р.Жұмабекова, ағаш ұстасы В.Пустинин, Л.Нам және т.б. басқалар ел құрметіне бөлене білді. Ал «Кызылордаводстрой» тресіне қарасты №31 ЖМК А.Павлов, К.Райымбеков, С.Қаратаев, Г.Ким, Б.Арыстанбаев, В.Хан, С.Садықов, М.Жантөреев, А.Ақбергенов, Х.Бейімбетов басқарып, ел игілігіне көптеген тұрғын үйлер мен әлеуметтік мәдени-тұрмыстық объектілерді пайдалануға берген болатын. Бұл ЖМК аудан шаруашылықтарының ауыл шаруашылығы дақылдарын егетін мыңдаған гектар жер телімдерін инженерлік жүйемен тегістей пайдалануға беріп келді. Соның негізінде аудан шаруашылықтары мол өнімге жыл сайын қол жеткізіп келді. Осы ЖМК инженер-техниктері К.Кембілбаев, Г.Кан, М.Баратов, Ж.Қоңыратбаев, А.Қасымов, Х.Жаппарханов, С.Дәуітбаев, Б.Тәжібаев, К.Исаханов, С.Көбенов, Е.Сүгірбаев, Е.Қалекеев және т.б. ерінбей еңбек еткен инженер-құрылысшылар еді. «Қызылордаремводстрой» тресіне қарасты №45 ЖМК А.Мамбетов, С.Жандарбеков, А.Тоқсанбаев, А.Әбенов басқарып, тұрғын үйлер мен мәдени ғимараттарын салып, халық игілігіне ұсынды. Осы ЖМК-да ұзақ жылдар еңбек етіп, құрылыс жұмыстарын жүргізген инженерқұрылысшылар Е.Әбдіхаимов, Б.Медетбеков, Б.Өтеев, Е.Әбдіхалықов, О.Ибраев және т.б. елеулі еңбек етті. Бұл ЖМК гидротехникалық құрылыстар жүргізіп, аудан елді мекендерін канал суымен қамтамасыз етіп келді. «Облмежколхозстройға» қарасты №47 ЖМК Бәйгеқұм елді мекенінен 50 орындық аурухана, Алмалы ауылынан 624 орындық мектеп пен Алғабас ауылынан 160 орындық балалар бақшасын салып пайдалануға берді. Мекемені Б.Әшіров басқарып, Д.Қабылов және т.б. инженер-құрылысшылар құрылыс жұмыстарын жүргізіп, ел игілігіне аталған объектілерді табыстаған еді. Елімізде 1991 жылы қабылданған мемлекеттік «Тұрғын үй-91» бағдарламасына сәйкес аудандағы барлық мекеме, кәсіпорындар, аудан шаруашылықтары өз қаражатымен жұмысшыларын тұрғын үйлермен қамтамасыз ету мақсатында бес-он үйге дейін салу қаралған болатын. Аудандағы №№31,45 ЖМК колхозаралық құрылыс ұйымы, №1 автотранспорт, «Облсельхозобъединениеге» қарасты №3 автотранспорт мекемелері басшылары Г.Ким, А.Тоқсанбаев, С.Нұркеев, М.Мырзахметов, Ә.Бижанов және т.б. аудандағы кішігірім мекемелер Локомотив депосы (Л.Жаниязов), Казсельхозтехника (М.Жағыпаров), ХРСМУ (Ә.Батырбаев), Облбыт (Н.Әйтпенбетов), Райэлектросеть (Б.Медетбеков), Межхозэнерго (А.Пернебеков) және барлық аудан шаруашылықтары тұрғын үйлер салып, өздерінің қызметкерлерін үй-жаймен қамтамасыз ету қажет болды. «Тұрғын үй-91» бағдарламасын жүзеге асыру кезінде құрылыс жүргізіп, көзге түскен аудан шаруашылықтарының прорабтары Бәйгеқұмнан М.Сыздықов, М.Әлсеріков, Қарғалыдан Е.Абдуллаев, Телікөлден А.Есімов, Қазақстанның 30 жылдығы кеңшарынан С.Нұрымов, Сырдария кеңшарынан Ф.Тәжбенов, Еңбекшіден Д.Нұрбаев, Төңкерістен Б.Рүстемов, Ақмаядан Е.Нұрымов, Н.Бекежановтан Ж.Нақыпов өз тұрғындарын баспанамен қамтамасыз етіп отырды. Жоғарыда аталған барлық мекеме, кәсіпорындар басшысы инженер-техниктері, жұмысшылары қазіргі кезде көпшілігі арамызда жоқ. Ауданда құрылыс саласында аянбай еңбек етіп, тұрғын үйлер мен әлеуметтік мәдени-тұрмыстық ғимараттарды ел игілігіне пайдалануға беріп, өз қолтаңбаларын қалдырған азаматтардың әруағы разы болсын деп жеке-жеке атап кетуді жөн санадым. Аудан көлемінде салынған және келешекте салынатын құрылыс объектілерінің жер телімдерін бас жоспарларға сәйкес анықтап, жер телімінің аумағын белгілеп, аудандық атқару комитетінің шешімін шығарып, қажетті құжаттарды әзірлеп, жобалау институттарына жіберіп отырдық. Шиелі кентінде Ұлы Отан соғысында қаза тапқандарға арнап салынған ескерткіш, орталық алаң, орталық стадион, орталық базар, мәдениет және демалыс паркі, М.Шоқай ескерткіші, Орталық мешіт үйі, орталық алаңның екі жағынан бас қақпа (Арка), Даңқты азаматтарға арнап салынған аллеясын соғуға тікелей басшылық жасап, бір ай ішінде Жеңіс күні қарсаңында пайдалануға беруге мүмкіндік жасадым. Бәйгеқұм ауылындағы №251 орта мектеп құрылысын аяқтауға атсалысып, Шиелі кентін көркейту, абаттандыру жұмыстарына араласып, өз қолтаңбамды қалдырдым. А у д а н д ы қ с ә у л е т ш і қ ы з м е т і н і ң міндеттерімен қатар құрылыс нысандарының сапасы мен жобаға сәйкес салынуын қадағалап, кеткен кемшіліктер туралы арнайы нұсқама (предписание) беріп, орындалуын бақылап отырдым. Шиелі кентінде бой көтерген үш қабатты орталық пошта мен Телекоммуникация ғимаратын және кентте салынған №127, 1296 орындық №48 мектеп және №45 мектептің қосымша құрылысының сапасын тексеріп, құрылыс салушы мердігерлік мекеме жіберген кемшіліктерді тез арада қалпына келтіру жөнінде нұсқама берілген. Құрылысы аяқталған ғимараттарды қабылдайтын аудандық комиссия құрылыс жұмысын жүргізді. Комиссия төрағасы болып алғашқыда М.Пірмаханов, ал 1982 жылдан бастап ауатком төрағасының орынбасары Н.Байқуатов жетекшілік етті. Комиссия мүшелері болып мен Әлтай Қуандық, санэпидстанция бас дәрігері алғашқыда Қ.Сұлтанов, кейіннен Б.Есіркепов, өртке қарсы қызметтен А.Московец, кейіннен Е.Оспанов, азаматтық қорғаныстан С.Бәйімбетов, Электросеть мекемесінен Б.Медетбеков және мердігер мекемелердің басшылары мүшесі болып қабылданды. Сондай-ақ сәулетші қызметіммен қатар «Көктемгі көркейту-көгалдандыру, санитарлық тазалық екі айлығын» өткізу жөнінде аудандық комиссияның хатшылығын қоса атқаруға тура келді. Бұл хатшылықты 1979-1985 жылдар аралығында атқарып келдім. Комиссия төрағасы Б.Жәукебаева апта сайын екі айлықтың барысы жөнінде тиісі мекеме басшыларын жинап, атқарылған жұмыстарды қорытындыласа, мен облыстық комиссияға тиісті мәліметтерді жіберіп отыратынмын. Содан кейін 1995-2000 жылдары ауданда қысқа дайындық жөніндегі аудандық штаб құрылып, оны Н.Палымбетова бекітілген болатын. 1995 жылы аудан әкімі болып келген Ж.Тұрабаев әкімдік қызметін осы ауданда бастаған еді. Ол «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген халық мақалын басшылыққа ала отырып, 1997 жылы «Оқшы Ата» әулиелер кешенінде бүкіл елді жинап, ас беруді қолға алды. Маған осы асқа тігілетін киіз үйлерді орналастыруды тапсырған еді. Асқа тігілетін киіз үйлердің жерін грейдермен тегістеп, 80- ге тарта киіз үйлер мен 150-200 адам сиятын екі-үш жабық палаткаларды орналастырдым. Осы асқа Алматы, Астана, Шымкент, Қызылорда қалаларынан көптеген қонақтар мен 5000-нан астам адам, сонымен қатар облыс әкімі Б.Сапарбаев және облыстың зиялы қауымдары қатысып, аудан әкімінің жасаған игі ісіне ризашылығын білдірген болатын. Аудан әкімі осымен тоқтап қалған жоқ. Ол 1992 жылдан бері құрылысы тоқтап тұрған мешіттің құрылысын одан әрі жалғастырды. Мен осы орталық мешіттің құрылысына бастан-аяқ қатысып, қажетті құрылыс материалдарымен қамтамасыз етілуіне үлесімді қостым. Аудан әкімі өзі басшылық жасап, құрылыс бригадасын жасақтап, қажетті техникалар мен құрылыс материалдарымен қамтамасыз етіп, құрылыс жұмыстары біткенше өзі қадағалап отырды. Мешіт құрылысын жалғастыруға СМП-355 құрылыс мекемесінің сол кездегі бастығы К.Кембілбаев, аудандық су шаруашылығы басқармасының бас инженері Ж.Қоңқаев, Қазақстан Республикасының Құрметті құрылысшысы Т.Әбілдаев, аудан ардагері Ж.Ақмолдаев, И.Байкенжеев, аудан имамы Н.Нақыптегі, құрылыс мамандары Асанхан Мәдиев және Қалдыбек Әбсадықовтың құрылысшылары аянбай еңбек етіп, мешіт құрылысын аяқтауды жүзеге асырды. Менің ауданда жасаған көп жылғы еңбегімді ескере келіп, бірнеше мемлекеттік наградаға ие болдым. 1983 жылы Республикалық Халықтық Бақылау органдарының жұмысына белсене және игілікті қатысқаным үшін Қазақ ССР Халық бақылау комитетінің «Құрмет Грамотасымен» марапатталдым. 1988 жылы ұзақ жылдар бойы жасаған еңбектерімді ескере келіп, КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының атынан «Еңбек ардагері» медалімен, Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 11 қарашадағы Жарлығымен «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 20 жыл» мерекелік медалімен, 1990 жылы Қазақстан Тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамы Орталық Кеңесі Президиумының шешімімен осы қоғамның «Құрметті мүшесі» төсбелгісімен марапатталдым. Атқарып жүрген қызметімді ескере келіп, бес рет облыс әкімдерінің Алғыс хаттарымен, үш рет облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының Құрмет Грамоталарымен, аудан әкімі мен мәслихат хатшысының Алғыс хаттарымен, Шиелі ауданының 80,90 жылдықтары мен даңғайыр диқан, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ы.Жақаевтың 125,130 жылдығы медальдарымен марапатталдым. 2019 жылы еліміздің «Құрылысшылар күні» мерекесі құрметіне Шиелі ауданы әкімінің «Құрмет грамотасымен», 2021 жылы «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 30 жыл» мерекелік медалімен марапатталдым. Мен аудандық сәулетші, сәулет және қала құрылысы бөлімінің меңгерушісі қызметін 27 жылдай атқарып, 2007 жылы аудан әкімі мен облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының «Құрмет грамотасы» мен бағалы сыйлықтарымен марапатталдым. Мен 2007-2009 жылдары зейнеткерлікке шыққан соң да ауданда салынып жатқан мектептердің құрылысына авторлық қадағалаушы ретінде үлесімді қосып келдім. 2010-2020 жылдары аралығында ауданның ардагер құрылысшыларының бастауыш ұйымының төрағасы қызметін жалғастырдым. Ұзақ жылдар бойы сәулет және қала құрылысы саласында үздіксіз еңбек етіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсаруына үлесімді қосқаным үшін, атқарған еңбектерімді ескере келіп, 2023 жылы 80 жасқа толуыма байланысты Қызылорда облысы әкімінің «Құрмет Грамотасы» мен «Қызылорда облысының құрметті ардагері» медалімен марапатталдым. С о н д а й - а қ А м е р и к а д а ғ ы Қ а з а қ Диаспорасының «Бірлік пен Ынтымақ» орденімен марапатталғанымда Америкада тұрып жатқан Қазақ Диаспорасының Президиумы Америка-Қазақ орталығының төрағасы Б.Әріпов арнайы мөрін басып, құттықтаған болатын. Бүгінде жұбайым Тазагүл Сыздыққызымен бірге он бір немере, төрт шөбере сүйіп отырған үлкен әулеттің ақсақалына айналдым. Ұлым Орынбек Әлтай – құрылысшы, қызым Айнұр Әлтай – балабақша меңгерушісі. Өмір жолыма қарасам, туған жерге атқарған қызметім – ең үлкен байлығым екеніне көзім жетеді. Ең бастысы – елдің алғысы, ұрпаққа қалдырған өнеге.
Қуандық ӘЛТАЙ,
Қызылорда облысының құрметті ардагері
Қызылорда облысының құрметті ардагері







