Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БҮГІНГІ КЕЗДЕСУ – ЕРТЕҢГІ ӨЗГЕРІСТІҢ БАСТАУЫ

БҮГІНГІ КЕЗДЕСУ – ЕРТЕҢГІ ӨЗГЕРІСТІҢ БАСТАУЫ

Шиеліде 3 желтоқсан күні таңертеңнен кешке дейін ісшаралар легі үздіксіз жалғасты. «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай аудандағы жобалардың нақты орындалуын өз көзімен көріп, халықпен кездесіп, әлеуметтік бастамалардың нәтижесін бағалады. Бір күнге сыйған кездесу, кәсіпкерлік шеберханаларға бару және жастармен ашық әңгімеге ұласты.

Сапар таңғы сағат 9-да аудан әкімдігінде басталды. Жандос Базартай аудан әкімі Айтбай Жандарбековпен жүздесті. Кездесу барысында әкім атқарылған жұмыстарды нақты деректермен баяндады. – Ауданда «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам», «Жер аманаты», «Ауыл аманаты» жобалары қарқынды жүзеге асырылуда. Мәселен, «Ауыл аманаты» жобасы аясында осы жылдың ақпан айында жалпы соммасы 259,7 млн теңгені құрайтын 38 жоба қаржыландырылды. Қыркүйек айында 16 жоба ұсынылып, 10-ы қолдау тапты. Сонымен қатар қазан айында комиссияға 26 жоба ұсынылып, 20 жоба мақұлданып отыр. Бүгінгі күні жобаларға қаражат аудару жұмыстары толығымен аяқталды. «Жер аманаты» жобасы шеңберінде биылға жоспарланған 4000 гектар артығымен, яғни 6900 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Сайлауалды бағдарламада жоспарланған 54 іс-шараның 40-ы орындалды. Қалғаны орындалу үстінде. Жоспарға сәйкес орындалмау қауіпі бар шаралар жоқ», – деді аудан басшысы. Кездесуде аудан әкімдігі мен партия өкілдері ауыл әкімдерімен диалог, тұрғындар мен кәсіпкерлердің сұраныстарын тыңдау және қолдау көрсету мәселесін талқылады. Аудандағы тұрақты жұмыс пен әлеуметтік бастамалардың тиімділігі партияның халықпен байланысын нығайтып отыр. «Ауыл аманаты» жобасы: кәсіп пен табыстың бастауы Әрмен қарай төраға «Ауыл аманаты» жобасы аясында кәсіпкерлікпен айналысып жүрген азаматтардың жұмысымен танысты. Жоба ауыл азаматтарының табысын арттыруға арналған. Ауданда «Ауыл аманаты» жобасы қарқынды жүзеге асып келеді. Жыл басынан жоба аясында 259,7 млн теңгені қамтитын 38 жоба қаржыландырылған. Қыркүйек айында 16 жоба ұсынылып, 123,6 млн теңгені құрайтын 10 жоба қолдау тапқан. Сонымен қатар қазан айында комиссияға 26 жоба ұсынылып, 20 жоба мақұлданған. Қазіргі таңда жобаларға қаражат аудару жұмыстары толығымен аяқталған. Мысалы, жоба игілігін көріп отырған азаматтардың бірі, көп балалы ана – Нұргүл Бахымова. Ол болашақта өз кәсібін кеңейтуді мақсат етіп отыр. – «Ауыл аманаты» өте керемет жоба. Мен жылдың басында 2,5 пайызбен 9 млн теңге қаржы алып, тігін шеберханасын аштым. Казір түрлі аниматорларға арналған киімдер тігеміз. Екі адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырмын. Өнімдерімізге сұраныс өте көп. Басқа қалаларға жеткізу қызметі де бар. Сондықтан алдағы уақытта жоба аясын кеңейтіп, қосымша жұмысшылар алуды жоспарлап отырмын, – дейді кәсіпкер Н.Бахымова. Партияның облыстық филиалының төрағасы жоба қатысушыларының ұсыныс-пікірлерін де тыңдап, осы бағытта мемлекет және партия тарапынан атқарылатын жұмыстарды жеткізді. Ол өз сөзінде: – «AMANAT» партиясы ауыл азаматтарының табысын арттыру үшін «Ауыл аманаты» жобасын іске қосты. Жоба Мемлекет басшысынан үлкен қолдау тауып, еліміз бойынша іске асырылып жатыр. Президент айтқандай, жаһандану дәуірінде халықты сақтау үшін, ең алдымен, ауылдың ахуалын көтеру керек.
Бүгінде ауылды дамытудың барлық ұйымдастырушылық, қаржылық тетігі жасалып жатыр. Жақында Астанада Мемлекет басшының қатысуымен ауыл әкімдерінің диалог-платформасы өтті. Сонда Президент партияның «Ауыл аманаты» жобасының маңыздылығын, нәтижесін тағы да атап өтіп, 2029 жылға дейін қосымша 600 млрд теңге қаржы бөлінетінін жеткізді. Бұл – көптеген тұрақты жұмыс орны және ауылдағы ағайынның жаңа қажетті жобаларын жүзеге асырып, табыс табуына жасалып отырған үлкен мүмкіндік. Біз партия өкілдері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, маңызды жобаны халыққа жан-жақты жеткізіп, насихаттауымыз керек, – деді Ж.Нұртайұлы. Атап өтейік, аудан орталығында «Ауыл аманаты» жобасы аясында несие алып кәсіп жүргізіп отырған азаматтарды қолдау мақсатында арнайы нысан салынып, олардың өнімін өндіруге қолдау жасалып отыр. Қазір бұл орталықта ЖК «Жұлдызай» – кондитерлік цех, ЖК «Нұрислам» – жарнама агенттігі, ЖК «Бахымова» – аниматорларға арналған тігін шеберханасы, ЖК «Кәусар» – жартылай дайын өнімдері өндіру цехы және ЖК «Орда» – қағаз майлықтар шығару цехы орналасқан. Партия активімен кездесу: есеп пен жаңа міндеттер Сапардың келесі бағыты – партия активімен кездесу. Жандос Базартай атқарылған жұмыстарды тыңдап, болашақ жоспарларды жариялады. Негізгі міндеттер қатарында: Сайлауалды уәделердің орындалуын қатаң бақылау, қоғамдық қабылдауға түскен өтініштердің оң шешілуін қамтамасыз ету, бастауыш ұйымдардың жұмысын күшейту және партиялық жобаларды тиімді жүзеге асыру, ауыл әкімдерінің жауапкершілігін арттыру болды. Кездесу соңында жаңадан қабылданған партия мүшелеріне билеттер табысталды, белсенділер алғыс хатпен марапатталды. Аталған шара партияның қоғаммен байланысын одан әрі нығайтып, жергілікті деңгейде халыққа тиімді қызмет көрсетуге бағытталғанын көрсетті. Ерекше балаларға қамқорлық 3 желтоқсан – Халықаралық мүмкіндігі шектеулі жандар күніне орай партия төрағасы «Тең қоғам» орталығына барып, ерекше балалармен кездесті. Балалардың өнері, олардың көзіндегі үміт – жүрекке жылу сыйлады. Жандос Базартай ата-аналар мен ұстаздарға алғысын білдіріп, білім алушыларға мерекелік сыйлықтар табыс етті. «Әр бала – біздің ортақ болашағымыз. Олардың дамуына жағдай жасау – баршамыздың міндетіміз», – деді филиал төрағасы. Осы тұста орталық директоры Асылбек Смаиловтың еңбегі де лайықты атап өтілді. Ол өмірдің қиыншылығына қарамастан, балалардың сапалы білім алуы мен әлеуетін ашуға бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп келеді. Ерікті жастар ескерусіз қалмады Индустриалды-аграрлық колледжде өткен кездесуде жастар өз ойлары мен ұсыныстарын білдірді. Басқосуда филиал төрағасы жалпы партияның Жастар қанаты атқарған жұмыстарға оң бағасын беріп, елімізде мемлекет, партия тарапынан жастарды қолдауға бағытталып жатқан жұмыстарды жеткізді. – Жастар қай заманда да қоғамның қозғаушы күші. Болашақ жастардың қолында. Сондықтан сіздерге қойылар талап та, міндет те, сенім де жоғары. Бұл талаптардан мүдірмей өту үшін барлық мүмкіндік жасалып жатыр. Соны дұрыс жағына пайдаланып, елдің дамуы жолында аянбай, белсенді еңбек етуге шақырамын, – деді ол. Іс-шара барысында партияның облыстық филиалының төрағасы 5 желтоқсан – Халықаралық волонтерлер күні мерекесіне орай ерікті істерге белсенді қатысып, волонтерік қозғалысты дамытуға және қолдауға, сондай-ақ әлеуметтік және қоғамдық пайдалы міндеттерді шешуге елеулі үлес қосып жүрген бірқатар аудан жастарын арнайы алғыс хатпен марапаттады. Атап айтқанда, Г.Н.Ковтунов атындағы №252 мектеп-гимназиясының 10-шы сынып оқушылары Жанерке Ұзақбай мен Самал Сәкенқызы да белсенділіктері мен қоғамдық жұмыстарға қосқан үлестері үшін құрметке ие болды. Жалпы кездесуде жастармен ашық пікір алмасу болып, олар өздерін толғандырған сауалдарға жауап алды. Партия мүлкіне жауапкершілікпен қарау тапсырылды Сапар соңында Жандос Базартай аудандық филиал мен «Атамекен» бастауыш ұйымының жұмысымен танысты. Партияның Шиелі аудандық филиалы ғимаратының ірге тасы 2009 жылы қаланған. Жалпы ауданы 131 кв метрді құрайды. Мұнда мәжіліс залы, қызметкерлер үшін 2 жұмыс бөлмесі қаралған. «Атамекен» бастауыш ұйымына келсек, ол кент орталығындағы «Арман» мәдениет үйінде орналасқан. Ұйымда 340 партия мүшесі бар. Ұйым төрағасы аудандық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі – Нұргүл Шалекеева. Бастауыш ұйымның жетістігі – 2024 жылғы «Үздік бастауыш партия ұйымы» облыстық байқауында ІІ орын иеленуі, бұл оның жұмысының сапасын көрсетеді. Танысу барысында төраға ғимаратты, партия мүлкін күтіп ұстау, материалдық қорды жаңартып отыру, бастауыш ұйым жұмысын жетілдіру, ұйым мүшелерін қолдау бағытында нақты міндеттер жүктеді. Тілші түйіні: Шиеліде өткен жұмыс сапары – көзбен көріп, баға беруге тұрарлық нақты өзгерістердің күні болды. Бір күнге сыйған кездесулер мен ісшаралар ауыл кәсіпкерлігінің дамуын, әлеуметтік қолдаудың жүйеленгенін, жастар мен ерекше балаларға көрсетілген қамқорлықты айқын көрсетті. Партия ұйымдары өз міндеттерін абыроймен атқарып, халықтың сенімін нығайту жолында нақты қадамдар жасады. Нақты іс – айқын нәтиже, айқын нәтиже – халыққа көрсетілген сенім. Бүгінгі көзбен көргеніміз – ертеңгі өзгерістің бастауы. Шиелідегі сапар өңірге жаңа серпін беріп, ауыл азаматтарының, жастардың және балалардың болашағына деген сенімді арттырды.

Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ


06 желтоқсан 2025 ж. 29 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9361)

09 желтоқсан 2025 ж.

№93 (9360)

06 желтоқсан 2025 ж.

№92 (9359)

02 желтоқсан 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031