Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » МАҢДАЙ ТЕРДІҢ МӘРТЕБЕСІ

МАҢДАЙ ТЕРДІҢ МӘРТЕБЕСІ

Ес білгелі таңғы тыныштықты бұзатын жалғыз дыбыс – үйдің тұсына гүр етіп тоқтаған көліктің үні еді. Ол – диқандарды егіс алқабына жеткізетін, шаң басқан жүк көлігі. Көлікті күтіп тұрған Гүлсім апа құрал-сайманын тиеп, кабинаға отыра кетеді. Иә, сол бір қимылы ширақ, үнемі күнге тотыққан бетінде күлкісі ойнап тұратын еңбек адамы. Таң қылаң бере шығып, қара кеш батқанша егіс басында жүрген қайратты әйелдің бейнесі балалық жадымда мәңгі қалды.

Кешкісін көз іліне бергенде тағы сол көліктің гүрілі. Бір сәтке де тоқтамайтын еңбек, бір күн де демалыссыз өтетін маусым. Ол кезде бұл біз үшін әшейін көрініс еді. Ал қазір сол күндердің маңызын, Гүлсім апаның қара жермен біте қайнасып кеткен ғұмырын ойлағанда – күріштің дәміндей терлі тағдырдың иісі сезіледі. Гүлсім Әбілқасымқызының бригадасында нағашы әжем аспазшы болып біраз уақыт еңбек етті. Жазғы демалыста сол әжемнің соңынан еріп, егіс даласына бару – мен үшін үлкен қызық болатын. Табиғаттың төсінде, барақ ішінде самаурын қайнап, үлкен табада нан жабылып, қазан көтерілетін. Сол кезде дайындалған қарапайым ғана макаронның дәмі әлі күнге дейін аузымнан кетпейді. Кәдімгі макарон, бірақ маған нағыз керемет ас сияқты көрінетін. Кейде ойлаймын: бәлкім, ол тамақтың тәттілігі – тек дәмінде емес, маңдай термен келген еңбек дәмі болған соң ба екен? Егін алқабы, еңбек адамдары, диқандардың бірлігі мен маңдайдан аққан тер – бәрі сол бір табақ тамақпен бірге сезілетін. Әжемнің қайнаған қазаны мен Гүлсім апа бастаған бригада – ауылдың шынайы тіршілігінің жүрегі еді. Бүгін сол күндерді сағынышпен еске алып отырып, еңбектің нағыз құнын түсіне бастайсың. Барақтағы макарон – балалықтың дәмі ғана емес, еңбекке деген алғашқы құрметтің белгісі болып жүректе қалған екен. Содан бері отыз жылға жуық уақыт өтіпті. Төркінге жол түскен сайын сол көріністі тағы бір көруге асығамын. Таңғы салқынмен тағы сол көлік, тағы сол бағыт, тізгінде – Гүлсім апа. Бәрі өзгеріп жатыр – адамдар, заман, тұрмыс, техника. Бірақ Гүлсім апа өзгермеген. Әлі сол еңбекқор күйінде. Маңдай терін күріш алқабына төгіп жүргеніне қарап, нағыз төзім мен адалдықтың үлгісін көргендей боласың. Иә, Гүлсім Дәрібаеваның «Ақмая» шаруа қожалығында еңбек етіп келе жатқанына қырық жылға жуықтады. Жұмысшы мамандықтар жылына орай бейсенбі күні «Арман» мәдениет үйінде еңбек адамының ерен бейнесін танытатын ерекше кездесу өтті. «Дала жұлдызымен» жүздесу кешінің қонағы – ұзақ жыл бойы диқаншылықпен айналысып, маңдай терімен өңірдің дамуына үлес қосқан Гүлсім Әбілқасымқызы болды. Шараны мәдениет үйінің директоры Нұргүл Шалекеева жүргізіп, сұрақ-жауап форматы аясында қонақтың болмысын кеңінен ашты. Кеш барысында Гүлсім апа өз өмір жолын, еңбекке алғаш араласқан сәтінен бастап, бүгінге дейінгі елге сіңірген еңбегін әсерлі түрде баяндап берді. Жиналған көрермен оның табандылығына, адалдығына және қарапайымдылығына тәнті болды. Әсіресе жастар қауымы үшін бұл кездесу – еңбекке деген құрметтің, табысқа тек маңдай термен жетуге болатынының нақты үлгісі болды. Мәдени шарада еңбек адамын ұлықтаудың маңызы ерекше атап өтіліп, «Дала жұлдызы» атанған Гүлсім Дәрібаеваға құрмет көрсетілді. Кеш соңында қатысушылар естелік суретке түсіп, апайға алғысын білдірді. – Тоғызыншы сыныпта бізде трактор сабағы болатын. Сол сабаққа қызықтым. Ол кезде ­Жадыра Таспамбетова апамыз механизатор болып жұмыс істейтін. Сол кісінің салған сара жолын таңдап, мектепті бітіре салысымен комсомол жастар бригадасына жұмысшы болып кірдім. 1986 жылы трактордың рөліне отырып, 6 жыл трактор айдадым, күріш те, бидай да ектік. Ол уақыт апталық деген болатын. Тракторды кім көп айдайды, соған сай басшылықтың ұсынысымен жоғары марапаттар алып, жұлдыз тағатын. Жетістікке жету үшін таңның атысы мен күннің батысы жұмыс істедік, – дейді диқан апа. – Күріш егу оңай емес. Баланы қырқынан шығарғандай, қырық күнге дейін мәпелемесең, азанда-кешке суын тексеріп, тереңдігін қарамасаң болмайды. Мен өз ұжымыммен мақтанамын. Ұжымда жасы 75-ке келген Пак Герасим деген зейнеткер ағамыз бар. Екі рет озат болған. Сәулебек Әлтаев деген ағамыз бар. Ол да жетпіске жақындаса да әлі күріш егіп келе жатыр. Кейде «болды біз енді демалайық» дейді, мен әзіл-шыны аралас «Мен зейнетке шыққан соң бірге демаламыз» деймін. Себебі ол кісілерде тәжірибе мол, оның үстіне аға буыннан үйреніп, ізін жалғар жастар да жоқтың қасы. Себебі егінге деген қызығушылық төмен. Сол себепті «Дипломмен ауылға» бағдарламасына егінші жастарды да қосса деген ұсынысым бар, – дейді ол. Еңбек десе ерінбейтін Гүлсім Дәрібаеваның маңдай тері марапатсыз қалмады. 2017 жылы «Ерен еңбек» медалін кеудесіне тақты. «Дала гүлінің» дамылсыз еңбегінің ескерілгені болар, 2020 жылы «Үздік бригадир» атанып, Chevrolet Niva автокөлігін мінді. Ала жаздай маңдайын күнге, табанын жерге сүйдірген еңбекші қыз 2022 жылы «Құрмет грамотасына» лайық деп танылды. Ал 2023 жылы ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденін Президенттің өзі табыстады. Қамбаны қызылға толтырып, ақ күріштен күмістей тау тұрғызатын еңбек адамына қалай сый көрсетсек те жарасымды-ақ. Сондықтан да қыз ғұмырының 40 жылын агро салаға арнаған Гүлсім Әбілқасымқызына «Дала жұлдызы» номинациясын берген болар. Жуырда ғана еңбек күні мерекесі аясында Гүлсім Дәрібаева «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациясы бойынша «Алтын» жүлденің иегері атанып, аудан мерейін асқақтатты. Гүлсім апа – бір ғана адамның тағдыры емес, бүтін бір дәуірдің бейнесі. Оның тіршілігі, табандылығы – ауылдағы еңбек адамдарының шынайы символы. Бүгінде ондай бейнеттің де, бейненің де сирек екенін сеземіз. Бірақ ауыл шежіресінде Гүлсім Дәрібаеваның аты алтын әріппен жазылып қалары анық.

Гүлхан ЯХИЯ

25 қараша 2025 ж. 40 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№90 (9357)

25 қараша 2025 ж.

№89 (9356)

22 қараша 2025 ж.

№88 (9355)

18 қараша 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930