ЖАҢАШЫЛ МАМАН – ЗАМАН ТАЛАБЫ
Әлемдік журналистика дәл қазіргі уақытта күн сайын емес, сағат сайын өзгеріп жатыр десек, қателесе қоймаймыз. Жаңа трендтерді, жасанды интелектіні игермесең, нарыққа бейімделмесең, көш соңында қалып қоюың, тіпті ешкімге керек болмай қалуың да ғажап емес. Бұл тұрғыда 2014 жылдың 11 қарашасында өз жұмысын бастаған «Түркітілдес журналистер қорының» (президенті Нәзия Жоямергенқызы) қазақ журналистеріне жасап жатқан қамқорлығы ұшан-теңіз. Қордың жанынан Қазақстандағы Әйел журналистер клубы, Жас журналистер мектебі, Медиа тренерлер мектебі ашылған. Басты мақсаты – қазақ тілінде хабар тарататын БАҚ өкілдерінің кәсіби білігін арттыру. Жақында Алматы қаласында қордың «Түркі әлемінің медиа кеңістігі: жаңа дәуірдегі міндеттер мен мүмкіндіктер» тақырыбындағы VI-шы халықаралық медиафорум болып өтті. Оңтүстік астанада өте жоғарғы деңгейде ұйымдастырылған, айтулы шараға Түркия, Германия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен және Қазақстанның мықты медиа менеджелері, журналистері қатысып өз тәжірбиелерімен бөлісті. Еліміздің барлық аймақтарынан келіп форумға қатысқан жүзден аса жорналшылар, пиаршылар, баспасөз хатшылары, журналистика факультетінің мұғалімдері мен студенттері өз білімдерін жоғарылатып, зейіндерін кеңейтуге тамаша мүмкіндік алды. Форумда «Медиа және мәдени бірегейлік: БАҚ арқылы түркі әлемінің байланысын нығайту», «Түркі елдері арасындағы цифрлық көпір: PRдағы жаңа технологиялар, платформалар және құралдар», «Медиа бизнестегі тұрақтылық пен инновациялар: болашақтың моделі», «Жаңа дәуір шындығы: БАҚ-тағы жасанды интеллект» тақырыбындағы отырыста түркі әлемі медиасында ортақ ақпараттық алаң қалыптастыру жолдары, мәдени мұралар арқылы түркінің ұлттық құндылықтарын насихаттау, түркі мемлекеттерінің әлемдік аренадағы имиджін нығайту үшін PR стратегиясын үйлестіру, БАҚ-тағы кіріс көзін диверсификациялау, ақпаратты табыс көзіне айналдырудың жолдары, контент дайындау және өңдеу процестерінде жасанды интеллектті пайдалану сияқты өзекті мәселер бойынша танымды да, қызықты сессиялар болып өтті. «Alatau Aqparat» медиахолдингінің креативті директоры Қуаныш Ермекова медиаэкожүйенің жаңа моделін түсіндірді. Спикердің сөзінше, ең алдымен: «Біз не сатамыз?» деген сұраққа жауап беру керек, өйткені бұрын медиа тек газет арқылы табыс тапса, қазір жағдай мүлде өзгерген. «Газет – біздің негізгі, дәстүрлі ресурсымыз. Бірақ қазір табыс тек қағаздан емес, тұтас медиаэкожүйеден келеді. Қазіргі модельді «газет → сайт → әлеуметтік желілер» тізбегіне теңеді және бұл жүйенің негізгі капиталы – аудитория екенін атап өту керек. Біз жарнама берушілерге контент емес, осы контент арқылы жиналған аудитория мен олардың назарын ұсынамыз», – деді Қуаныш Ермекова. Сарапшының айтуынша, газет ісінде дәстүрлі тарату жолдары да сақталып отыр. Газеттер қазір Air Astana бизнес-классында, «Тальго» пойыздарында, қонақүйлер мен мәдениет нысандарында ұсынылады. Оның сөзінше, аудитория табыстың негізгі факторы ретінде үш түрлі аудиторияны атап өтуге болады. «Бірінші, талқылайтын аудитория – пікір жазады, сториске жауап береді. Екінші, сатып алатын аудитория – айдарға енуге, жарнама беруге мүдделі. Үшінші, брендке байланған аудитория – Aqsham.news пен Vecher.kz-ті қала туралы басты ақпарат көзі деп қабылдайды. Егер аудитория медиаға сенсе, ол брендтен алыстамайды. Ал бұл – тікелей табыс», – деді спикер. Медиафорум шеңберінде ұйымдастырылған «Әлеуметтік журналистика: БАҚ-тағы әлеуметтік мәселелер» тақырыбындағы семинар-тренингте Германиядағы «Неміс толқыны» телеарнасы Түрік редакциясының директоры Эркан Арыкан «Deutsche Welle»: жасанды интеллект көмегімен жасалған жалған видеоларды анықтау» тақырыбына шеберлік сабағын өткізді. Сондай-ақ, «Түркітілдес журналистер қоры» ҚҚ «Шеврон» компаниясы серіктестігінде ұйымдастырған «Әлеумет – қоғам айнасы»-2025 байқауы мен «Halyk Bank» АҚ серіктестігінде ұйымдастырған «Еркін сөз»-2025 байқауының жеңімпаздары марапатталды. Тағы бір қуанарлық жәйт, форум аясында ұлттық ойын тоғызқұмалақтан жарыс ұйымдастырылып, ол болашақта дәстүрлі түрде өтетін болды. Мақсұт ИБРАШЕВ








