Қазақстанда тұңғыш халықаралық журналистика мектебі ашылады
ҚР Президентінің Телерадиокешені мен Maqsut Narikbayev University Қазақстанның бәсекеге қабілетті БАҚ дайындау саласында ынтымақтастық орнатты деп хабарлады turkystan.kz.
Меморандумға ТРК Бас директоры Раушан Қажыбаева мен Maqsut Narikbayev University Басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев қол қойды.
Аталған құжат талантты жастарды қолдау мен кәсіби дамытудағы, қоғам мен мемлекеттің заманауи коммуникативтік сұраныстарына жауап беретін журналистік корпусты қалыптастырудағы маңызды қадамның бірі.
Сәт сайын өзгеретін медиа нарығы жағдайында кәсіби білімнің өзектілігі, елде және әлемде болып жатқан жаһандық үдерістердегі БАҚ-тың әлеуметтік, мәдени, саяси, экономикалық рөлі артып келеді. Осы тұрғыда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық БАҚ алдына нақты міндеттер қойып отыр.
«Бұқаралық ақпарат құралдары қоғамдық сананы жаңғыртып, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруда басты рөл атқаруы қажет. Масс-медианың ақпарат кеңістігінде озық идеялар мен көзқарастарды ілгерілетуде мүмкіндігі мол. Сондықтан журналистердің қоғамда еңбек пен кәсібилік культінің орнығуына, азаматтардың бойында өз елінің тағдырына деген жауапкершілік сезімін қалыптастыруға атсалысуы маңызды», – деп Мемлекет басшысы БАҚ қызметкерлерінің кәсіби мерекесімен құттықтауында ерекше атап өтті.
Халықаралық журналистика мектебінің білім беру бағдарламасында бұқаралық ақпарат құралдарының соңғы тенденцияларына сәйкес журналистиканың заманауи әдістерін оқытуға ерекше мән беріледі. Тәжірибе үшін мұндай мүмкіндіктерді «Jibek Joly» телеарнасы, «ҚазАқпарат» ХАА, Деректі кино орталығының платформасы ұсынады.
«Жобаның бірегейлігі – біздің медиа мектебіміз қоғам мен мемлекет сұранысына сай журналистік корпусты толықтыратын кәсіби жоғары мамандандырылған медиа мамандарын дайындайды», – деді ҚР Президенті Телерадиокешенінің басшысы.
Халықаралық журналистика мектебі студенттерге кәсіби дамудың үлкен мүмкіндіктерін ұсынады. Оған тәжірибелер, жетекші медиа менеджерлер мен сарапшылар қауымдастығының шеберлік сағаттары кіреді.
«Maqsut Narikbayev University жетекші халықаралық оқу орындарымен белсенді ынтымақтастық орнатқан. Бұл озық әлемдік тәжірибені қолдануға мүмкіндік береді. Біздің жоба Қазақстан журналистикасының дамуына, БАҚ мамандарының жаңа буынын дайындауға септігін тигізетініне сенімдіміз», – деді Талғат Нәрікбаев.