Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » КӨК ТУҒА ТАҒДЫР БАЙЛАҒАН БАЛУАНДАР

КӨК ТУҒА ТАҒДЫР БАЙЛАҒАН БАЛУАНДАР

Көк ту көтерілген сәт – жүрек дүрсілімен үндесетін сәт. Бұл тек спортшының емес, бүтін бір елдің жеңісі. Әнұран әуелегенде бойды мақтаныш кернейді, көзге қуаныштың жасы келеді. Сол сәтте сен – өзіңді емес, еліңді сезінесің. Осындай рух пен намыстың биігіне шыққан екі чемпион – Айдос Сұлтанғали мен Бекжан Төлепов туған жер төрінде халық құрметіне бөленді.

Сейсенбі күні Шиелі аудандық прокуратурасы ұйымдастырған «Заң мен тәртіп – қауіпсіз Қазақстан» акциясы аясындағы бұл кеш – тек ресми шара емес, нағыз ел рухын көтерген мерейлі кездесу болды. «Арман» мәдениет үйінің сахнасы сол күні мақтаныш пен ризашылықтың айрықша алаңына айналды. Жиынды аудан әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов жүргізіп, аудан прокуроры Нұрбек Қаратаев, спорт ардагерлері, жаттықтырушылар мен жас спортшылар қатысып, рухты әңгімелерге куә болды. Кездесудің басты мақсаты – жастардың бойында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, құқық бұзушылықтың алдын алуға және қоғамда жауапкершілік сезімін арттыруға септігін тигізу. Сондай-ақ жастардың спортқа қызығушылығын арттырып, оларға дұрыс бағыт-бағдар беру. Басқосуда сөз алған аудан прокуроры Нұрбек Қаратаев әлем чемпиондарының жеңісі – қазақ спортының жаңа белесі, әрі жас ұрпаққа үлгі екенін айтып: – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, спорт – елдің мәртебесі. Біз чемпиондарымызды әрдайым мақтан тұтамыз. Қос бірдей азаматы әлем чемпионы атанды деген хабарды естігенде төбеміз көкке жеткендей, бойымызды айрықша қуаныш кернеді. Байрақты бәсекеде әлемді аузына қаратып, тізе бүктіру бірінші кезекте тәжірибеге, шеберлікке байланысты болса, содан кейінгі кезекте өр намыстың арқасы деп білемін. Кез келгеннің уысына түсе бермейтін сіздердің айқын жеңістеріңіз барша қазақ елінің жеңісі, оның ішінде Сыр елінің зор мақтанышы, – деп түйіндеді. Оның бұл сөзі залдағы жастардың жүрегіне сенім ұялатты. Өйткені жеңіс – тек еңбек пен тәжірибенің жемісі емес, ол – өр намыс пен рухтың жеңісі. Сонан соң кездесуде спортшылар мен сала ардагерлері де сөз алып, әлемдік аренада көк байрақты көкте желбіретіп, әуезді Әнұранды шырқатқан спортшыларға өз алғыстарын айтып, алдаға уақытта Олимпиада шыңын бағындыруға тілектестік білдірді.Кездесудің ең әсерлі сәті – жастардың сұрақ-жауап кезеңі болды. Жас спортшылар чемпиондардан тек техника емес, өмірдің философиясын үйренді. – Жеңіс – мәреге жету емес, жаңа бастаманың басы. Бір рет жеңдік деп тоқтап қалуға болмайды. Еңбек пен тәртіп – спорттың да, өмірдің де өзегі, – деді Айдос Сұлтанғали жасөспірімдерге қарата. Бекжан да сөзін жалғап: – Күрес кілемі – өмірдің айнасы. Онда тек күш емес, сабыр мен сенім сыналады. Ең бастысы – ел сенімін ақтау, – деді. Айдос Сұлтанғали – Хорватияның Загреб қаласында өткен грек-рим күресінен әлем чемпионатында жеңіске жетіп, 26 жыл бойы аңсаған алтын медальді елге әкелді. Бұл – тек спорттық рекорд емес, тұтас бір дәуірдің үзіліп қалған үмітін қайта жалғау еді. Ал Бекжан Төлепов – қазақ күресінің хас шебері, дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпазы. Ол боз кілемде қарсыласына төтеп беріп қана қоймай, қазақ рухын әлемге паш етті. Сол күні олар боз кілемнен емес, халық алдында тұрып, туған жердің ыстық ықыласына бөленді. – Жеңіс тұғырынан көрініп, туды көкке көтеру – спорт саласында жүрген әрбір қазақ баласының арманы. Жеңіс бізді алға жетелейді. Бір рет жеңіске жеттік деп тоқтап қалмауымыз керек. Әрі қарай да өзімізді жан-жақты шыңдап, жеңіске жету жолында аянбай еңбек етеміз. Сенімдеріңізді ақтауға барлық күш-жігерімізді саламыз, – дейді спортшылар. Шара соңында чемпиондарға аудан әкімінің атынан Алғыс хат табысталып, қазақтың ежелгі дәстүрі бойынша ат мінгізіліп, құрмет көрсетілді. Сондай-ақ спорт ардагері Садық Ермағанбетұлы батасын беріп, жастарға ізгі тілегін арнады: – Көк ту сендердің иықтарыңда желбіресін! Рухтарың түспесін, еңбектерің елге өнеге болсын, – деп ақ батасын берді. Бұл кездесу – спорт пен рухтың, заң мен намыстың тоғысқан тұсы іспетті. Әлем чемпионы атану – үлкен ерлік, ал туған жердің батасын алу – одан да үлкен мәртебе. Айдос пен Бекжанның жеңісі – жеке табыс емес, қазақ рухының жеңісі. Олар өз еңбегімен елге сенім ұялатты, жастарға бағыт көрсетті, намыстың не екенін ісімен дәлелдеді. Бәлкім, дәл осы кеш Шиелінің бір баласының жүрегіне от тастап, ертеңгі чемпионның жолын ашқан шығар. Өйткені рух пен намыс бар жерде жеңіс ешқашан алыс емес.

М.ИБРАГИМ

10 қараша 2025 ж. 37 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№85 (9352)

10 қараша 2025 ж.

№84 (9351)

04 қараша 2025 ж.

№83 (9350)

01 қараша 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930