СҰЛУ СӨЗДІҢ СҰЛТАНЫ

Нұрғиса Тілендиев – қазақ өнерінің мәңгілік шамшырағы. Ұлы композитор халқымыздың тарихы мен тағдырын, қуанышы мен қайғысын, арман-мұратын өнермен өрнектеп, артында мол мұра қалдырды. Оның «Әлқисса», «Аққу», «Махамбет», «Құстар қайтып барады» сынды туындылары халқымыздың рухани қазынасына айналды. Мерейтой аясында «Ұлы даланың Нұрғисасы» атты, қазақтың ұлы композиторы, дирижері, домбырашы, КСРО халық әртісі, «Отырар сазы» оркестрінің негізін қалаушы Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған Халықаралық ақындар айтысы өтті. Суырып салма сөз додасында Сыр бойында туып, Сарыарқаны құтты қоныс қылған Мейірбек Сұлтанханның бабы мен бағы оза шауып, айтыс сүйер ағайынның ризашылығына бөленіп қайтты. Әуелі қырғыз ақынымен айтысып, одан басым түскен Мейірбек финалда адуынды айтыскер Аспанбек Шұғатаевпен сөз қағыстырып, бас жүлдеге тігілген темір тұлпарды жеңіп алды. Мейірбек Сұлтанхан, Халықаралық айтыстың жеңімпазы: – Ең бастысы осындай іс-шараны ұйымдастырған, өтуіне мұрындық болған ел азаматтарына, тапжылмай кешке дейін айтыс көрген Жамбылдың жырсүйер жұртына мың алғыс! Сүйінбайдың елі, Жамбылдың елі, ақындар мен батырдың елі өнерді қалай құрметтеу керек екенін, айтысты қалай қадірлеу керек екенін бүгін бір дәлелдеді деп ойлаймыз, – деді тақымына тер қатпаған тұлпар, ақтаңгер ақын. Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған мерейтой – ел мәдениетіне, рухани сабақтастыққа деген құрмет пен мақтаныштың айғағы. Оның халық арасында өшпес мұрасын насихаттау, ел жадына сіңіру – бүгінгі ұрпақтың маңызды міндеті екені анық. Ал сол торқалы тойдың төбелі төрінен көрініп, төл өнеріміздің тағы бір биік белесін бағындырған жерлесіміз, сұлу сөздің сырдағы сұлтаны Мейірбекке шығармашылық шалқар табыс тілейміз.
М.ИБРАГИМ