Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сиқырлы саусақтар

Сиқырлы саусақтар

Қазақстанның еңбек сіңірген артиси», белгілі күйші, сазгер Қошқарбек Тасбергеновтың өмірден өткеніне он жыл толуына орай ұйымдастырылған аудандық «Өнер мектебінің» еске алу кешіне барғанымызға қуандық. Мектепке жақындай бергеннен-ақ Қадыр Мырзалиев ақын «Нағыз Қазақ – Қазақ емес, нағыз Қазақ – домбыра» деп жырлағандай, күмбірлеген күй үні домбыра – сыр, домбыра – күй, домбыра – құдырет, домбыра – Қошқарбек деп жатқандай өнер мектебінің көгінде шалқып тұрды. Күй тартып жатқан мектептің мұғалімдерінен құралған оркестр еді.
Қошқарбектің отбасын жақсы білемін, бір ауылданбыз, өнер жағынан да жақындығымыз бар. Қазіргі Бала би ауылының бізге дейінгі үлкендері оның әкесі Тасберген ағамыздың да, анасы Күлпан апамыздың да, ағасы Ержігіт, апасы Күлайхан, қарындасы Райхан, інілері Пернехан мен Ермаханның да күй тартып, өлең айтып, шетінен күйшілер екенін баяғыдан айтып отыратын. Оны біз де көріп, естіп өстік.
Қошқарбек Тасбергенов 1954 жылы қазіргі Бала би ауылында домбырашылар шаңырағында дүниеге келген. Осындағы №50 Абай атындағы мектептің түлегі. Өзі өмірде қандай қарапайым болса, өнердегі жолы да қарапайымдылығымен танылды. Қошқарбек – өлмес өнерімен Сыр бойының даңқын шығарып, қазақтың қара домбырасын әлемге паш еткен дара тұлға. Ол қазақ елінің ұлт-аспаптық музыкасын насихаттау мақсатында ТМД елдерінің барлығында, сондай-ақ Швеция, Португалия, Швейцария, Австрия, Филлиппин, Корея, Түркия, Пәкістан т.б. шетелдерде болып, қасиетті домбырамыздың үнін күмбірлетіп, еріксіз қол шапалақтатқан. Қ.Тасбергенов Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваториясының оркестр факультетін бітірген. Мамандығы – оқытушы, концерт орындаушысы. 1972 жылдан бастап Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясы ұлттық аспаптар оркестрінің домбырашысы, солисті, концертмейстрі болды. 1992-2002 жылдары Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының концертмейстрі. 2002 жылдан бас­тап Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының доценті қызметтерін атқарған.
Қошқарбек өнер әлемінде, музыканттар арасында, оркестр құрамында, жалпы Алматы қаласында Бек деген атпен танымал болған. Оны ұстаздары Нұрғиса Тілендиев те, Шамғон Қажығалиев та Бек деп еркелетіп, мерейін үстем етіп отырған. Оның сиқырлы, салалы саусақтарына бас изеп қояды екен. Қошқарбектің Бек атануы да содан болар. Ол ұстаздарының дарынды шәкірті саналды. Бек Тасбергенов бірінші Республикалық Құрманғазы атындағы күйшілер конкурсының лауреаты, 1-орын иегері. 1992 жылы Қазақтың Мемлекеттік фольклорды-этнографиялық «Отырар сазы» оркестріне КСРО халық әртісі, оркестрдің бас дирижері, көркемдік жетекшісі Нұрғиса Тілендиевтің шақыруымен домбырашы болып қызмет атқарған. Кейіннен оркестрдің бас концертмейстрі болып жұмыс жасаған. Осы оркестрде 2003 жылға дейін еңбек етеді. Оған 1995 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген артисі» деген құрметті атақ беріледі. Нұрғиса Тілендиев Қошқарбекті оркестрдің бегі, төресі санаған. «Отырар сазының» «Күй шашу» атты концертінде Н.Тілендиев тұрып: «Мына мен өмірімде Ахаңсыз (Ахмет Жұбанов) сөйлемейтінмін, дирижерлық етпейтінмін. Ахаңның арқасында өнеріміз дамыды. Ахаң өмірімде қадірлейтін адамым, менің өмірімде бағынатын пайғамбарым. Көптеген таланттар дүниеге келді. Ахаң болмаса, ана тұрған Қаршыға, мына тұрған Бек туа ма?! Құрманғазы, «Отырар сазы» туар ма еді? Қолымдағы домбыраны 1937 жылы маған Ахмет Жұбановтың өзі сыйлаған. Енді осы домбырамен баяғы «Әлқиссаны» тартып берейін. «Әлқисса», орындайтын Нұрғиса» деп, күйді күмбірлете жөнелген еді. Сонда Бек оркестр құрамында бірінші домбырада ойнап «Әлқиссаның» иірімдерін бір қайырып, оны Нұрғиса жалғап кетіп, одан екеуі қосыла кетіп, сосын оркестр қостай кеткенде «Әлқисса» күйінің шежіресі шертілгендей, сазды үн санамызға құйылғандай болғаны рас.
1973 жылы Бек ауылға демалысқа келді. Ол менің Көркем інімнің сыныптасы болатын. Менде бұрынғы ескі магнитофон барын естіп келіпті. Содан мен диктор болып сөйлеп, Қошқарбектің орындауында Құрманғазы мен Динаның он-он бес күйін лентаға жазып алдым. Кейін оны Нартай өнер мектебінің директоры Құрманбек Бекпейісовке табыс еттім. Дарынды домбырашы Қ.Тасбергенов ұзақ жылдар бойы өзі тәмамдаған Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияда қызмет етті. Саналы ғұмырын халық музыкасына арнаған өнер иесі – Нұрғиса Тілендиевтің ізбасары атанды. Өзі де талай шәкірт тәрбиеледі. Композитор ретінде күй де шығарды, ән де жазды. Оның ең танымал туындыларының қатарына «Сыр ақжелең» мен «Нартай қосбасар» күйлерін жатқызар едік. Сондай-ақ Қошқарбектің «Желдірмесі» күйі, «Сағыныш сазы», «Шиелі маршы» әні, «Абайға тағзым» күйі, оның өңдеуіндегі Н.Бекежановтың «Жаса Қазақстан» әні т.б. шығармалары халық жүрегінен орын алған. Белгілі күйші, концертмейстер, қазақ күй өнерінің дамуы мен зерттеу ісіне зор үлес қосқан Бала би ауылының түлегі Қошқарбек (Бек) Тасбергенов бауырымыз 59 жасқа қараған шағында 2012 жылы дүниеден озды. Артында жары, ұрпағы, туыстары, ағайыны, достары, киелі домбырасы мен мол мұрасы шығармалары қалды. Бұл тұңғыш еске алу кешін ұйымдастырған аудандық «Өнер мектебі» директорының міндетін атқарушы Нариман Мизамбаевқа айтар алғысымыз шексіз. Жерлесіміз, үлкен өнер иесі Бек Тасбергеновті еске алу – өнерді түсіне білген, музыканы сезіне алатын азаматтардың тірлігі. Жалғасын табар өнегелі іс.
Еске алу кешіне танымал музыкант, күйші, аудандық білім бөлімі ардагерлер кеңесінің төрағасы Рысдәулет Құдайбергенов, «Өскен өңір» газетінің бас редакторы Нұрболат Пірімбет, кент ардагерлер кеңесінің төрағасы Болат Күлімбет, Қошқарбектің інілері Пернехан мен Ермахан ­Тасбергеновтер қатысты. Еске алу кешінде «Өнер мектебінің» оқушылар хоры ән салса, мектептің мұғалімдерінен құралған оркестрдің сүйемелдеуімен Қ.Тасбергеновтың туындылары орындалды. Концертмейстр Ә.Құлахметов, дирижер Г.Мурсалимқызы, өнерпаздар І.Дәулетхан, Н.Ахтаев, Д.Беркімбаев, Г.Құрбанғалиева, Г.Әбдіразақова, А.Қасымхан, Б.Махмутов және М.Дүйсебай мен Е.Мұсылманқұлдар ән салып, күй шертті.
Мына газетке ұсынып отырған тарихи суретті түсірген Сайтхасан Хутаев. 1988 жылы Қ.Тасбергенов концерттік сапармен Шиелі ауданына келді. Мен осыны пайдаланып, аудандық ішкі істер бөлімінде концерт беруін сұрадым. Қошқарбек келісті. Құрамында Қазақ ССР-ге еңбегі сіңген артистері Зейнеп Қойшыбаева, Қаршыға Ахмедияров, әнші Әскербек Еңкебаев, қобызшы Роза Қойшиева бар топ милиция қызметкерлеріне керемет концерт қойды. Бөлім залында ән қалықтап, күй шалқыған болатын.
Суретте солдан оңға қарай: бөлім бастығы А.Нұрымбетов, Ә.Еңкебаев, Қ.Ахмедияров, Қ.Тасбергенов, З.Қойшыбаева, Н.Қожақов, Р.Қойшиева, Ө.Исмаил, О.Садықовтар бейнеленген. Біз Шиеліден шыққан зор талант иесі Қошқарбек Тасбергеновті ұстазы Нұрғиса Тілендиевтің деңгейінде қастерлеп, мақтаныш етуге тиіспіз.

Өркен Исмаил,
Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері
21 маусым 2022 ж. 342 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930