Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » СЫР МАРЖАНЫ ПІСТІ, ҚАМБАҒА ЫРЫС ТҮСТІ

СЫР МАРЖАНЫ ПІСТІ, ҚАМБАҒА ЫРЫС ТҮСТІ

Шиеліде еңбек дабылын қағып, даланың тынысын елеңдеткен үлкен науқан басталды. Ақ маржан күріштің отаны саналатын бұл өңірде «Алтын орақ – 2025» мерекелік іс-шарасы әйгілі диқан, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, дала академигі Ыбырай Жақаев ауылындағы «Мақсат» шаруа қожалығының егіс алқабында өтті. Бұл – бір ғана маусымдық шара емес, бұл – мыңдаған еңбек адамдарының жыл бойғы маңдай терінің жемісін көретін, ауыл тіршілігінің ең жауапты кезеңін айқындайтын сәт.
Жиынға аудан әкімі Айтбай Жандарбеков, халық қалаулылары, ауыл шаруашылығы саласының ардагерлері, шаруа қожалықтарының жетекшілері, зиялы қауым және БАҚ өкілдері қатысты.
ЕҢБЕККЕ ҚҰРМЕТ – ЕЛГЕ ҚҰРМЕТ
Аудан әкімі Айтбай Насриддинұлы алғашқы егін ору науқанының басталуымен жиылған жұртшылықты құттықтап, диқан қауымының тынымсыз еңбегіне жоғары баға берді.
– Күннің аптап ыстығы мен қара суығында, ала жаздай алқап басында жүріп, егінге көздің қарашығындай қараған еңбектеріңіз ақталып, ел ырысына айналсын. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасында ауданымыздың берекесі артып, қамбамыз астыққа толы болмақ. Бұл – Сыр диқанының қайсарлығы мен табандылығының айқын көрінісі, – деді аудан басшысы.
Бұл сөздер ауыл еңбеккерлерінің жүрегіне жігер беріп қана қоймай, олардың еңбегінің мемлекет үшін қаншалықты маңызды екенін айқындай түсті.
ЕГІН КӨЛЕМІ – ЕЛ ЫРЫСЫ
Биыл ауданда 1497 шаруа қожалық еңбек етсе, оның 268-і­ егін шаруашылығымен тікелей айналысады. Жалпы аудан көлемінде 31 512 гектар жерге түрлі дақыл егілді.
Оның ішінде басты үлесті дәнді дақылдар құрап, олар 14 783 гектар алқапқа егілді. Сондай-ақ мал шаруашылығын жем-шөппен қамтамасыз ету мақсатында 10 332 гектар жерге мал азықтық дақылдар егілді. Халықтың күнделікті тұрмысына қажетті өнімдер – картоп, көкөніс және бақша дақылдары – 5 267 гектарға егіліп, аудан тұрғындарының сұранысын өтеуге бағытталды. Ал майлы дақылдар – 1 130 гектарға себілді.
Ал Сыр өңірінің брендіне айналған күріштің көлемі – 12 301 гектар. Бұл көрсеткіш ауданның аграрлық әлеуетінің жоғары екендігін айқындайды. Сонымен бірге әртараптандыру жұмысына да баса мән беріліп, өткен жылмен салыстырғанда бірқатар дақылдардың көлемі артты. Анығында бидай – 405 гектарға, жүгері – 227 гектарға, майлы дақылдар – 212, көкөніс пен бақша дақылдары – 509 гектарға көбейді.
Бұл бағыт – ауыл шаруашылығының болашағын қамтамасыз ететін стратегиялық шешім. Әртараптандыру арқылы шаруалар суға тәуелділікті азайтып, өнім түрлерін көбейту арқылы табыс көзін кеңейтеді.
СУ ТАПШЫЛЫҒЫНА ҚАРСЫ ЖАҢА ҚАДАМДАР
2025 жыл Шиелі диқандары үшін оңай сынақ болмады. Биылғы маусымдағы ең өзекті мәселе – су тапшылығы. Сырдариядағы судың деңгейі төмендеп, әр тамшы су алтынға бергісіз болған шақта шаруалар дәстүрлі әдістермен шектеліп қалмай, заманауи технологияларды батыл енгізуге кірісті.
Биылдың өзінде су үнемдеуге бағытталған бірқатар ауқымды жұмыс атқарылды. Атап айтқанда, 9 500 гектар жер заманауи құралжабдықтармен лазерлік тегістеуден өтті. Бұл әдіс жердің су қабылдау қабілетін арттырып, артық шығынды азайтады. Ал 2 100 гектар алқапта тамшылатып суару технологиясы қолданылды. Аталған тәсіл суды тікелей өсімдіктің тамырына жеткізіп, оның тиімділігін бірнеше есе арттырады.
Осы шаралардың арқасында егіннің сапасы мен өнімділігі жақсарып қана қоймай, су шығыны айтарлықтай қысқарды. Бұған қоса шаруалар егістікті кезектеп суару, сондай-ақ қашыртқыдағы суды екінші рет пайдалану тәжірибесін де кеңінен қолдана бастады. Бұл – су тапшылығына қарсы күрестің тиімді әрі табиғатты қорғауға бағытталған жолы. Әр бастама ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеріп, экологиялық тұрғыдан таза әрі заманауи егіншілік мәдениетін қалыптастыруға негіз болады.
Осының арқас ында Шиелі диқандары су жетіспеушілігіне қарамастан, егін көлемін сақтап қана қоймай, болашақта тұрақты өнім алуға сенімді қадам жасап отыр.
МАҢДАЙ ТЕРДІҢ МЕРЕЙІ
Ала жаздай алқап басында маңдай терін төгіп, егінге көздің қарашығындай қараған шиелілік диқандардың еңбегі биыл да ақталып отыр. Табиғаттың тосын сынақтарына, су тапшылығы сияқты күрделі мәселелерге қарамастан, шаруалар табандылық танытып, мол өнім алуға қол жеткізді. Болжам бойынша, әр гектардан 55-60 центнер күріш өнімін алу жоспарлануда. Бұл – аудан экономикасының тұрақтылығы мен халықтың әлеуметтік жағдайына оң әсер ететін зор көрсеткіш.
Егін орағының басталуына арналған салтанатты жиында ауыл шаруашылығы саласының ардагерлері сөз алып, жастарға өздерінің өмірлік тәжірибесін үлгі етіп, ақ тілектерін жеткізді. Шиелі ауданының Құрметті азаматы Сұлтанбек Қойшыбайұлы еңбеккерлерге жүрекжарды лебізін білдіріп, олардың маусым бойғы қажырлы еңбегінің маңыздылығын атап өтті. Ал ел ішінде сыйлы қария Сейтбек Ыбырайұлы егіншілерге ақ батасын беріп, еңбек майданында жүрген шаруаларға сәттілік тіледі.
Бұл сәт – еңбек адамдарына көрсетілген құрметтің айқын көрінісі ғана емес, сонымен бірге жас ұрпақты жерге жанашырлықпен қарауға, ауыл шаруашылығының дәстүрін сақтауға үндейтін маңызды сәт болды. Шаруалардың қажырлы еңбегі мен бірлігінің арқасында Шиелі даласында биылғы өнім мол болып, ел ырысы арта түспек.
ДАЛА ТӨСІНДЕГІ ДУМАН
Алғашқы орақтың түсуі – жай ғана егін жинау науқанының басталуы емес, ол – ауыл тіршілігінің айнасы, елдің бірлігі мен берекесін паш ететін мерейлі сәт. Бұл күні атыз басындағы маңдай тер мен еңбекке деген құрмет ұштасып, дала төсінде мерекелік рух орнады. Күздің қоңыр самалы егіннің сыңғырымен үндесіп, табиғат та бұл мерекеге өз үнін қосқандай әсер қалдырды.
Ауданның диқандарымен тұрғындары үшін тап осы күн – маңдай тердің өтеуі, еңбектің мерейі. Салтанатты шараның соңында аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары сахнаға шығып, әсем ән мен әсерлі күйден шашу шашып, жиналған жұртқа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ән мен жыр ауыл аспанын тербетіп, еңбек майданының қаһармандарына рухани қуат берді.
Бұл – тек егіншілердің мерекесі ғана емес, еңбек адамдарына деген шынайы құрметтің, ауыл өмірінің шаттыққа толы сәтінің айқын көрінісі. Егін орағы – елдің ырысы мен бірлігінің белгісі, халықтың болашағына деген сенімін нығайтатын ұлы дәстүр болып қала бермек.
Иә, Шиелінің әрбір қарыс жеріне сіңген маңдай тер – ертеңгі молшылықтың кепілі, жарқын болашаққа бастар сенімді қадам. Ауылдағы әрбір табыс, әр жиналған өнім – халықтың бірлігін, ауыл экономикасының өркендеуін және ұрпақтың үлкен арманын жүзеге асыратын қастерлі құндылық.
Осылайша, «Алтын орақ – 2025» тек егіннің ғана емес, еңбектің, берекенің және елдік рухтың мерекесі ретінде тарих бетінде өз ізін қалдырмақ.

Сұлушаш МАДИЯРОВА
09 қыркүйек 2025 ж. 56 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№68 (9335)

09 қыркүйек 2025 ж.

№67 (9334)

06 қыркүйек 2025 ж.

№66 (9333)

03 қыркүйек 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930