Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақылдың серігі ме, рухтың сынағы ма?

Ақылдың серігі ме, рухтың сынағы ма?

«Сынықтан басқасының бәрі жұғады» демекші жаһандану деп жар салған заманда жасанды интеллект ұғымы біздің елімізге де жетті. Көзді ашып-жұмғанша қазақстандықтар да жасанды интеллектіні “жан досына” айналдырып үлгерді. Ол қазір біздің өмірімізге еніп қана қоймай, ойлауымызға, қарым-қатынасымызға әсер ете бастады. Бұрын бір мәліметті табу үшін кітапхана есігін тоздыратын ұрпақ қазіргі таңда экранның арғы жағынан жылт етіп шыққан жауап арқылы барлық сұрағының шешімін таба алады.
Әрине жасанды инттелект арқылы. Мойындау керек, ЖИ адамзат өркениетінің ең табысты жобасы болды. Сол арқылы уақыт үнемделіп, еңбек жеңілдеді, тіпті шығармашылық адамдар идеяны да қиналмай тауып жүр. Бірақ “кемерінен асқанның бәрі - у” демекші, қазіргі таңда осы ЖИ-дың өзін қолдану қауіпті болып тұр. Оның ең басты қауіпті тұсының бірі - білімге тосқауыл қоюы. Өкініштісі сол, chatGPT - ды мұғалімдер тапсырма дайындауға, дәрігерлер диагнозды ерте анықтауға, оқушылар тапсырма орындауға пайдаланатын болып кетті. Осының салдарынан қазір бұрыңғыдай білімге құштарлық жоқ. Адам баласы қолына дайын дүниені ұстатқан сайын өзінің ойлау қабілетін аз пайдаланады. Қиындықпен келген білімнің дәмі тәтті болса, дайын жауаптың ешқандай құны да,қызығы да болмайды. Барлық сұрағын жасанды интеллект арқылы білгісі келетін адам уақыт өте келе ойланудан қашып, басын ауыртқысы келмейді. Және ол өзіне қалыпты саналады. Міне, рухани жалқаулық пен ішкі әлсіздіктің алғашқы қадамдары осылай басталады. Осындай да бұрын шығармашылыққа, білімге ұмтылып, тер төгіп жеткен дүниелер енді бір батырмамен дайын болса салса, адамның шынайы еңбегінің қадірі қашпай ма деген ой туындайды. Оның үстіне, жасанды интеллектің айтқан әрбір сөзін шындық деп қабылдау да қателік. Егер оның берген жауабын ой сүзгісінен өткізбей, сараламай тұтынсақ өзімізді де, өзгелерді де адастыру қаупі бар. Тағы бір мәселе - жұмыссыздық. Егер жасанды интеллект бар сұранысты орындайтын болса, болашақта адам жұмыссыз қалуы ықтимал. Бұл қоғамда теңсіздікті әрі тұрмыстық жағдайдың төмендеуіне әкелуі мүмкін. Тіпті уақыт өте келе, адам өзі шешім шығара алмайтын деңгейге де жетеді. Тек жасанды интеллектінің нұсқауымен жүріп, өзінің өмірдегі басты миссиясын жоғалтуы ғажап емес.
Дегенмен, біз жасанды интеллектіні үрейленетін құбыжық емес, дұрыс бағыт берсек - игілікке қызмет ететін құрал деп тануымыз керек. Ол бізді ойлаудан, білімге ұмтылудан алыстатпауы керек, қайта ойымызды тереңдетіп, білімімізге білім қосып, алға қарай жылжуға мотивация беру керек. Әрине, осындай қасиеттерімізді әрмен қарай дамыту үшін жасанды интеллектіні дұрыс қолдану қажет. Білім беру ошағында оны балаларға дайын жауап беретін сиқырлы таяқша емес, зерттеу мен ізденіске, ғылымға жол көрсететін шамшырақ деп қабылдауымыз керек.
Адамның ойлау қабілеті - нәзік те майда құбылыс. Ол көзбен көріп, қолмен ұстағанды, естігенді есінде мәңгілік сақтап қалады. Демек жасанды интеллект дұрыс бағыт-бағдар бермесе, сол бағытпен бір адамның өмір бойы жүруі ықтимал. Ал егер ол ұстаз немесе дәрігер болмаса сол бұрыс жауаппен бірнеше адамға бағыт-бағдар береді. Сондықтан біздің ең үлкен жетістігіміз әрі ең үлкен сынағымыз болған жасанды интеллектіні дұрыс қолдану тек балалар мен жасөспірімдерге ғана емес, етек-жеңін жинаған ересек адамдарға да парыз. Себебі, ЖИ біздің өмірімізді жеңілдетіп қана қоймай, адамдық болмысымызды сынап отыр. Егер біз оны ақылдың серігі, ізденістің қайнар көзі ретінде қолдансақ ол бізді ұшпаққа шығарады. Ал егер еріншектікке салып, жылт еткен жауапқа сеніп жүре берсек құзға құлатады. Сондықтан жасанды интеллектпен бірге дамып келе жатқан жаңа дәуірдің есігін ашқанда, оның жарығын ғана емес, көлеңкесін де көру үшін көкірегіміз ояу, көзіміз ашық болуы тиіс.

Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА
25 тамыз 2025 ж. 33 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№63 (9330)

23 тамыз 2025 ж.

№62 (9329)

19 тамыз 2025 ж.

№61 (9328)

16 тамыз 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031