Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Басқосуда айтылған аталы сөздер

Басқосуда айтылған аталы сөздер

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда дәстүрлі Тамыз конференциясында сөз сөйлеп, ұстаздар туралы ұлағатты әңгіме айтты. Өскелең ұрпаққа сапалы білім мен тағылымды тәрбие беру туралы мәселесіне арналған ойлары жүрек түпкірінен орын алды.
Президент сөзінен маңызды санаған тұстарымды түртіп алдым.
«Ұстаз – ұлттың шамшырағы. Елдің ертеңі мұғалімдерге тікелей байланыс­ты. Қазір елімізде рухы азат, ойы еркін ұрпақ өсіп келеді. Нағыз «Адал азамат» мектеп қабарғасында қалыптасады. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов «Мектептің жаны – мұғалім» деген. Біз өркениетті ел боламыз десек, ұстаздарға барынша жағдай жасауымыз керек. Қазір білім мен ғылымның заманы. 2019 жылдан бері білім саласының бюджеті үш есе артты. Осы уақытта бір миллионнан астам оқушыға арналған 1200 мектеп ашылды. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жалпы саны 217 мектеп құрылысы жоспарланды. Қазір 128 мектеп салынды. «Педагог мәртебесі туралы» арнайы заң қабылданды. «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы белгіленді. Бүгінде 74 мұғалім осы құрмет атаққа ие болды. Былтыр екі ұстаз «Қазақстанның Еңбек Ері» атанды. Мұғалімдердің әлеуметтік жағдайын жақсарту әрдайым басты назарда. Соңғы төрт жылдың ішінде олардың жалақысы 2 есе өсті. «Білім берудегі өзгерістердің мың көсбасшысы» жобасы қолға алынды. Осы жобаға қатысқан 332 маман мектеп директоры болып тағайындалды. Мұғалімдер өз міндетіне кірмейтін артық жұмыстан босатылды. Ұстаздың назары бала оқыту ісінде болуға тиіс.
Биыл білім беру саласына 13 мыңнан астам грант бөлінді. Педагог мамандығы бойынша оқып жатқан студенттердің шәкіртақысы бес жылда екі есе көбейді. Жаңа жылдан бастап шәкіртақы 84 мың теңге болады. Осындай нақты шаралардың нәтижесінде жастардың мұғалім болуға ынтасы артып келеді. Былтыр 1800-ге жуық «Алтын белгі» иегері педагог мамандығына оқуға түскен. Ал биыл 2 мыңнан астам үздік түлек ұстаз мамандығын таңдап отыр. Биыл оқушыларымыз әлемдегі ең беделді жеті олимпиададан 27 медаль алды. Жалпы, нақты жетістіктер аз емес. Бірақ арқаны кеңге салуға болмайды. Себебі, алда атқарылатын шаруа одан да көп. Дамыған мемлекеттерде білім беру саласы ұлттық экономиканың тірегі, қозғаушы күші екені белгілі. Тағы бір маңызды міндет-қала және ауыл мектебіндегі білім беру деңгейін теңестіру. Баланың бәрі бірдей. Ауыл баласы мен қала баласының білім алу мүмкіндігі де бірдей болуы керек. «Келешек мектептері» жобасының негізгі мақсаты да – осы.
Мектеп – білім мен тәлім-тәрбиенің киелі ордасы. Ұлы Абай «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ» деген. Өскелең ұрпақты білімпаздыққа баулу қаншалықты маңызды болса, оларға дұрыс жол көрсету, бағдар беру де соншалықты маңызды. Ұл-қыздарымыз жақсы мен жаманның, ақ пен қараның арасын ажырата білуі керек. Жас ұрпақтың бойына жалпыұлттық құндылықарды сіңіру қажет. Әрбір жас отаншыл, жасампаз, жаңашыл, білімпаз, еңбекқор, ұқыпты үнемшіл болып өсуі керек.
Сондай азаматтар ғана мәдениетті, қауіпсіз әрі «Заң мен тәртіп» үстемдік құратын қоғамның іргесін қаламақ. Халқымыз «Тәрбие тал бесіктен басталады» деп бекер айтпаған. Ұрпақ тәрбиесіне ата-ана, мұғалім және мемлекеттік органдар бірге жұмыс істеуге тиіс. Себебі, жауапкершілік бәріне ортақ. Хакім Абай да «Адамның адамшылығы ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деп айтқан. «Отбасы-мектеп-мемлекет» үштігі үйлесімді болса, жақсы нәтижеге жетуге болады. Ал бұл үштіктің өзегінде еңбекқорлық идеясы болуға тиіс. Жас ұрпаққа еңбексіз ешқандай игілік болмайтынын үнемі түсіндіріп айту керек. Қоғамды масылдыққа жол бермеу қажет. Себебі, бұл жол тек тығырыққа тірейді. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы-осы бағыттағы нақты шараның бірі. Таза Қазақстан дегеніміз-қоршаған ортаны таза ұстау ғана емес. Әрине, ол да маңызды. Сонымен бірге бұл-ой-сана тазалығы деген сөз. Жан дүниесі таза адам жемқорлыққа бармайды, адал болады. Асыл қасиеттерді бойына сіңірген нағыз адал азаматтар Әділетті Қазақстанның тірегі болатыны сөзсіз.
Нашақорлық пен лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг және бұзақылық сынды зиянды әрекеттермен күресуде мұғалімдер айрықша рөл атқарады. Жас ұрпақ арасындағы наркотизмге қарсы іс-қимылға бүкіл қоғам болып жұмылу керек. Мектеп әр бала үшін қауіпсіз жер болуға тиіс. Бүгінде еліміздегі мектептердің 95 пайыздан астамы интернетпен қамтылған. Аталған көрсеткішті 100 пайызға жеткізу керек. Бірақ алда әлі де ауқымды жұмыс бар. Босаңсуға болмайды. Келесі маңызды міндет, балаларға жастайынан жасанды интеллект технологиясын оқытқан жөн. Бұл педагогтерге де қатысты. Мұғалім өз пәнін жетік меңгеріп қана қоймай, педагогикалық тәжірибеде жаңа технологияларды да қолдана білуі керек. Мұғалімнің құқығын қорғау мәселесі әрдайым басты назарда болуға тиіс. Бірақ кейде жергілікті билік өкілдері заң талаптарын өрескел бұзып жатады. Прокуратура органдары мұндай заң бұзушылықтарға тосқауыл қоюы керек. Сондай-ақ балаларға қатысты кез келген жазатайым жағдай үшін де мұғалімді жазалау орынсыз деп санаймын. Мектептен тыс жерде ата-аналардың жауапсыздығынан оқыс оқиға болса, оған ұстаз жауапты емес. «Педагог мәртебесі туралы» заңға ұстаз құқығын қорғау жөнінде өзгерістер енгізу қажет деп санаймын. Мемлекеттің міндеті-мұғалімнің қоғамдағы беделін және мәртебесін мейлінше арттыру. Түптеп келгенде балалардың амандығы, олардың денсаулығы және сапалы білім алуы-еліміздің келешегіне тікелей қатысы бар мәселе. Шын мәнінде ұстаздық – жай мамандық емес, бұл – ұлы миссия. Адам қандай жетістікке жетіп, биікке шықса да, ұстаздың алдында өмір бойы шәкірт болып қалады...»
Мемлекет басшысының мұғалімдер жайлы айтқан ағыл-тегіл, кесек-кесек сөздері ұстаздар қауымын шаттыққа бөледі, қунашықа кенелтті, оларға шабыт сыйлады деп есептеймін. Мұндай құрмет пен қамқорлықтан кейін олар аянбай қызмет ететіні сөзсіз. Мен де бақыт құшағында отырғандаймын. Себеп, мамандығым – мұғалім. Әкем де мұғалім, директор болған. Үш қызым педагогикалық институттардың түлегі. Неге қуанбасқа? Биыл бір немерем де Көкшетау қаласындағы пединститутқа грантқа оқуға түсті. Біздің сүйікті мамандығымыз – мұғалім. Көрнекті ақынымыз Мағжан Жұмабаевта «Алты Алаш бас қосқан жерде, төр – ұстаздікі» демеп пе еді.
Шиелі ауданының ұлағатты ұстаздарының мәртебесі артып, мерейі үстем бола берсін деймін.

Өркен Исмаил,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі,
Шиелі ауданының Құрметті азаматы

24 тамыз 2025 ж. 44 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№63 (9330)

23 тамыз 2025 ж.

№62 (9329)

19 тамыз 2025 ж.

№61 (9328)

16 тамыз 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031