Мемлекет басшысы: «Ұстаздық – жай мамандық емес, бұл – ұлы миссия»

– Білім мен ғылым Қазақстан дамуының қозғаушы күші болуға тиіс. Алдағы жылдары осы міндетті орындауға бар күш-жігерімізді салып жұмыс істеуіміз керек. Бұл – Мемлекет басшысы ретінде мен үшін мызғымас басымдық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы ұстаздықты жай мамандық емес, ұлы миссия деп бағалап, ұстаздар еңбегіне жоғары баға берді.
– Мен Қазақстан ұстаздарының қажырлы еңбегін жоғары бағалаймын, сіздер жас буынға беріп жатқан білімнің күшіне сенемін. Шын мәнінде, ұстаздық – жай мамандық емес, бұл – ұлы миссия. Адам қандай жетістікке жетіп, биікке шықса да, ұстазының алдында өмір бойы шәкірт болып қалады, – деді Президент.
Конференция барысында білім берудегі негізгі бағыттар мен жаңа оқу жылына арналған басымдықтар айтылды. Атап айтқанда, «Адал азамат» бағдарламасы аясында тәрбие мен оқытуды ұштастыру, жасанды интеллектіні орта білім беру жүйесіне енгізу, техникалық және кәсіптік білім беруде заманауи дағдыларды (hard, soft, digital) қалыптастыру, «Қазақстан балалары» стратегиясын іске асыру бойынша ведомстволардың өзара байланысын нығайту және Инклюзивтік білім беру жүйесін жетілдіру.
Сонымен қатар көрме аймақтарында «Келешек мектептері», «Абай ұлттық мектебі», «Дарынды балалар – ел мақтанышы» сияқты жобалар таныстырылып, білім саласындағы озық цифрлық шешімдер ұсынылды. Президент конференция соңында педагогтер еңбегін лайықты бағалап, бірқатар мұғалімді мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойғанын хабарлады. Бес мұғалімге «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы берілді.
– Сіздердің еңбектеріңіз ең жоғары құрметке лайық. Қазақстанның жарқын болашағы Сіздердің табанды еңбектеріңізге тікелей байланысты. Себебі, сіздер тұтас ұлтты оқытып, тәрбиелеп жатырсыздар», – деген Президент ұстаздарға алғыс айтып, жаңа оқу жылында сәттілік тіледі.
– Көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр шәкірттеріңіз көбейе берсін! Жаңа оқу жылы табысты болсын, – деп түйіндеді Мемлекет басшысы өз сөзін.
Айнұр ИБРАШЕВА