САРЫП – ҚАУІПТІ ЖҰҚПАЛЫ АУРУ
Сарып (бруцеллез) – жануарлардан адамға жұғатын қауіпті жұқпалы ауру.
Сарыппен барлық ауыл шаруашылық және үй жануарлары ауырады. Соның ішінде қой мен ешкінің сарып ауруы адамға өте қауіпті.
Жануарларда аурудың негізгі белгілері түсік тастау, өлі туу, буындарының ісінуі, аталық малда жыныс безінің ісінуі байқалады, кей жағдайларда белгілері аса біліне қоймайды.
Қоздырғышы Бруцелла бактериясы жоғары температураға сезімтал, сұйық ортада +600-та 30 минутта, +800-та 5 минут ішінде, қайнатқанда бірден өледі. Тікелей түскен күн сәулесінен 4-5 сағатта өледі, топырақта 100 күн, суда 120 күн сақталады. Төменгі температураға өте төзімді болады, мұздатылған етте 5 ай, сүт өнімдерінде 1,5 айға дейін сақталады.
Адамға жұғу жолы:
– ауру малды күтіп-ұстау, соның ішінде төлдеу кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамаудан;
– ауру малды сою кезінде;
– ауру малдың шикі не шала пісірілген етін және сүтін қолданудан;
– ауру малдан алынған жүн-теріні ұстау, өңдеу кезінде жұғады.
Аурудан сақтану мақсатында төмендегі іс-шаралар жүзеге асыруы тиіс:
– жануарларды күтіп ұстауда, төлдеу кезінде арнайы қорғаныш киімдерін киіп, жеке бас гигиенасын сақтау, жасөспірім балаларды, жүкті әйелдерді араластырмау;
– індетке қарсы міндетті іс-шараларды жүргізу үшін иелігіндегі немесе сырттан әкелген, сатып алған мал туралы ветеринар мамандарға уақытылы хабарлап, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру дерек қорына тіркету және сарыпқа қайта тексертіп, сау екеніне көз жеткізгеннен кейін басқа малдарға қосу;
– ет және сүт өнімдерінің қауіпсіздігін растайтын ветеринариялық анықтамасы не ветеринариялық сараптама актісі бар өнімді сатып алып, тұтыну қажет.
Қазіргі таңда, малдан адамға жұғатын сарып ауруына тексеру үшін жануарлардан қан алу жұмыстары жүргізілуде. Бұл ретте ешкі ұстап, сүтін пайдаланушылар міндетті түрде ешкілеріңізді сарып ауруына тексертіп алуды сұраймыз.
Сонымен қатар ауданымызда эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау мақсатында мемлекет тарапынан жануарлардың аса қауіпті сібір жарасы, аусыл, күл, лептоспироз, құтыру және т.б. жұқпалы ауруларына қарсы вакцинация жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілуде. Бұл жұмыстар аудандық ветеринариялық станция тарапынан тегін атқарылады. Мал иелері ветеринар маманмен тығыз байланыста болғаны абзал. Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздейік!
Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Шиелі
аудандық аумақтық инспекциясы