АБАЙ МҰРАСЫ – ҰЛТТЫҚ САНАНЫҢ СӘУЛЕСІ

Бұл шара – тек бір кештің аясында өткен мерекелік концерт қана емес, бұл – ұлт рухын ұлықтаған, тарих пен тағылымды тоғыстырған рухани жаңғыру кеші. Кеш барысында Абайдың өлеңдері мен даналыққа толы қара сөздері сахналық қойылымдармен үйлесіп, терең мазмұнға ие көріністерге ұласты. Ақын бейнесі сахнада қайта тіріліп, көрермендер замана мен адам табиғатын терең түсінуге бет алды. Абай әлеміне бойлаған көріністер – бүгінгі ұрпаққа ой салатын, өткен мен болашақтың арасын жалғайтын алтын көпір іспетті. Мәдени шарада Абайдың өмірі мен мұрасы тек өнер тілімен ғана емес, жүрекпен, жанмен, рухпен сезілді. Әрбір жыр жолы, әрбір сахналық көрініс – көрерменнің ішкі дүниесін жаңғыртып, рухани қуат берді. Абай – мәңгілік. Оның мұрасы – ұлттың рухани тірегі. Сондықтан да мұндай мәдени шаралар жастардың танымын тереңдетіп, рухани өрісін кеңейтуге жол ашады. Әсіресе қазіргі жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтарды дәріптеп, елдің төл мәдениетін жаңа буынға жеткізу – басты міндет. Бұл бағытта ұйымдастырылған кеш – мәні мен маңызы зор, тағылымды туынды болды. «Мен бір жұмбақ адаммын...» – Абайдың өзі айтқандай, адам болмысы, оның ішкі жан дүниесі, ой-санасы әрқашан да ізденісті, түсінікті қажет етеді. Абайды оқу – өзін тану. Абайды сезіну – ұлт рухын сезіну. Міне, дәл осы сезімді көрермендер кеш барысында шынайы түйсіне алды. Осы кеш – Абайға тағзым ғана емес, рухани серпіліс, ұлттық мұраға деген адалдықтың көрінісі. Қазақ халқы барда – Абай мұрасы да, Абай рухы да мәңгі жасай бермек.
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ