Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АҚПАРАТТЫҢ ҚҰНЫ ШЫНДЫҚПЕН ӨЛШЕНЕДІ

АҚПАРАТТЫҢ ҚҰНЫ ШЫНДЫҚПЕН ӨЛШЕНЕДІ

Соңғы уақытта әлеуметтік желілер мен түрлі медиа платформаларда шындыққа жанаспайтын, жалған ақпараттың таралуы жиілеп кетті. Мұндай жалған контент тек азаматтардың адасуына ғана емес, қоғамдық пікірді бұрмалауға, халықтың әлеуметтік тұрақтылығына кері әсер етуі мүмкін.

Елімізде «Онлайн-платформалар және онлайнжарнама туралы» заң 2023 жылы қолданысқа енген болатын. Сәйкесінше, «блогер немесе инфлюенсер» және «жалған ақпарат» деген заманауи ұғымдар пайда болған еді. Олардың мәртебесі қандай? Нені айқындап, нені жетік білуіміз керек? Заң бойынша, инфлюенсер немесе блогер – ақпаратты тұлғалардың белгісіз тобына кәсіпкерлік мақсатта жариялайтын және онлайнплатформаны пайдаланатын тұлға. Енді әлеуметтік желіде тұрақты түрде контент шығарып, көпшіліктің назарын өзіне аударып жүрген кез келген тұлға — инфлюенсер немесе блогер ретінде қарастырылады. Бұл санаттағы азаматтарға да жауапкершілік жүгі артылады. Яғни, олар тарататын ақпараттың мазмұны, дәлдігі мен салдарына қатысты заң алдында жауап беретін болады. Сол сияқты «жалған ақпарат» ұғымына – шындыққа сай келмейтін, көпшілікті адастыруы немесе қоғамдық тәртіпке қауіп төндіруі мүмкін мәліметтер жатады. Мұндай контент таратқан тұлғаларға қатаң шаралар қолданылады. Бұл, бір жағынан, ақпарат құралдарының жауапкершілігін арттырса, екінші жағынан, қоғамның ақпаратты қабылдау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Бұл өзгерістер – ақпараттық кеңістікті ашық әрі қауіпсіз етуге бағытталған маңызды қадам. Негізгі қағидалар қандай? Заңда демократиялық принциптер сақталған. Атап айтқанда, сөз бостандығы, ақпаратты еркін алу және тарату құқығы бекітілген. Пайдаланушылар онлайн-платформаларда өз пікірін білдіруге құқылы. Алайда бұл құқықпен қатар, әр азаматқа – оның ішінде блогерлер мен контент жасаушыларға да – жауапкершілік жүктеледі. Заң аясында жалған ақпарат таратқандарға әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылады. Бұл қадам – қоғамда шынайы, нақты әрі тексерілген ақпаратқа деген сенімді қалыптастыруға бағытталған. Сарапшылардың айтуынша, бұл тетік журналистиканың кәсіби деңгейін көтеріп, медиа саласындағы жауапкершілікті күшейтеді. Сонымен қатар бұл өзгеріс БАҚ пен әлеуметтік желі пайдаланушылары арасында ақпараттық гигиенаны сақтауға, фейкке қарсы иммунитет қалыптастыруға ықпал етеді. Ақпарат құралдарының рөлі артқан тұста, қоғам да ақпарат тұтынуда саналы, сындарлы көзқарас ұстануы тиіс. Себебі жалған мәлімет тарату – жай қателік емес, ол елдің тұрақтылығына селкеу түсіретін қауіп. Ақпарат – ықпал құралы, ал шындық – таңдау құқығы Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимылды жүйелеу мақсатында мемлекет нақты қадамдарға барып отыр. Соның бірі — Орталық коммуникациялар қызметі жанынан құрылған Жалған ақпаратқа қарсы күрес жөніндегі орталықтың іске қосылуы. Бұл орталықтың басты міндеті — интернет пен әлеуметтік желілердегі жалған ақпараттарды дер кезінде анықтап, оларды ресми әрі тексерілген деректермен жоққа шығару. Сонымен қатар орталықтың жұмысы қоғамда ақпаратты тұтыну мәдениетін қалыптастыруға, әр азаматтың сыни ойлауын арттыруға бағытталған. Яғни орталық тек терістеумен ғана емес, түсіндірумен де айналысады. Күрделі, резонанстық тақырыптарды сарапшылар арқылы талдап, қарапайым халыққа түсінікті тілмен жеткізу — негізгі функцияларының бірі. Бүгінде жалған ақпаратты «жеке пікір» деп қабылдайтын түсінік қалыптасқан. Алайда шындыққа жанаспайтын, қоғамда дүрбелең тудыратын кез келген мәлімдеме — жай ғана көзқарас емес, оның салдары болуы мүмкін. Сондықтан мұндай ақпараттарға жауапсыздықпен қарауға болмайды. Жаңа құрылым осы бағыттағы жауапкершілікті күшейтіп, ел ішінде сенімді, қауіпсіз ақпараттық орта қалыптастыруға үлес қоспақ. Жалған ақпарат – жауапкершілік жүгі ауыр Жалған ақпарат таратқан тұлғаларға қатысты Әкімшілік кодекстің 456-2-бабына сәйкес 250 айлық есептік көрсеткіш, яғни 980 мың теңгеге дейін айыппұл немесе 15 тәулікке дейін қамау жазасы қарастырылған. Алайда бұл шектеумен ғана шектелмейді. Егер жалған ақпарат қоғамдық тәртіпті бұзуға, азаматтар мен ұйымдарға, тіпті мемлекетке елеулі зиян келтіруі мүмкін деп танылса, онда бұл әрекет Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша қаралады. Бұл бап бойынша «көрінеу жалған ақпарат» таратқандарға қылмыстық жауапкершілік жүктеледі. Яғни, адам өз мәліметінің жалған екенін біле тұра, саналы түрде қоғамға теріс әсер ететін ақпарат таратса, ол үшін заң алдында жауап береді. Қазіргі кезде әлеуметтік желілердегі фейк контенттің қауіптілігі – оның қоғамда манипуляция мен дүрбелең тудыруында. Сондықтан блогерлер мен контент жасаушылардың рөлі ерекше: олар өз аудиториясына тексерілген, сенімді дерек ұсынуға міндетті. Ақпарат құралдарын пайдаланудағы мәдениет – тек жеке мәдениет емес, қоғамдық жауапкершілік. Осыны ескере отырып, әр азамат жалған ақпаратты таратпауға және оны ажырата білуге міндетті. Ең бастысы – шындықты айту, фейктен бойды аулақ ұстау. Бұл – саналы қоғамның талабы.

Г.СӘБИТҚЫЗЫ

04 тамыз 2025 ж. 34 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№57 (9324)

02 тамыз 2025 ж.

№56 (9323)

29 шілде 2025 ж.

№55 (9322)

28 шілде 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031