Фейк: Қызылордада 10 адам улы иіс судан ауруханаға түсті
Қызылорда облыстық көпбейінді ауруханасына белгісіз иіс суды иіскеп есінен танған жандар түсіп жатыр деген ақпарат тарады. Әлеуметтік желілерде тарап жатқан ақпараттың жалған екенін Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жангелді Шайымбетов мәлімдеді.
Қазақстандықтар WhatsApp-та қалалар мен ауылдарды аралап, арзан иіс сулар сататын белгісіз біреулер туралы ескертуде. Сынамаларды иіскеген адамдар өледі екен. Бұл фейк.
2023 жылдың ақпан айының ортасында осы сияқты ақпарат Ресейдің әртүрлі қалаларында таралды. Кейіннен бұл ақпаратпен белоруссиялық пайдаланушылар да бөлісті.
Алдымен хабарламаның саяси астары болды, онда Луганск тұрғындары Ресей немесе Беларусь қалаларында улы парфюмерия сатады деп айтылды. Бұл ақпарат расталған жоқ. Полицейлер мұндай фактілер тіркелмегенін хабарлады. Бұл ақпаратты Ресейдің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау және адамның әл-ауқатын бақылау жөніндегі федералды қызметі де жоққа шығарды. Ол ақпарат шындыққа жанаспайды деп мәлімдеді.
Кейіннен улы иіс сулар туралы ақпарат аздап өзгертіліп, чаттарда таратылды. «Қазақстандық» нұсқада қала атаулары алынып тасталып, мәтіннің өзге бөлігі өзгеріссіз қалған.
Әрине, бірнеше рет теріске шығарылған ақпаратқа сенбеген жөн. Улы әтір сулар туралы хабарламалар – фейк.