Жасөспірімдердің ата-аналарына әкімшілік шара қолданылды

Кешенді іс-шара аясында елордалық полицейлер 27-29 шілде аралығында ойын-сауық орындары, сауда орталықтары мен көшелерді аралап, проблемалық мекенжайларды тексерді. Нәтижесінде түнгі уақытта заңды өкілдерінің қадағалауынсыз үйлерінен тыс жерде жүрген жасөспірімдердің ата-аналарына әкімшілік шара қолданылды. Сондай-ақ тұрмысы нашар екі отбасы анықталып, профилактикалық есепке алыныпты.
Оның бірі – Байқоңыр ауданы аумағында орналасқан жатақхананың бірінде бөлме жалдап тұратын азамат Н.А.. Ол осы уақытқа дейін ішімдікке салынып, өзінің кәмелетке толмаған бес баласының тәрбиесімен толыққанды айналыспаған. Полицейлер жасөспірімдерді Астана қалалық «Арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне орналастырған. Әрі қарай отбасы туралы материалды Байқоңыр ауданы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның келесі отырысына қарауға әзірлеуде. Сонымен қатар ювеналдық полиция бөлімі екі жасөспірімді жеке профилактикалық жұмыс жүргізу мақсатында өз бақылауына алған.