Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚАУЫНҚАҚ – ҚАЗАҚТЫҢ МАРМЕЛАДЫ

ҚАУЫНҚАҚ – ҚАЗАҚТЫҢ МАРМЕЛАДЫ

Жаздың аптапты күні алқапта пісіп-жетілген қауынның хош иісі тек иіс емес, бұл – балалық шақтың естелігі. Шілде шуағымен көмкерілген даланың ­тынысы, бабалардан қалған дәмнің белгісі. Сол қауыннан жасалатын қауынқақ – қазақтың төл мармелады десек, артық емес. Бұл тәтті – табиғат пен адам еңбегінің үйлесімінен туған ерекше дәм. Ежелгі тәсілмен дайындалатын қауынқақ бүгінде жаңа өмірге ие болуда. Бұған дәлел – Жақаев ауылынан шыққан жас кәсіпкер Гүлмира Бекшеева.1991 жылы туған Гүлмираның негізгі мамандығы – технолог-менеджер. Бірақ ол өмірдегі ең маңызды технология – ананың қолы мен таза ниеті екенін жақсы түсінеді. Ол алты жылдан бері қауыннан құрт жасап келеді. Алғашында тек отбасы үшін бастаған бұл іс қазір тұтынушыларын ­тауып, табыс көзіне айналып отыр.
– Жаз шықса, базар аралап, ең тәтті, еті тығыз қауын іздеймін. Қара қауын мен саржау – ең жақсы сорттар. Етін турап, қабығынан аршып, қазанға салып қайнатамын. Қоюланып, сарғайғанша қайнатылады. Осы процесстің өзі маған ерекше ләззат сыйлайды, – дейді Гүлмира.
Қауынқақ – жай ғана кепкен тілім емес. Бұл – ерекше тәсілмен дайындалатын, мармелад тәрізді тәтті тағам. Гүлмираның айтуынша, қауынқақ пен қауын құрт екі бөлек дүние. Анығында, қауынқақ – қарбыздың суына малып, аршылған қауын тілімдерін күн астында кептіру арқылы дайындалады. Бұл – таза, шекерсіз тәтті. Ал қауын құрт – қайнатылған қауынға сүзбе, сөк, талқан қосылып, құрт сияқты иленіп, күнде кебеді. Бұл – нағыз дәруменге толы ұлттық энергетик.
Гүлмира қазіргі заманға бейімделіп, TikTok арқылы өз өнімін насихаттап жүр. Қарапайым үйдің ауласында түсірілген бейнероликтер мыңдаған қаралым жинап, өнімге деген сұранысты арттыруда. Қауынқақтың 1 келісі – 4500 теңге. Бірақ бұл баға тек дәм үшін емес – еңбек, тазалық, дәстүр үшін төленетін құн. Тіпті Алматы мен Шымкенттен тұрақты клиенттері бар. Кейбірі шетелге кетіп бара жатып, сыйлыққа алып кететін ұлттық тәтті ретінде тапсырыс береді.
Көпбалалы ананың басты мақсаты – ата-әжелердің ұмыт қалған асханасын қайта оралту. Ол үшін арнайы кәсіп ашып, үлкен өндіріс болу шарт емес. Үйде отырып-ақ, ұлттық тағаммен елге танылуға болады.
– Менің қолымнан шыққан қауынқақ – анамның үйреткен дәмі. Балаларым осы иіске оянып өсіп жатыр. Бұл – менің отбасымның дәстүрі. Бұл – менің Қазақстанға қалдырар мұрам, – дейді ол.
Қазақта «дәм-тұзын ақта» деген сөз бар. Гүлмира дайындап жүрген қауынқақ – сол дәмнің өзі. Тұзын қосатын тек шынайы еңбек пен ұлттық сүйіспеншілік. Қауынқақ – ұлттық брендке айналуға лайық өнім. Табиғаттың сыйы мен қазақ әйелінің еңбегі тоғысқанда, одан туған дәмнің қадірі ерекше. Сол үшін қарапайым қауыннан туған тәттіні ұмыттырмайық. Мармеладты дүкеннен емес, даладан, қазақтың жүрегінен іздейік.

Сұлушаш БАХТИЯРҚЫЗЫ
07 шілде 2025 ж. 79 0