ШИЕЛІНІҢ ӨНІМІ ШЕТЕЛДЕН КЕМ ЕМЕС
Ежелгі Сырдария өзенінің орта ағысынан орын тепкен қастерлі мекен Шиелінің топырағы – «таяқ тастасаң тал шығатын» құнарлы жер. Шығысында алты алашқа белгілі Сығанақ, Бестам шаһары, теріскейінде Оңтүстік өңірге етене орналасқан қазақ тауының атасы қарт Қаратау жатыр. Еліміз егемендік алған жылдардан бері ауданымыз қарқынды даму үстінде. Өндіріс, ауыл шаруашылығы, шикізат өнеркәсібі жағынан Қазақстан экономикасына елеулі үлес қосып келеді. Жерінің беті мен асты тұнған байлық. Топырағы егін егуге өте қолайлы. Мәселен, Өзбекстанда Хорезм, Түркіменстанда Шаржоу, Қазақстанда Сыр өңірі дүниежүзі бойынша күздік қауын өсіретін ең ірі аймақ десек, Шиелі – бақша өнімін өндіруден алдыңғы қатарда тұратын өлке.Бала күнімізде күз басталғаннан қауынқақ тіліп, қауынқұрт қайнату дәстүрлі үрдіс еді. Ол кездерде ауыл болып осы қауыннан жасалатын тағамдарды жарыса дайындайтын. Сөйтіп, әр үйдің дастарқанынан түспейтін сүйікті тағамға айналған. Қазіргі небір жарнамамен шығатын, бағасы ұшып тұрған шоколадтардан әлдеқайда артық. Табиғи, таза өнім. Дәмі тіл үйіреді. Әсіресе, ас шайнамға тісі қалмаған жасы келген кісілерге таптырмас тәтті. Самаурынның басында, ата-әженің қасында қауынқұрт, қауынқақпен, одан қалды әжеміздің сырлы сандығына тыққан шілде құртымен қоюлап шай ішу ауыл балалары үшін керемет сәт еді.
Қарап отырсақ, қауыннан да көптеген азық жасауға болады. Қауынның қағы мен құртын жеген адам оның дәмін ешқашан ұмытпайды. Осы ретте «неге қауын өнімдерін шығаратын кәсіпорын ашпаймыз?» деген сауал туындайды. Көршілес Өзбекстандағы диқандар осындай өнімдерді қыстай сатып, қаражат етеді. Тек қауын емес қарбыздан да тәттінің түр-түрін шығаруға болады. Сонда бұл біздің қолымыздан келмей ме? Оның үстіне қазір технологияның дамыған заманы, арнайы құрылғылар бар. Бұрынғыдай қауынды қолмен тіліп, алақанмен есу деген өткеннің еншісінде қалған. Қазіргі таңда «Қазақстанда жасалған» деген белгісі бар тауарлар әлемнің түкпір-түкпірін аралау¬да. Осындай белгімен Шиелінің өнімдері шетелдерге шығарылса болмай ма?
Алдымен қойма керек
Алыс-жақындағы көршілес ағайындар іздеп жүріп алатын Шиелінің қауын-қарбызы ұзақ жылдардан бері қаншама тұрғынның негізгі табыс көзіне айналып келеді. Диқандар ерте көктемнен қара күзге дейін жерді таңдап, қопсытудан бастап, өнімді алғанша бел жазбай күтіп баптайды. Ал қауыны мен қарбызы піскен сәтте 1 апта әрі кетсе 1 айда сатып үлгеру қажет. Олай болмаса еңбек еш кеткенмен бірдей. Иә, егінді егіп, мол өнім алу өз алдына, піскен соң оны сатып, кеткен шығынды шығару шиеліліктер үшін әлі күнге шешілмеген түйіндей мәселе.

Шілденің соңы, тамыздың басы барлығы егінін жинай бастаған сәтте баға да күрт түсетінін қайтерсің. Тіпті диқан қауым сол арзан бағаға қауын-қарбызын алатын жан таппай қиналатын көрініс те жылда қайталанатын сценарийге айналған. Жаз бойы жұпар иісі аңқып, шөліңді басатын, еменде-семен қауын-қарбызға қыстыгүні аңсарың ауа түседі. Осындай да бақша дақылдарын сақтайтын қойма болса ғой шіркін деген ой қылаң беріп қалатынын несіне жасырайық. Бақша өнімдерін өсіретін диқандарға қазынадан субсидия да қарастырылмаған. Егер қолдау болса, Қызылорда облысы алыс-жақын елдерді күрішпен ғана емес, бал татитын қауынымен де қамти алар еді.
Мәселен көршіміз Өзбекстанда қауын-қарбыз 9 айға дейін сақтайтын қойма бар. Олар өнімді жыл бойы нарыққа шығарып қана қоймай, түрлі тәттілер, шырын, тосап, джем, жасап, өз нарығын қарық қылуда. Бір ғана мысал, өзбек ағайын 7 келі қарбыздан 3 литр шырын дайындайды, оның жарамдылық мерзімі –12 ай.
Жалпы бақша өнімдерін сақтайтын қойма салу және одан түрлі тағамдар жасайтын цех ашу жұмыстары ауданның алдағы жылдардағы бас жоспарына енсе құба-құп. Әйтпесе қауыннан түрлі тәттілер жасап сатқысы келетіндер көп-ақ, бірақ нарықтың тілін білмесе, екіншісі қаржыдан қысылып кәсібі басталмай жатып кенжелеп жатады. Сондықтан кәсіпкерлік бөлімі, кәсіпкерлік палатасы тарапынан нақты бастамалар мен жүйелі жоспар жасалу керек секілді.
Қарбызды консервілеуге де болады
Бүгінде әлем химиялық заттардан жиреніп, табиғи, таза құрамды өнімдерге сұраныс еселеп артып келеді. Ғаламторды шарласақ асқабақтың дәнінен дәрілік мақсаттағы өнімді де, майды да жасап жатқанын көреміз. Ал біз көбіне асқабақтың дәніне ас деп қарамайтынымыз жасырын емес. Ол ол ма, қарбыздан түрлі салаттар, гаспачо, шырын, шербет, тосап және қарбыз қабығынан жасалатын цукат, қарбыз балы, тіпті сусындарға арналған мұз жасайды. Қарбызды тұздап, консервілеп, маринадтауға да болады. Нарықта қарбыз мәйегінен «нардек» деп аталатын ерекше бал да, кептірілген қарбыз ұнтағы бар. Оны негізінен емдік мақсатта пайдаланады. Құранда да қарбыз туралы бірнеше хадисте айтылады. Пайғамбар (с.ғ.с.) қарбызды піскен құрмамен қосып жегенді ұнатып: «Құрманың ыстығы қарбыздың суығын басады», - деген.

Айтпақшы, мақаланы дайындау барысында белгілі кәсіпкер Қанат Мұсаевтың қауын мен қарбыздан «Қауын балы», «Қарбыз балы» деген атаулармен тосап шығарып жатқанын естідік.
– Толықтай таза, табиғи өнім. Ешқандай бояу қосылмайды. Құрамы тәтті қауын, қарбыз бен қант және лимон қышқылынан тұрады. Қазан айында ақмаялық диқаннан 7 тонна қарбыз алып, сонымен біраз тосап жасадық. Қазір қауын-қарбыздың таусылған кезі сондықтан шикізат тапшы, – дейді кәсіпкер.
Иә, ауданға бақша өнімдеріне арналған қойманың қажеттігі осыдан да көрініп тұр. Кәсіпкер шығарған тәтті дәмі таңдайда қалатын өнімнің ерекшелігі өзіміздің шикізаттан жасалуында. Алдағы уақытта кәсіпкердің ісі өрге домалап, ауқымы артса, ала жаздай қауын-қарбыз егіп, дайын өнімді қайда өткізерін білмей сабылған диқандардың ісіне де береке кірмек. Қара күзге дейін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тас жолын жағалайтындар да азаяр. Сондай-ақ қауын-қарбыз шикізат ретінде ғана емес, дайын өнім түрінде де халыққа ұсынылатын болады.
Қазақстанға таралған «Қазалы кәмпиті» сол ауданның атын республикаға танымал етті. Ендеше, қауын мен қарбыздың дәмі шығатын тәттіні нарыққа шығару шиеліліктер үшін де қиын іс емес. Ол үшін аудан әкімдігі тарапынан диқандар мен кәсіпкерлерді біріктіретін ауқымды жобалар, қажет болса шетелдік тәжірибе алмасу және ең бастысы жоғарыда айтқанымыздай қауын-қарбыз сақтайтын қойма қажет.
Гүлхан ЯХИЯ