Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қауынқақ пен қауынқұрт қалай жасалады?

Қауынқақ пен қауынқұрт қалай жасалады?

Балдай тәтті қауынқақты жеген де арманда, жемеген де арманда
Былтыр Шымкентте таныс бір апай Отырардан алып келіп, қауынқақ сатты. Өзі әлеуметтік желілерді пайдаланбайтын болған соң facebook-та «Қауынқақ сатылады. Келісі 1000 теңге. +7 707-ден басталатын осы байланыс нөміріне хабарласыңыз» деп хабарландыру жаздым. Өзге өңірлерде тұратын достарым «қауынқақ деген не?», «Ол қалай жасалады?» деген сұрақтарын жаудырды. Қауынқақтың дәмін татып, жеп көргеніммен оның қалай жасалатынын өзім де білмейді екенмін. Сондықтан биыл осы олқылықтың орнын толтыру үшін Отырар ауданына жол тарттым.
Алдымен Шымкенттегі «Самал»  автовокзалына барып, Шәуілдірге қатынайтын спринтерге жайғастым. 20-25 адам еркін сиятын көлікте арнайы теледидар қойылыпты. 1,5 сағат бойы «Шаншар» әзіл-сықақ театрының кезекті бір қойылымын тамашалап бардық. «Жұлдыз»  автобекетінен құрбым күтіп алды. Шәуілдір – Отырар ауданының орталығы. Содан соң екеуміз Шәуілдірден Көксарай ауылына баратын таксиге міндік. Екі ауылдың арасы 30-40 минут жер екен.
Көксарай көшелерінің бойында күннен қуат алатын арнайы жарық шамдары орнатылыпты. Жолдары тегіс. Мектептен қайтып келе жатқан оқушылардан басқа бос жүрген адам көрінбейді. Жүргізуші «біздің ауылда қауын егетіндер көп. Қазір қауынды үзіп, фураларға артып Ресейге жөнелтіп жатыр» деп бізді айтқан мекенжайымызға жеткізіп тастады.

Шынында да бір топ жігіттер тау боп үйіліп жатқан қауынды баппен алып, қораптарға салып, фураға артып жатыр екен.

«Бізде сағат 13.00-мен 15.00-дің арасында түскі үзіліс. Сіздер соған тап келдіңіздер. Қауынқақ жасап жатқан апайларды енді біраз күтулеріңізге тура келеді» деді біреуі.

14.00-ден асқаннан кейін адамдар жинала бастады. «Атым – Марта, фамилиям – Садықбекова» деп, жылы жымиып, өзін таныстырған апай жол бастады. Ол қауынқақ жасайтын қыз-келіншектердің бригадирі екен.
  «Барыс құрылыс» шаруа қожалығының басшысы Ержан Әбілов  3 жылдан бері ауылымызда қауын-қарбыз, қызанақ, жүгері, жоңышқа, тағы басқа көкөніс, егіп, мол өніп алып, ауыл адамдарын жұмыспен қамтып отыр. 60 гектар жерге қауын еккен. Былтырдан бастап, қауынқақ жасауды қолға алдық,   деп бастады әңгімесін.

 Піскен қауын Ресейге жеткізіледі. Ал алыс жолға жарамайтындарын іріктеп, қауынқақ жасаймыз. Қазір күнделікті қауын тілуге 8 қыз-келіншек шығады. Күніне 800, кейде 1000 қауынға дейін тілеміз, –  дейді Марта апай.

Биік теректердің арасында тілінген қауынды ілуге арналған ағаштан арнайы орын жасалған.

Қауын тіліп отырған апайлар көңілді. Бірі қауынды тіліп жатса, екіншісі тілінген қауынды ағашқа іліп жатыр. Тағы бірі кепкен қауын тілігін жинап жатса, енді бірі оларды өріп, қауынқақ жасап отыр. Олардың күнделікті жасайтын жұмысы осы. Осы жұмыс үшін әрқайсысы күніне 2000 теңге алады.


  Қауынқақ жасауды бала күнімізден көріп өстік ғой. Төрт-бес бала бір есекке мінгесіп, қауын піскен алқапқа баратынбыз. Үлкендерге қауын үзуге көмектесетінбіз. Отырар ауданындағы Балтакөл ауылын қауынқақтың отаны десек те болады. Әрбір үй жасайтын. Анам да жылда 200-300 кг қауынқақ жасап, сататын. Адамдар үйден алып кетіп жататын. Ол кезде қақ қымбат болатын. Тәуелсіздік алып, теңге ауысқанда қауынқақтың келісі тиын боп қалды. Дүкендерде ұзақ уақыт 3-4 тиынға өтпей тұрды. Сұраныс болмағаннан кейін біраз қақ та жасалмай кетті. Ал қазір адамдар қайта табиғи өнімді тұтына бастады. Мысалы, былтыр 1 тонна қауынқақ жасап, саттық. Қаппен алатын болса, келісін 700 теңгеден өткіздік. Түркістан, Шымкент, Алматы қалаларына жібердік. Ал биыл Мәскеуге жөнелтпекпіз. Сондықтан қауынды жіңішке етіп өріп жатырмыз. Былтыр жуандау етіп өргенбіз, –  дейді Марта апай.
 

ГүлжаҺан Жұмашева – үш ұл-қыздың анасы. Үйде бос отырмай, осындай маусымдық жұмыстарға шығып, қол ұшын созатыны бар. Бір жағы ойы бөлінсе, бір жағы азын-аулақ нәпақа табады. Гүлжаһан апайдан қауынқақтың қалай жасалатынын сұрадық.

 Алдымен қауынның қабығын аршып, дәнін алып тастаймыз. Сосын қауынды жіңішкелеп тіліп, жайып қоямыз. Ол бес-алты күнде желмен, күнмен кебеді. Кепкен соң, жинап алып, қарбыздың суымен жуып, сосын өреміз. Қарбыздың суы сыртындағы шаң-тозаңын кетіреді және басқаша дәм қосады. Бір-екі рет көрсе, қауынқақты кез келген адам жасай алады. Қыста суық тигенде пайдалы. Ыстық күнде жесең тілің ойылады. Сол үшін қысқа қарай, яғни күн салқындағанда жеу керек, –  дейді Гүлжаһан апай.

Рабиға осы ауылдағы Мұхтар Әуезов атындағы жалпы орта мектептің 10-сыныбында оқиды. Сабақтан тыс уақытында келіп, көмектесіп жүр.
 Сабағым сағат 14.00-де бітеді. Киімімді ауыстырып, түскі асымды ішіп, 15.00-де осында келемін. Уақытша жұмыс ғой, сабағыма еш зияны жоқ. Өзіме география, тарих пәндерін жақсы көремін. Болашақта музей қызметкері болғым келеді. Ал қауынқақ жасауды осында келіп үйрендім. Маған қауынды өрген ұнайды. Үш тілікті алып, қыздың шашын өргендей өріп шығамын, –  дейді Рабиға.

Ауыл адамдары қауынқақтан бөлек, қауыннан құрт пен тосап та жасайды екен.
 Қауыннан жасалған құрт «қауынқұрт» деп аталады. Қауынды қазанға сап, бір күн бойы ошақтың астына от жағып, қайнату керек. Суы тартылып, қоймалжың болған кезде басын біріктіру үшін ұн немесе тәтті ұнтақ қосамыз. Суыған соң, ақ мата төсеп, өреге қасықтап құйып шығамыз. Кепкен кезде дәмі тіл үйіреді. Бұдан бөлек қауыннан тосап жасап жүрміз. Тәтті болған соң, қанттың да көп керегі жоқ. Өзім 8 ұл-қыздың анасымын. Күйеуім осы шаруа қожалығында агроном. Несібемізді жерден теріп жеп жүрміз жандармыз. Жұмыста талапшылмын. Тазалыққа қатты мән беремін. Қауынның адам денсаулығына пайдасы ұшан-теңіз ғой. Құрамында  А, В, С дәрумені көп. Көздің көруін жақсартады. Бүйрек ауруының алдын алады. Ішекті тазартады. Қауынқақ пен қауынқұрттың да пайдасы мол. Өйткені ол қауыннан  жасалатын табиғи өнім. Зиянды қоспалары көп тәттілерден бас тартып, табиғи өнімді тұтынғанға не жетсін?! Қазір адамдар мұны жіті түсініп келеді, өйткені сұраныс артуда, –  дейді Марта апай.

Осылайша бұл сапарымда қауынқақтың қалай жасалатынын өз көзіммен көріп ғана қоймай, қауынқұрттың да дәмін татып қайттым. Атын естігенде есіме түспеген, кейін дәмін татқан соң, есіме еміс-еміс естеліктер оралды. Марқұм әжем жасайтын. Балалық шақтың бал дәмі...
https://el.kz/
17 қаңтар 2019 ж. 1 546 0