Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Төңкерістің тамаша тіршілігі

Төңкерістің тамаша тіршілігі

Сәрсенбінің сәтті күні әріптесім Ерұлан екеуміз түсауа Төңкеріс ауылдық округіне жол тарттық. Ондағы мақсат – ауылдың тыныс-тіршілігі, кәсібі мен нәсібін бағамдау. Жол жүруге сайланған тілшілер қауымына аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Мұрат Әшірбеков көмекке келіп, еңбекқор ауыл тұрғындары жайында мәліметтерін ұсынды. Осылайша елім деген ердің ісіне біздің де көңіліміз марқайып қалды.
Төңкеріс ауылында қауыннан қақ тіліп, кәсіп жасап жүрген ағайынды Әсемхан мен Оразхан Арыстановтардың барына қаныққан біздер бірден егіс алқабына бет бұрдық. Қауын-қарбыздан бөлек қызанақ, сәбіз секілді көкөністерді жиып-теруге кіріскен ағайындылар құшақ жая қарсы алды. Отбасындағы балаларын да еңбекке баулып, қыстың қамына кіріскен. Егістіктің ортасына ағаштарды қадап, қауын тіліктерін сонда ілуде. Таңдайыңнан дәмі кетпейтін қауынқақты бұрындары барлық үйден табуға болатын. Бүгінгі жастар үшін таңсық, ұмыт бола бастаған қауынқақты жасау үшін де шыдамдылық қажет. Ата кәсіпті жалғаған Ә.Арыстанов:
– Қазақтың байтақ даласына егін егіп, маңдай тер, қара күшпен адал еңбек етуді атамыз Бектас Қаңлыбайдан үйрендік. 1969 жылдары Дарияның «Төңкеріс» тұсынан саға салып, 27 шақырым каналды қолдан қазуға халықты ұйымдастырғандардың бірі болатын. Бүгінде «Бектас» арығы әлі бар. Ал қауынқақ жасауды бала күнімізден көріп өстік ғой. Төрт-бес бала бір есекке мінгесіп, қауын піскен алқапқа баратынбыз. Үлкендерге қауын үзуге көмектесетінбіз. Марқұм шешеміз әндетіп жүріп тоннаға дейін қауынқақ өретін. Алайда, кейбір жылдары сұраныс болмағаннан кейін біраз уақыт қақ та жасалмай кетті. Ал қазір адамдар қайта табиғи өнімді тұтына бастады. Тіпті көрші аудандар алдын-ала тапсырыс беріп те қойды.
Деректерге сүйенсек, қауынның адамға пайдасы ұшан-теңіз. Оның кез келген сортының 100 грамм бөлігі ағзаны бір күндік С дәруменімен қамтамасыз етеді екен. Бұл дәрумен адам ағзасындағы ұлпалардың қалыпты жағдайын сақтауға септігін тигізіп қана қоймай, жара орындарының тез бітелуі мен тіс, сүйектердің тез қалпына келуіне мүмкіндік жасайды. Қауынның құрамында А дәрумені де молынан кездеседі. Теріңіз бен көзіңіздің қарашығына жақсы әсер етіп қана қоймай, көздің көруін жақсартады. Сондай-ақ қауынның көптеген түрі В дәруменіне бай. Бұл дәрумен қант пен көмірсуларды өңдіретін болғандықтан денеңіз күні бойына қуатқа толы болады.
Барлық жемістер пен көкөністер секілді қауынды арықтауға қолдануға болады. Оның калориясы өте төмен әрі май құрамында мүлде жоқ. Құрамындағы судың көптігі күні бойы өзіңізді тоқ сезінуге мүмкіндік береді. Күн сайын таңертеңгі асыңыз ретінде қолдансаңыз, бүйрек ауруының туындау мүмкіндігі төмендейді. Қауын ішектерді тазартып, іш қатудың алдын алады. Құрамындағы минералдар асқазанда туындайтын ауруларды жойып, қышқылдық ортаны реттейді. Тағы бір пайдасы қауынның құрамындағы дәрумендер терінің саулығын қамтамасыз етеді. Қарттықпен күресте қауын өте тиімді. Шашыңыздың саулығына да әсері жоғары.
Дәрумендерге бай қауынқақты жасау үшін қанттылығы жоғары сортты қауындар таңдап алынады. Қауынды тұтастай кептіріп, ортасынан бөліп, тұқымын алып тастайды. Қабығын аршиды да, қалыңдығы 2-4 см етіп ұзынынан тіледі. Тіліктерді іліп, кептіріп қояды. Қауын әбден кеуіп, иілгіш, ашық-сары не болмаса ашық қоңыр түске енгенде қарбыздың суына жуады. Ол бес-алты күнде желмен, күнмен кебеді. Қарбыздың суы сыртындағы шаң-тозаңын кетіреді және басқаша дәм қосады. Оны шаш өрім құсатып өреді. Бір-екі рет көрсе, қауынқақты кез келген адам жасай алады. Қыста суық тигенде пайдалы. Ыстық күнде жесең тілің ойылады. Сол үшін қысқа қарай, яғни күн салқындағанда жеу керек, – дейді О.Арыстанов.
Бүгінде қимылдағанның қыр асатынын бәрі біледі. Алайда, машақаты көп іс деп, дайын өнімді тұтынуды жөн санаймыз. Қыстың күндері 1 кг қауынқақ 1000-1500 теңгеден сатылады. Одан бөлек ағайынды Арыстановтар қауынның ішіндегі дәндерін де кептіріп, тұқымдыққа сақтайды. Ерте көктемде оған да сұраныс артатын көрінеді.
Күріші жайқалып, ырысы тасыған Шиелінің қай шетіне барсаңыз да, қызу қайнаған тіршілікке тап боласыз. Бел жазбай еңбек еткеннің берекесі артып, ризығы көбейеді. Жөл жөнекей төңкерістіктердің аузында жүрген Гүлнар Қожабаеваның кәсібін де көзбен көріп қайтуды жөн санадық. 4 баланың анасы жұмыссыз екенін айтады. Балаларының жазда баптаған қызанақ, сәбіз, болгар бұрышы сынды көкөністерін жиып-теріп, түрлі салаттар қайнатып банкаға басады. Алғашында айналасындағы көршілеріне сатудан басталған шағын кәсібі тұрғындар арасында қолдау тауып, көрші ауылдардан да тапсырыстар түсе бастайды. «Бір күнде 100-200 банка күздік салаттар мен тосап, кампот басамын. Қажетті өнімдерді тапсырыс беруші өзі әкелсе, 1 банка үшін 100 теңге төлейді. Ең бастысы отбасыма бір жәрдемім тисе болғаны» дейді Г.Қожабаева.
Жолдасы жеке шаруашылықта мал бағумен айналысатын еңбекқор ана жұмыссызбын деп ешкімге алақан жаймайды. Қолы епсекті анаға күйеуі, балалары көмектеседі. Қолда барды ұқсатып, пайдаға жарата білу де өнер. Қос қолды қусырып, «алма піс» деп жүргендер қаншама. Жұмыссыздықтың тізімінде тұрмын деп керілмей, белі бүгіліп, қас қарайғанша жұмыс істейтін Гүлнар апаның ісі берекелі әрі көпке үлгі болсын.


Гүлнәр
ДҮЙСЕБАЙ

14 қыркүйек 2019 ж. 1 408 0