Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ӨНІМ ЖОҚ, ЕСЕП БАР

ӨНІМ ЖОҚ, ЕСЕП БАР

«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде». Бұл бүгінде әрбір жанның жүрек түкпіріндегі шын тілегі. Себебі еліміздегі денсаулық сақтау жүйесіне деген сенім күн санап әлсіреп барады. Тіпті ауру – өмірдің емес, әмиянның сынағына айналғандай. Мінсіз болуы тиіс медициналық қызметтің сапасы, тиімділігі, және қолжетімділігі туралы сөз қозғалса, ашынған азаматтардың жанайқайы төбе құйқаңды шымырлатады. Мемлекеттен бөлінген миллиардтаған қаражаттың қайда кетіп жатқаны беймәлім. Ал отандық фармацевтиканың дамуы жайлы айтсақ, бұл саладағы жүйесіздік пен жауапсыздық ел қауіпсіздігіне төнген нақты қатерге айналып отыр.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне халық ай сайын жарна аударады. Бірақ қарапайым азамат бұл жүйеден не ұтты? Көпшіліктің жауабы – ештеңе. Керісінше, медициналық көмек алу – ұзақ кезек пен бейберекет бюрократияға тіреледі. Ал дәрігерлер тағайындаған дәрідәрмектердің сапасы мен тиімділігі – үлкен күмән тудырады. Әсіресе, отандық өнімдерге келгенде бұл күмән еселенеді. Мемлекет отандық фармацевтиканы қолдауға аянбай қаржы бөліп отыр. 2022- 2024 жылдар аралығында медицина ғылымына 58 млрд теңге жұмсалды. Бұл – аз қаражат емес. Алайда, биомедициналық зерттеулерді тіркеу жүйесі, клиникалық база тізілімі – әлі жоқ. Ғылым мен өндірістің арасындағы көпір салынбаған. Ал нәтижесі қандай? Соңғы он жылда Қазақстанда тек екі түпнұсқа отандық дәрі тіркелген – йод пен QazVac вакцинасы. Жоғарғы аудиторлық палатаның мәліметінше, бұл екі өнімге 4 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалған, бірақ біреуі ғана Ұлттық дәрілік формулярға енгізілген. Демек, өнім де жоқ, пайда да жоқ. Қаражаттың қайда кеткенін анық түсінуге тырыссаңыз, тұмшаланған есептер мен шала жауаптардан басқа ештеңе таба алмайсыз. Отандық фармацевтиканы дамыту үшін мемлекет тарапынан үлкен преференциялар берілуде. Соңғы үш жылда бұл салаға бөлінген жеңілдіктер көлемі – 148 млрд теңге. Бірыңғай дистрибьютор отандық өндірушілермен 10 жылға дейін ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасады. Яғни өндірсең болды – сатып алушы дайын. Алайда қайшылық мынада: дәрі-дәрмек өндірісі артуы тиіс кезде, керісінше, азайып жатыр. Егер 2019 жылы отандық компаниялар 968 түрлі препарат жеткізсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 507-ге дейін қысқарған. Бұл – нарықтың өзі емес, саяси ерік пен жоспарлаудың дағдарысы. Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов атап өткендей, дәрі-дәрмек бағасына қатысты мәселелер жоқ емес. Шекті баға жүйесінің өзінде өрескел бұзушылықтар анықталған: маркетинг пен логистика шығындары еселеп қосылады, препараттар түпнұсқадан да қымбат бағада сатылады. Мәселен, парацетамол – зауыттық бағасы 59 теңге, Қазақстанда 144 теңгеге дейін жеткен. Терафлю – зауыттық бағасы 1500 тг, Қазақстанда – 3300 теңге. Қарасаңыз, бірдей дәрі-дәрмектің бағасы әртүрлі дәріханада 3-5 есеге дейін өзгереді. Бұл – тек нарықтың емес, мемлекеттік бақылаудың да әлсіздігін айқын көрсететін деректер. Шын мәнінде, бұл жүйе қазір халықты емес, делдалдар мен пайдакүнемдерді қорғайтын құрылымға айналып бара жатыр. 2022-2024 жылдары бюджет қаржысына алынған 68 мыңнан астам дәрі-дәрмек жарамсыз күйде қалып қойған. Кейбірінің қолдану мерзімі өткенше 2-3 күн ғана қалған. Бұл фактілер мемлекет есебінен келтірілген 154,6 млн теңге шығынды ғана емес, адамдар өміріне қауіп төндірген қылмыстық салғырттықты білдіреді. Депутат Нартай Сәрсенғалиев бұл мәселені тікелей көтеріп, қатаң сынға алды. Расында, жарамсыз дәріні жеткізген мекеме жазаланды ма? Оны қабылдаған қызметкер ше? Ал оны халыққа берген дәріхана ше? Қазақстанда отандық фармацевтиканы дамыту тек экономикалық қажеттілік емес, ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналды. Импортқа тәуелді болу – өзгенің қолындағы денсаулық пен өмірге тәуелді болу деген сөз. Жауапсыздық пен жүйесіздік салдарынан мемлекет қыруар қаржысын жоғалтып қана қоймай, ең бастысы – азаматтардың сенімін жоғалтып отыр. Біріншіден, ғылыми зерттеулердің нақты нәтижесіне қарай қаржыландыруды қайта қарау. Әр тиын нақты нәтиже беруі тиіс. Екіншіден, фармацевтикалық өнімдерді қадағалайтын тәуелсіз орган құру. Бұл орган маркетингке емес, тиімділік пен қауіпсіздікке басымдық беруі керек. Үшіншіден, дәрі-дәрмек бағасын реттейтін механизмді цифрландыру және ашық ету. Яғни барлық баға бір дереккөзде, бір жүйеде, халыққа қолжетімді болуы қажет. Төртіншіден, жауапкершілікті нақтылау. Жарамсыз немесе сапасыз дәрі таратқан ұйым мен қызметкер міндетті түрде жауапқа тартылуы керек. Бесіншіден, отандық фармкомпанияларға нақты нәтиже мен инновация талап ету. Тек жеңіл өнім емес, шынайы ғылыми жетістікке жеткен жобаларға ғана қолдау көрсету қажет. Бүгінгі таңда отандық фармацевтиканы дамыту туралы айтылған әр уәде – тек қағаз бетінде қалмауы тиіс. Бұл салада реформа өмір мен өлімнің, үміт пен күмәннің аражігін ажыратады. «Әділетті Қазақстан» деген ұран тек саяси риторика емес, нақты нәтиже мен реформалар арқылы дәлелденуі тиіс. Өйткені бұл – жай ғана дәрі мәселесі емес. Бұл – халықтың өмірі мен денсаулығына деген көзқарастың айнасы.

С.МАДИЯРОВА


02 шілде 2025 ж. 78 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№48 (9315)

01 шілде 2025 ж.

№47 (9314)

28 маусым 2025 ж.

№46 (9313)

24 маусым 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031