Сексен сегіз жыл бұрын соғылған ғимарат сүрілді...

Мәселенің мән-жайын анықтау үшін Шиелі кентінің әкімі Аманкелді Өмірәліге хабарластық.
– Өзіңіз білесіз, аудан орталығындағы бұл ғимарат тозығы жетіп, кенттің архитектуралық келбетін бұзып, қазірғі заманның талабына ешбір сәйкес келмей тұрған. Сондықтан аудан басшылығы ғимарат иелерімен келісімге келе отырып, тұрғындарға қауіп төндіріп тұрған нысанды сүру жайлы шешім қабылдады, – деді.
Осы ғимараттың тарихын білмек мақсатымен аудан ардагерлері Қуандық Әлтаев, Сұлтанбек Оразымбетов, Жақылық Әлиевтермен сұхбаттастық. Сондағы білгеніміз мынау болды.
Нысан 1938 жылдары соғылған көрінеді. Кезінде бұл жерде райком, райисполком, аудандық комсомол комитеті, білім бөлімі, халықтық бақылау комитеті, «Өскен өңір» газетінің редакциясы және одан да басқа бірнеше мекемелер мен қоғамдық ұйымдар жұмыс істеген. Нарықтық заман тұсында бұл ғимаратта кәсіпкерлерлік нысандар да халыққа қызмет көрсетті.
Аудан тұрғындарының көпшілігінде бұл жерде енді не соғылады, жер жекеге өтіп кетпей ме деген алаңдаушылық барын байқадық. Біздің қолымызда әзірге, жер мен ғимарат кімнің иелігінде болған, қазір кімге өткені жайлы құжат жоқ. Сондықтан ол жайлы әзірге ешнәрсе дей алмаймыз.
Дегенмен кент әкімінің сұхбаттасқанымызда түсінгеніміз бұл жерде болашақта автотұрақ салынып және оның айналасында абаттандыру көркейту, көгалдандыру жұмыстары жүргізілетінін тілге тиек етті.
Автотұрақ салынып жатса, осында бейберекет жол ережесін бұзып жаяу жүрген адамдарға қауіпті жағдай туғызатын жүргізушілер легі азаятыны да рас. Ендеше құрылыстың басы-қасында жүрген азаматтарға бастаған істеріңіз оң болсын деуден басқа айтарымыз жоқ.
Айдар Бақытжанұлы