Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТАЗАЛЫҚ ТАМЫРЫ – ТУҒАН ЖЕРДЕН БАСТАЛАДЫ

ТАЗАЛЫҚ ТАМЫРЫ – ТУҒАН ЖЕРДЕН БАСТАЛАДЫ

Қоршаған ортаны қорғау – әрбір азаматтың перзенттік парызы. Осы орайда елімізде жыл сайын өткізілетін «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы – ел болашағына, табиғаттың тұма тазалығына бейжай қарамайтын жандардың нағыз бірлік пен белсенділіктің үлгісін көрсететін ауқымды шара. Биыл бұл акция «Taza Laik» салтанатты іс-шарасы аясында жаңа серпінмен өтіп, өңірлерде кең көлемде ұйымдастырылуда. Соның ішінде ауданда қолға алынған жұмыстар айтарлықтай ауқымды әрі жүйелі сипатқа ие.
Экологиялық іс-шаралар жоспары түрлі кезең мен тақырыпқа бөлініп, нақты бағыттар бойынша жүзеге асырылып келеді. «Таза қала», «Таза кәсіп – таза аймақ», «Таза өлке», «Таза аймақ», «Таза жағалаулар», «Жасыл аула», «Өз ағашыңды отырғыз», «Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу күні» секілді атаулармен аталған апталықтар – тек атау үшін емес, мазмұндық, практикалық жағынан да жүйелі, тиімді бастамаларға айналды.
Апталықтар шеңберінде сенбілік шаралар белсенді түрде өткізілуде. Әр апта сайын ауданның түрлі мекемесі – мектеп, балабақша, аурухана, ауыл әкімдіктері мен тұрғындар жұмыла әрекет етіп, бекітілген аумақтарды тазарту, арамшөп жұлу, қоршауларды ақтап-сырлау, тұрмыстық қалдықтарды шығару жұмыстарымен айналысуда. Бұл – тұрғындардың экологиялық сана-сезімінің артуына ықпал ететін нақты қадам.
Шиелі ауданы бұл акцияға ерекше серпінмен кірісіп, іс жүзінде нәтижелі жұмыстармен көзге түсіп отыр. Әр сенбі сайын аудан көлемінде 1000-1500-ге жуық адам мен 10-15 техника жұмылдырылып, ай сайын 450-500 тоннаға дейін тұрмыстық қатты қалдықтар арнайы полигондарға жеткізіліп отырады. Бұл – тек сан емес, тазалыққа деген нақты көзқарастың көрсеткіші.
Кент ішіндегі санитарлық тазалыққа жа­уапты «Формула безопасности-Астана» ЖШС-і тұрмыстық қоқысты қаппен, контейнермен жинап, тиісті орындарға жеткізіп беру жұмыстарын жүйелі ұйымдастыруда. Бұл да жергілікті билік пен жеке серіктестіктің бірлесе әрекет етуі арқасында мүмкін болған игі істің бірі.
Климаттық жағдайға бейімделген ағаш түрлерін отырғызу – экологияны жақсартудың тиімді әрі ұзақмерзімді тәсілі. Осы бағытта —ауданда отырғызылуы тиіс 34 300 түп ағаштың орнына 34 350 түп жасыл желек егілуі – межеден асыра орындалған нақты көрсеткіш. Қарағаш, терек, Сыр талы секілді табиғатпен үндесетін ағаш түрлері елді мекендерге көрік беріп қана қоймай, экожүйені жақсартуға да өз үлесін қосатыны сөзсіз.
Жүзеге асырылып жатқан жұмыстар жайлы дер кезінде хабарлау – қоғаммен кері байланыстың нәтижелі болуының кепілі. Осы мақсатта аудандық «Өскен өңір» газетінің беттерінде және «Facebook» желісінде «Таза Қазақстан» акциясына байланысты кең көлемде мақалалар жарияланып, аудан тұрғындары күнделікті ақпараттандырылып отыр. Бұл – халықтың тек орындаушы емес, белсенді қатысушы болуына жол ашатын маңызды құрал.
«Таза Қазақстан» – жай ғана экологиялық акция емес, бұл – болашаққа бағдар, табиғатқа тағзым, елге деген ерен жауапкершіліктің нақты көрінісі. Шиелі жеріндегі жарқын бастамалар – бұл игі іске ел болып жұмыла кірісудің, бірліктің, ұлт болашағына бейжай қарамаудың дәлелі. Табиғатты қорғау – бүгінгі ұрпақтың міндеті, ал оны келер ұрпаққа таза күйінде табыстау – тарихи аманат.

Сұлушаш МАДИЯРОВА
25 маусым 2025 ж. 114 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№52 (9319)

14 шілде 2025 ж.

№51 (9318)

12 шілде 2025 ж.

№50 (9317)

09 шілде 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031