ТҮРКІСТАН: тарихи-танымдық саяхат

Арыстан баб кесенесі: Байтақ даланың киелі нысаны
Алдын ала сапарға әзірленген мамандар автокөлікпен сапарға шықты. Алдымен қатысушылар киелі Отырар жеріне табан тіреп, бабалар ізі қалған Арыстан баб кесенесін көрді. Саяхатшылар біраз мағлұматтарға қанық болып, тың деректерге куә болды. Арыстан баб кесенесі — XII ғасырда тұрғызылған, Әмір Темір Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесінен бұрын осы кешенді салғаны жөнінде аңыз бар. Ол заманнан, XIV-XV ғасырлардан тұрпатын бұзбай сақталып келе жатқан кесене бөлігі – кіреберістегі ағаш бағаналары ғана нағыз түпнұсқа деп жатты білушілер. Кесене дәлізхана, мешіт, құжырахана, азан шақыратын мұнара сияқты жеке бөлмелерден құралған. Кесененің ең көне бөлігі қабірхана болуы тиіс. Қазір де оның едені басқа бөлмелермен салыстырғанда едәуір биік.
Арыстан баб кесенесінің үстінде ешқашан бұлт тұрмайды дегенді тарихи әңгімелерден естіген едік. Сол күні аспан ашық, күннің шуағы шашылып, жарқырап тұрды.Түркістанға табаны тиген мемлекеттік қызметшілер шаршағанын ұмытып, одан әрі ортағасырлық өркениет ізі сақталған Отырар (Фараб) қалашығын аралады.
Қазақтың ежелгі шаһары
Шиеліліктер Арыстан баб кесенесінен соң неше ғасырлық тарихы бар Отырар қаласын тамашалау мүмкіндігіне ие болды. Сапар барысында олар Отырар жайлы жан-жақты біліп, ежелгі қалаға қатысты жәдігерлерді көзімен шолу жасап шықты.
Оңтүстік Қазақстан аумағында, Арыс өзенінің Сырдарияға барып құяр жеріндегі жазирада ірге тепкен Отырар қаласы – тарихта Тұрарбанд, Тұрар, Тарбанд, Фараб аттарымен белгілі қала орны. Отырар ортағасырлық ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби туған аймақ астанасы ретінде кеңінен танымал. Бұл шаһар ХVІ-ХVІІІ ғасырларда Қазақ хандығының саяси және экономикалық орталығы болған. Сапар барысында Отырар туралы адамдар жан-жақты біліп, ежелгі қалаға қатысты жәдігерлерді көзімен шолу жасап шықты.
Деректерге сүйенсек, алғаш рет «Отырар» және «Фараб» атаулары жазба деректерде б.д. IX ғ. кездеседі. X-XII ғғ. кезеңі, моңғол шапқыншылығы тамырын шапқан қалалық өмірдің гүлдену кезеңі болды. Отырар қалашығының пайда болған кезеңін археологтар б.з.б. І ғасырға жатқызады. Ежелгі заман шежірешілерінің жазбалары бойынша: «Отырардың аумағы ұзындығы мен еніне қарай шамамен бір күндік жер болған». Яғни Отырар сол кезде 200 гектардай жерді алып жатқан. Ал оның аудандарында түрлі әдемі ою-өрнекпен өрнектелген үйлер мен әр ауданның тұрғындарына тән атаулары болыпты.
Археологиялық зерттеулердің нәтижесіне қарағанда, Отырардың кез келген жауға қарсы тұра алатын берік қамалы, айнала қазылған тереңдігі екі метрдей, ені 10-15 метр болып келетін сулы ор үстіндегі аспалы көпірлермен жабдықталған үш қақпасы болған. Олар арқылы жұрт қаланың орталығына шыға алады екен.
Сонымен бұл қалашық – ортағасырлық қалалардың ішінде мәдени орталық болып саналған. Бұл – білімнің, ғылымның, мәдениеттің, медицинаның, өнердің дамыған жері. Археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде табылған жәдігерлер бүгінгі рухани және материалды мәдениетіміздің негізі, қайнар көзі, рухани құндылығымыз және ұлттық мақтанышымыз болып саналады.
Қазақтың ежелгі шаһарын аралап болған мемлекеттік қызметшілер әрі қарай сапарын Отырар мемлекеттік археологиялық музей-қорықтағы бай тарихи жәдігерлермен жалғастырды.
Отырар қорық-музейі – ел тарихының айнасы
Музейге кіре сала бізге ішкі аурасы қатты ұнады. Кең, жарық. Мұндағы әр жәдігер халқымыздың өмірі мен тұрмыс-салтынан құнды деректер береді. Олар әр заманнан бүгінгі бізге жоғалмай жеткен адамзат тіршілігінің іздері десек қателеспейміз. Музей қызметкерлерінің айтуынша, ғимараттың іргетасы 1979 жылғы 9 қазанда қаланып, 1982 жылы толық пайдалануға берілді. Міне, содан бастап мәдени-ағарту және Қазақстанда алғаш рет археологиялық тарихи ескерткіштерді қорғау мекемесі ретінде жұмыс істеп келеді. ҚазССР Министрлер Кеңесінің 1979 жылғы 11 мамырдағы шешімімен ғылыми-зерттеу, мәдени-ағарту және археологиялық ескерткіштерді қорғау мекемесі ретінде құрылды.
Айта кетейік, бұл жаққа 1982 жылы 22 маусымда сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің біріншісі хатшысы Д.А.Қонаев келіп, археологиялық-этнографиялық көрмемен, болашақ экспозицияның жобасымен танысып, қонақтардың пікір кітабына өз қолтаңбасын жазып қалдырды.
Қорық-музей ашылғаннан бері республика көлемінде археологиялық жәдігерлерді зерттеу, қазба жұмыстарын жүргізу, реставрация және консервация арқылы ескерткіштердің сақталуын қадағалайтын, сонымен қатар халқымыздың этнографиялық және рухани, мәдени мұраларын жинақтап, сақтау, зерттеу, насихаттау жұмыстарын жүргізетін бірден-бір мекеме болып қызмет істейді. Қазір музейде алты ғылыми-зерттеу бөлімі: қор сақтау, археология, тарихи ескерткіштерді қорғау, этнография, әдебиет және мәдени-көпшілік іс-шаралар, реставрация және консервация, экспозиция, экскурсия және қоғаммен байланыс бөлімдері мен кітапхана жұмыс істейді.
Саяхатшылар музейді бір бағдарлап болған соң, естелік суретке түсіп, өз ойларымен бөлісті. Сондай-ақ сол сәтте Отырар музейі ұжымына аудан әкімдігінің Алғыс хаты табысталып, музейдің ел тарихын насихаттаудағы еңбегіне жоғары баға берілді.
Фараб кітапханасы – руханият шамшырағы
Рухани сапар Түркістан қаласында жалғасын тапты. Қызметшілер «Фараб» кітапханасына барып, Ұлы ойшыл, шығыстың Аристотелі атанған Әбу Насыр әл Фарабидің 1155 жылдығына орай ұйымдастырылған «Ұлы Даланың Ұлы тұлғасы – Әбу Насыр әл Фараби» атты дөңгелек үстелге қатысты.
Іс-шарада «Шиелі ауданы әкімінің аппараты» КММ Персоналды басқару бөлімінің басшысы Құттықыз Артыққызы төрағалық етіп, №47 мектеп-лицейдің шебер ұстазы, «Ы.Алтынсарин» және «ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері» төсбелгілерінің иегері Фатима Серікбайқызы және аудандық қоғамдық даму бөлімінің бас маманы Гүлшат Рысқалиқызы өздерінің тағылымды мардымды пікірлерін ортаға салды.
– Алдымен ниет етіп, осындай екі дүниенің есігі аталатын киелі Түркістандағы тарихи орындарға келуімізге тікелей түрткі болған аудан әкімі Айтбай Насриддинұлына алғысымды білдіремін. Керемет, рухани сапар болды. Бала күнімізден əке-шешеміздің айтуымен құлаққа сіңісті болған «Отырарда отыз баб, Түркістанда түмен баб, Сайрамда бар сансыз баб, Бабтардың бабы – Арыстан баб» деген исі қазақтың аңсары болған сайын даладағы рухани жəдігерлерді араладық. Тарихи құндылықтарымызды көзбен көріп, қолмен сипап ішімізден тəубе қылдық. Саф алтындай таза ауасын сіміре жұтып бойымызға қуат алдық, елімізге қорған болған, жеріміз үшін құрбан болған ата-бабаларымыздан қалған жəдігерлерді көріп ойымызға рухани құнар алдық, – деп ақ тілегін жаудырды ұстаз Фатима Қасқабаева.
Тағылымы мол шарада «Рухани өрлеу» шығармашылық орталығының мүшелері әсем ән мен жырдан шашу шашып, рухани кештің мазмұнын байытты. Фараб кітапханасы ұжымына да аудан әкімінің Алғыс хаты табысталып, Шиелі ауданының әндері мен күйлерінен құралған «Елге аманат» кітабы сыйға тартылды.
Фараб кітапханасынан біз нені байқадық? Бұл орта әмбебаптығымен, озық технология жүйелерімен қоса, бірегей жобаларды жүзеге асыратын кеңістік. Яғни үш қабатты ғимараттың әр бөлігі жанға жайлы үйлесіммен әсемделініп, шеңберінде «Fablab» өндірістік зертханасы, кәдесыйлар дүкені, кофехана, дыбыслаб студиясы, концерт залы (400 адамға арналған), оқу залы, мерзімді-басылымдар бөлімі, интернет бөлімі, балалар бөлімі, абонемент бөлімі, тарихи-өлкетану, әдебиеттер бөлімі деп әр аймаққа бөлінген.
Сонымен қатар төменгі қабат аймағы да бар, онда 480 мыңға арналған кітап қорын сақтау бөлімі, жеделсаты орналасқан. Қазір кітапханада 330 мыңға жуық кітап бар. Кітапханаға кітап сыйла акциясы бойынша және мемлекеттік, жергілікті ақын-жазушылардың туындыларымен кітап қорын көбейту жұмысы да табысты жалғасуда.
Мінекей, мемлекеттік қызметшілер бұл танымдық сапардан мол рухани серпіліс алып, ұлт тарихына, мәдениет пен руханиятқа деген құрметтерін тереңінен сезініп қайтты. Сапарлас болған замандастар осы бағыттағы бастамалардың мұнымен тоқтап қалмайтынына сенім білдіріп, тарқасты.
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ