Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Құттықыз Ратова: Мемлекеттік қызметші «Адал азамат» қағидатына сай болуға тиіс

Құттықыз Ратова: Мемлекеттік қызметші «Адал азамат» қағидатына сай болуға тиіс

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде мемлекеттік қызметті түбегейлі жаңғыртуды көздейтін ілкімді реформалар жүргізіліп келеді. Әсіресе «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» қағидатын ілгерілетуде мемлекеттік аппарат өкілдерінің бойында әділдік, адалдық, мемлекетшілдік секілді қасиеттерді орнықтыру ісі қолға алынды. Сондай-ақ жаңа заңнамалық актілер қабылданып, мемлекеттік лауазымдарға үміткерлерді іріктеу тәсілдері жетілдірілді. Осы орайда мереке қарсаңында мемлекеттік қызметтің бүгінгі жай-күйі, салаға енгізіліп жатқан жаңашылдықтар туралы аудан әкімдігінің кадр жөніндегі бөлім меңгерушісі Құттықыз Ратовамен сұхбаттасқан едік.
– Мемлекеттік қызметшілерге қойылатын нақты талап-міндеттер бар ма? Әкімдік қызметкері қандай болуы керек? Олардың тұлғалық болмысын жетілдіруде қандай құндылықтар негізге алынады?
– Мемлекеттік қызметшілердің ең басты міндеті – халыққа адал қызмет ету. Әрбір мемлекеттік қызметші осы қағиданы ұмытпауы тиіс. Халыққа жақын болып, кез келген жағдайда әділ болуы қажет.
Олар елдің мүддесін бірінші орынға қоятын, тез әрі дұрыс шешім қабылдай алуы міндетті. Себебі әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығы тікелей мемлекеттік қызметке байланысты. Нақты айтатын болсақ, ұлт мәртебесін көтеретін, ел абыройын асқақтататын мемлекеттік қызметкер болу – жауапты міндет. Өйткені, ол қай кезде де биліктің биік бейнесін, іскерлік қабілетін көрсетеді.
– Кейінгі уақытта кадрлық саясатта жастарға басымдылық беріліп келеді. ­Жастар осы мүмкіндіктерді қалай қолдануда?
– Иә, өзекті тақырыптың бірі Президенттік жастар кадр резерві – Мемлекет басшысының мемлекеттік басқару жүйесіне талантты ­жастарды тартуға бағытталған бастама. Мақсаты – барынша даярланған және тәжірибелі жастар үшін мемлекеттік басқару және квазимемлекеттік сектор жүйесінде басшы лауазымдарға орналасуға бірегей мүмкіндік.
Іріктеуге жасы 35-тен аспаған, жоғары білімі және 5 жыл жалпы жұмыс өтілі бар, мемлекеттік тілді В1 деңгейінен төмен емес меңгерген Қазақстан Республикасының азаматы қатыса алады. Іріктеу бірнеше кезеңнен тұрады және 2025 жылдың маусым-қазан айлары аралығында өтеді. Оның қорытындысы бойынша резервке үздік 50 кандидат іріктелетін болады.
Резервке қабылданған күннен бастап 3 жыл ішінде резервшілер конкурстық іріктеуден өтпей тікелей түрлі мемлекеттік лауазымға тағайындалуы мүмкін.
Жалпы «Президенттік жастар кадр резервін жас мамандардың өздерін жан-жақты көрсетуіне, білімі мен әлеуетін пайдаланып, мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік секторда жауапты лауазымдарға көтерілуіне жол ашады.
Сондай-ақ қазіргі таңда елімізде мемлекеттік қызметке кіруді барынша жеңілдету мақсатында «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына конкурстық іріктеусіз тағайындалу бойынша белгілі нормалар қабылданды. Атап айтқанда, жоғары оқу орындарын мемлекеттік грант есебінен үздік аяқтаған түлектер диплом алғаннан кейін бір жыл ішінде аудандық және ауылдық деңгейдегі «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына заңнамалардан ешқандай тест тапсырмастан конкурстан тыс тағайындала алады.
Соның аясында өткен жылы ауданымызда 3 мемлекеттік қызметке оқуын жаңа аяқтап келген, білім көрсеткіштері белгіленген мәннен жоғары жастар ешқандай конкурссыз орналасты. Атап айтсам, Сымбат Сейілханова – Тұран ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы қызметін уақытша атқарды. Тахмина Оразаева – Жөлек ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы және Жуантөбе ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы лауазымына Мерей Қалмұхамедова конкурссыз негізде жұмысқа қабылданды.
Өздеріңізге белгілі мемлекет тарапынан осындай жас мамандардың кедергісіз мемлекеттік қызметке кіруіне жағдай жасалып, үлкен мүмкіндіктер берілуде.
– Түсінікті. Жалпы мемлекеттік қызметкер атану көп адамға қол жетпес қызметтей көрінетіні рас. Шынымен солай ма? Мәселен, оқуын жаңа аяқтаған, бірақ көрсеткіш деңгейі сіз атаған мәнге жетпейтіндер немесе басқа қызметте жүріп мемлекеттік органға ауысқысы келетіндер не істеуі керек?
– Өте дұрыс сұрақ қойдыңыз. Қазір Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елде мемлекеттік қызметті түбегейлі жаңғыртуды көздейтін ілкімді реформалар жүргізіліп келеді. Әсіресе «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» қағидатын ілгерілетуде мемлекет аппарат өкілдерінің бойында адалдық, әділдіктің мемлекетшілдік сияқты қасиеттерді орнықтыру ісі қолға алынды. Сонымен қатар жаңа заңнамалық актілер қабылданып, мемлекеттік лауазымдарға үміткерлерді іріктеу тәсілдері жетілдірілді. Жалпы мемлекеттік қызмет саласында үлкен өзгерістер болып жатыр, реформа деп те айтуға болады. Бүгінгі сұхбатта қысқаша тоқталып, алдағы уақытта пайдасына жарап қалар деген оймен барынша түсіндіріп өтейін.Кадр саласының мамандарының көпшілігі біледі, конкурсты өткізуде ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының 2017 жылғы 21 ақпандағы № 40 бұйрығымен жүзеге асып келді. Енді бұл бұйрыққа 2024 жылдың 1 қарашасынан бастап өте үлкен өзгерістер енді. Пилоттық жобамен қазір 15 өңір жұмыс істеп жатыр. Біздің Қызылорда облысында 1 шілдеден бастап ықпалдастырылған ақпараттық жүйеде «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына іріктеу мен орналасуға конкурс өткізудің уақытша тәртібі жүзеге асырылады. Дегенмен де осы бағытта аумақтық инспекциялар, департаменттер қазіргі таңда да жаңағы пилоттық жобамен жүзеге асуда. Енді осы енгізіліп жатқан өзгерістердің негізгі үш мәселесіне көңіл аударғым келеді. Бірінші тестілеуге байланысты, бұл тестілеуде бұрын 7, 8 немесе 9 заң бойынша тапсыратын, қазір тек 4 заң бойынша тест сұрақтары беріледі. Google қосымшасы арқылы «eqyzmet.gov.kz» сайтына кірсеңіз, жеке кабинет ашылады. Сол жерге Қазақстан бойынша бос мемлекеттік қызметке әкімшілік лауазымдар бойынша барлық мәлімет салынуда. Сондықтан да конкурстарға жұмыс іздеп жүргендер немесе жұмысын ауыстырғысы келетін азаматтар қатысуға өз бетінше қатыса алады.
Мемлекеттік қызметке орналасу үшін төрт этаптан тұратын сынақтан өтеді. Алғашқысы – ҚР заңнамаларын білу, екінші – жеке қасиеттерін бағалау, үшінші – сандық цифрлық логикалықтан тест тапсыру және төртінші этап бойынша – әңгімелесу. Бұның барлығы да қолда ғаламторға қосылған ноутбук болса болды, еш жерге бармай-ақ онлайн түрде жүзеге асады. Сонымен қатар егер сіз мемлекеттік қызметкер болсаңыз, басқа қызметке ауысу үшін тест тапсырмайсыз, оны да ескерген жөн.
Жаңа заңдағы тағы ерекшелікті атап өтейін. Сіздер бір ғана қызметке емес, бірден бірнеше бос орынға құжат тапсыруларыңызға болады. Айтарлық, мына жерде кент әкімдінің ұйымдастыру және шаруашылық бөлімінде экономист мамандығы керек боп жатса, сонымен қатар әкімшілік жұмыс және бақылау бөліміне экономист маманы қызметіне де бос орын болуы мүмкін, тағы осындай 4 жерде хабарландыру болып тұрса 4 жерге де қатыса аласыздар. Қайсысының сәті түсіп жатса, сол қызметке орналасасыз.
– Өте керемет мүмкіндіктер жасалып жатыр екен. Жоғарыда бұрынғы 9 заңнын орнына 4 заң бойынша ғана тест тапсырылады дедіңіз. Ол қандай заңдар?
– Олар Қазақстан Республикасының Конституциясы, Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №153 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексі, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңы, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы.
– Мемлекеттік қызметке орналасу үшін тестті онлайн тапсыруға болады дедіңіз. Ол қалай, кімнің тарапынан бақыланады?
– Кандидат тестке қатысқан кезде бірінші талап етілетін нәрсе жаңа айттым ғой, Chrome браузері бар компьютер не ноутбук, интернет, жұмыс істейтін веб-камера, микрофон және жеткілікті деңгейде көрінуге мүмкіндік беретін жарық болуын және бөгде дыбыс пен шудың болмауын қамтамасыз ету керек.
Тест барысы жасанды интеллекттің көмегімен бақыланады. Онлайн отырғанда тікелей эфирде көздеріңізді анда-мында қарап отырғандарыңызды бірден фиксация жасап сіздерге акт толтыруға прокторға хабарлама береді. Сондықтан да мүмкіндігінше басыңызды әңгімелесу кезінде, тест тапсыру барысында мына экраннан жүздеріңізді бұрмағандарыңыз мақұлданады, тіптен қадағаланады. Егер тесттен құлап қалсаңыздар қорқыныш жоқ, бұрынғыдай 15 күн күтпейсіздер. 3 күннен кейін қайтадан тест тапсырып жаңағы конкурс бітемін дегенше қайталап кіріп тесттен өтуге мүмкіндіктеріңіз бар.
– Жасыратыны жоқ, «мемлекеттік қызметке орналасқың келсе таныс-тамыр керек» деген пікірді ешкім жоққа шығара алмайды. Қазір ашықтық, адалдық, жариялылық деп ұрандатып жатырмыз. Бұл мәселе кадр саласында қалай қадағаланып жатыр?
– Бұл мәселеге жаңа пилоттық жобада ерекше мән берілген. Бұрын комиссия құрылады, комиссияның құрамын, конкурсқа қатысып жатқандар кім екенін жақсы білетін. Біріншіден, бұл комиссияның құрамын жақсы білгендіктен, қатысушылар комиссияның арасынан таныс-тамыр іздеп кететін. Екіншіден, тағы бір үлкен мәселе бұл комиссияның құрамы қатысып жатқандардың ішінен өзінің адамы болып, соны өткізу үшін дайын сұрақтарды беріп қою қаупі болды. Сонымен қатар жаңағы конкурстық комиссияда өзінің адамын өткізе алмаған немесе басшының тапсырмасын орындай алмаған мемлекеттік органдар комиссияда кандидаттар сынақтан өтпеді деп есептеп, конкурсты қайтадан жариялайтын. Бұл мына пилоттық жобада дұрыстап енгізілді. Мысалыға конкурсқа 4 адам қатысты делік, 3 қатысушы тесттен өтті. Тіптен аз балл жинаса да салыстырмалы түрде жоғары балға ие қатысушыны сол мемлекеттік органға қызметке алуға міндетті, конкурстан өтпеді деген жоқ. Бір адам қатысса да, екі адам қатысса да сол балмен қызметке баруға тиіс. Жаңағы конкурстық комиссия бір адам қатысты, немесе екі-ақ адам қатысты, өте төмен балл алды конкурсты қайтадан жариялаймыз деген түсінік енді болмайды. Бұл осы пилоттық жобаның ерекшелігі сол.
Бұл айтылғандар жаңа заңның негізгі ережелері ғана. Бұдан бөлек көптеген оң өзгерістер бар.
– Толық әрі нақты жауабыңыз үшін рахмет. Мемлекеттік қызметке орналасуды егжей-тегжейлі талқыладық деп ойлаймын. Соңғы бірнеше айда мемлекеттік қызметшілер арасында рухани кештер жиі өтетінін байқап жүрміз. Әдеби кітаптарды талқылап, бұрын-соңды ел көрмеген өнерлерін тамашалайтын болдық. Бұл туралы не айтасыз? Мемлекеттік қызметкерден шығармашыл тұлға болу талап етіле ме?
– Қазіргі таңда, мемлекеттік қызметкерлердің шығармашылық бағытында да дамуы жолына жағдай жасау үшін 2025 жылғы 29 қаңтардағы өкіммен мемлекеттік қызметшілердің рухани жан дүниесін, шығармашылық әлеуетін дамыту және кітап оқу мәдениетін арттыру мақсатында «Рухани өрлеу» атты шығармашылық орта құрылған болатын.
Бұл рухани ортаның мақсатын мемлекеттік қызметшілердің рухани жан дүниесін, сана-сезімін, шығармашылық әлеуетін дамыту және мемлекеттік қызметшілердің кітап оқу мәдениетін арттыру болып табылады. Қазір бұл бағытта қарқынды жұмыстар жасалып жатыр. Жылдық жұмыс жоспар бекітілген. Мемлекеттік қызметшілер қызметтен бөлек бір-бірімен араласу, сергу, рухани қорларын толықтыруға мүмкіндік алады. «Рухани өрлеу» атты шығармашылық ортаның жұмысына табыс тілеймін.
– Өзіңіз отыз жылға жуық тәжірибесі бар маман ретінде жас мемлекеттік қызметшілерге қандай кеңес айтар едіңіз?
– Мемлекеттік қызметшілерге Қазақстан Республикасының Заңдары мен Әдеп кодексінің талаптарын және қызметтік тәртіпті қатаң сақтауды, қызметтен тыс уақытта жалпы қабылданған моральдік-әдептілік нормаларды ұстануға, барынша қарапайым болуға, қызмет барысында қоғаммен байланыс жасауда кішіпейілдік танытып, жауапкершілікпен қарауға шақырамын.
– Әңгімеңізге рахмет! Әріптестеріңізді мерекемен құттықтап қойсаңыз болады.
– Құрметті әріптестер, сіздерді 23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күнімен шын жүректен құттықтаймын. Ел игілігі жолындағы еңбектеріңізге табыс, отбастарыңызға амандық тілеймін!

Әңгімелескен Гүлхан ЯХИЯ
25 маусым 2025 ж. 37 0