Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТЕХНИКА ТІЛІН МЕҢГЕРГЕН, ЕҢБЕГІН ТҮГЕЛ ЕЛ КӨРГЕН

ТЕХНИКА ТІЛІН МЕҢГЕРГЕН, ЕҢБЕГІН ТҮГЕЛ ЕЛ КӨРГЕН

Өз нәсібін арам жолмен емес, адал маңдай тері арқылы табу адам баласының ең асыл қасиеттерінің бірі. Дана халқымызда «Еңбек – адамның екінші анасы», «Еңбек – ерлікке жеткізеді, ерлік – елдікке жеткізеді», «Еңбегі аздың – өнбегі аз, еңбегі көптің – өнбегі көп» деген тәмсілді сөз бар. Адамның көзін ашқаннан бастап, белі бүгілгенге дейінгі аралықта өмірі тұтастай еңбек етуге, саналы ұрпақ тәрбиелеуге, ұрпағына тәлім-тәрбие мен жан-жағына үлгі-өнеге қалдыруға құрылады екен. «Адал еңбекпен мал іздемек – ол арлы адамның ісі» деп ойшыл Абай Құнанбайұлы өсиет еткендей, адал еңбекпен есейіп, айналасына үлгі болып жүрген азаматтардың барын біз әрдайым мақтан етіп, оқырман назарына ұсынып келеміз.
Иә, адам өз несібесін еңбектен ғана таба алады. Қоғамның сан түрлі саласында еңбек етіп, сол бағытты алға жылжытуға үлес қосып жүрген жандар қашанда құрметке лайық. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қарапайым еңбек адамына деген құрметті арттырып, ел сүйсініп қарайтындай жағдай жасау қажет» деген болатын. Одан соң Мемлекет басшысы Сыр еліне сапарында «Еңбек адамдары – ел үшін ең керек азаматтар» деп бір түйіндеді. Қазақстан халқына соңғы Жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Осыдан-ақ елімізде еңбеккерлерге деген қолдаудың қалыпты жолға түскенін байқауға болады.
Жоғарыда айтқанымыздай, бақуатты тұрмыстың кілті – еңбекте. Абай атамыз «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» деген. Сол сияқты әр адам өзінің қалаған мамандығын таба білсе, еңбегі жанады, сол жолда бақытқа, құрметке бөленеді, еңбегінің жемісін жейді.
Бүгінгі мақаламыздың кейіпкері, берекесі еңбекпен қаланған Ақмая ауылының арда азаматы Ермекбай Ибрагимов жайлы болмақ. Ол – 1959 жылы Ақмая ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Мектепті аяқтаған соң, 1974 жылы СПТУ-да механизатор мамандығы бойынша білім алады. «Туған жерге туыңды тік» деген қағиданы жанына жалау етіп, трактор тізгінін ұстап, ауыл шаруашылығы жұмысының қарқынды жүргізілуіне білек сыбана кіріскен. Содан бері көктемгі қара жерге дән себу, егіс алқабына су тасу, арнайы трактор артына жегілген техникамен шөп орамдайды. Ермекбай Ибрагимовтің қызметіне куә болған ауылдастары оны нағыз еңбек адамы, бейнеткеш деп те атайды.
Бүгінде осы бір алып техниканы жүргізіп, шаруашылықтың жұмысын атқарып жүргеніне де 50 жылдан аса уақыт болыпты. «Ақмая» шаруа қожалығының дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан кейіпкеріміз «Елеулі еңбегі үшін», ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» сияқты төсбелгі иегері. Мамандығына адалдығы үшін кейіпкеріміз шаруа қожалықтың тәжірибелі механизаторы атанып, жыл сайын түрлі марапатқа ие болады. Еңбекті ескерусіз қалдырмайтын шаруа қожалық бір кездері автокөлік кілтін табыс етіп, әр жыл сайын арнайы демалыс орындарына жолдама беріп, қаржылай сыйақы тағайындап отыр.
«Ердің атын еңбек шығарады» деген халқымыздың сөзі рас. «Адамдардың жақсысы – басқа адамға неғұрлым пайда тигізетін адам» дейді хадисте. Кейіпкеріміздің ауылдас ағайындары да жақсылығын жарыса айтып, көпшіл жұртқа болсын дейтін азамат екенін айтады.
Құдай қосқан жары Жұмакүл Майлыбаева екеуі 2 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірген. Қазіргі таңда ұлы ұяға, қызы қияға қонып, тамыры тереңге жайылған әдемі әулетке айналған. Оннан аса немересі бар үлгілі ата мен әже. Осындай әке мен ананың тәрбиесін алған ұл-қыздары да өз мамандықтарының үздіктері.
Иә, адам өз несібесін еңбектен ғана табады. Қолынан келгенін аянбайтын әр адамға әркез сый-құрмет көрсетілуі тиіс. Президенттің: «Қарапайым еңбек адамына деген құрметті арттырып, ел сүйсініп қарайтындай жағдай жасау қажет» деп атап өтуі де өте орынды. «Өнегесіз өмірдің өрісі тар, өнегелі өмірдің өрісі бар» демекші, адал еңбекпен нан тауып, өз ісінде шеберлік танытқан өнегелі азаматтар көп болсын деп тілейік. Солардың жанынан табылып, ұлттық мүддені жоғары ұстасақ, «мың өліп, мың тірілген» қазақ өз соқпағынан жаңылыспай, әрі қарай дами берері анық.

М.ҚАЙРАТҰЛЫ
23 маусым 2025 ж. 41 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№45 (9312)

21 маусым 2025 ж.

№44 (9311)

17 маусым 2025 ж.

№43 (9310)

14 маусым 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30