АДАЛ БЕЙНЕТТІҢ ТӘТТІ ДӘМІН ТАТҚАН
Дана халқымызда «Еңбек – адамның екінші анасы», «Еңбек – ерлікке жеткізеді, ерлік – елдікке жеткізеді», «Еңбегі аздың – өнбегі аз, еңбегі көптің – өнбегі көп» деген тәмсілді сөз бар. Асылында, адам баласын еңбек өсіреді. Адамның көзін ашқаннан бастап, белі бүгілгенге дейінгі аралықтағы өмірі тұтастай еңбек етуге, саналы ұрпақ тәрбиелеуге, ұрпағына тәлімтәрбие мен жан-жағына үлгіөнеге қалдыруға құрылады екен. «Адал еңбекпен мал іздемек – ол арлы адамның ісі» деп ойшыл Абай Құнанбайұлы өсиет еткендей, адал еңбекпен есейіп, айналасына үлгі болып жүрген азаматтардың барын біз әрдайым мақтаныш етіп, оқырман назарына ұсынып келеміз.
Иә, адам өз несібесін еңбектен ғана таба алады. Ал, кәсібін сүйіп, ісіне адалдық таныту – еңбек адамының ең бірінші асыл қасиеті. Қоғамның сан түрлі саласында еңбек етіп, сол бағытты алға жылжытуға үлес қосып жүрген жандар қашанда құрметке лайық. Ел президенті Қасым Жомарт Тоқаев: «Қарапайым еңбек адамына деген құрметті арттырып, ел сүйсініп қарайтындай жағдай жасау қажет» – деген болатын. Одан соң мемлекет басшысы Сыр еліне сапарында «Еңбек адамдары – ел үшін ең керек азаматтар» деп бір түйіндеді. Қазақстан халқына соңғы Жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Осыданақ елімізде еңбеккерлерге деген қолдаудың қалыпты жолға түскенін байқауға болады. Жоғарыда айтқанымыздай, бақуатты тұрмыстың кілті – еңбекте. Абай атамыз «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» деген. Сол сияқты әр адам өзінің қалаған мамандығын таба білсе, еңбегі жанады, сол жолда бақытқа, құрметке бөленеді, еңбегінің жемісін жейді. Еңбектің жемісі демекші, түнеукүні Нартай Бекежанов ауылына атбасын бұрып қайттық. Мақсатымыз – өңірге еңбегімен, меймандостығымен, қайырым қасиетімен танылған Мұхамеджан Үрпеков атамызға сәлем беріп, еңбек жолымен танысу. Еңбек ардагері ауылына барған сәттен құрақ ұшып қарсы алып, «Өскен өңір» редакциясынан келген бізге жылы шырай танытып, төрін ұсынды. Абыз ақсақалдың кішіпейілділік қасиетіне тәнті болған бізде төрдегі орынға жайғасып, атамыздың жуырда Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрінен алған «Еңбек ардагері» медалімен құттықтап, қуанышын бөлістік.
«Еңбек Қызыл Ту» және «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері, Шиелі ауданының құрметті азаматы, жетпісінші жылдардың еңбек қаһарманы Мұхамеджан Үрпеков 1946 жылы Шиелі ауданында дүниеге келген. 1963 жылы Ломоносов атындағы 10 жылдық орта мектепті бітіріп, бала күнінен еңбекке араласады. Сол уақытта шаруашылықтарда елеулі өзгеріс, қарбалас тірлік болып жатқанды. Мұхамеджан атамыздың әкесі Үрпек ақсақалдың зейнетке шығуа да сол қарбаласқа дөп келеді. Ол жоғары оқу орнына түсуден бас тартып, үйдегі әкешешесінің жанында болып, қызмет қылуға бел байлайды. Қызылорда қаласындағы екі айлық механизаторлық курсты бітіреді де қайта ауылына келіп, тракторға отырады. Кейіпкеріміздің сөзінше, бұл ісіне атаанасы қарсы болмай, керісінше қуанып, қолдау білдірген. Сол кезеңдегі колхоздың басқарма төрағасы Әнсары Әбдіхалықов тіптен ерекше қуанып, жұмысқа қабылдаған. Себебі ауылда жұмыс қолы жетіспеген екен. Әсіресе, механизатор дегенің таптырмай, шаруашылық бұл маманға зәру уақыт. Б ұ л е ң б е к а д а м ы н ы ң а у ы л шаруашылығына қызығушылық танытуы, озат механизатор болуы әкенің қанымен дарыған. Кейіпкердің айтуынша әкесі Үрпек Жансариев қолынан кетпені түспейтін, бар ғұмырын күріш дақылын өсіруге арнаған жан екен. Республикалық «Алтын құрмет кітабында» білікті диқан Үрпек Жансариев атамыздың атыжөні жазылып, сөреті берілген. Қиынқыстау соғыс жылдары Ким Ман САМ, Ыбырай Жақаев, Ұлдар Дәуішова, Маман Қалдыбаев сияқты Шиелі ауданының бетке ұстайтын, осы өңірде күріш дақылын өсірудің негізін қалаған диқандардың сапында болған. Қызылорда облысынан майданға 60 тонна күріш салысы жөнелтілгенде Үрпек Жансариев бұл игі шараға да атсалысты. Күріштің әр гектарынан – 80 центнерден өнім алды. Нәтижесінде Үрпек Жансариевтің төсінде «Еңбек Қызыл Ту» ордені жарқырады. Міне, даңғайыр диқанның отбасында дүниеге келген, қайнаған еңбектің ордасында өмір сүріп, есейген Мұхамеджан Үрпеков еңбекпен етене жақын болмауына мүмкіндігі жоқ еді. «Туған жерге туыңды» тік деген қағиданы жанына жалау етіп, трактор тізгінін ұстап, ауыл шаруашылығы жұмысының қарқынды жүргізілуіне білек сыбана кіріскен. Әке жолын қуған балаға әкесі «Қатарыңның алды бол!» деп ақ батасын беріп, үнемі қолдап отырған. Ол кезде қазіргі Нартай ауылы «Коммунизм» колхозы деп аталған. Колхоздың басқарма төрағасы болып сайланған Әнсары Әбдіхалықов жұмыстың жүйелі әрі табысты болуына күш салған.
Егіс көлемін ұлғайтып, бидай, күріш, жүгері сияқты дәнді дақылдарды егіп, ауқымды атқарылған істің нәтижесінде мол өнім жинаған. Шаруашылықтың бір жылдық айналымындағы ақшалай қоры 1 миллион сомға жетті. Еңбек еселенсе, өнімділік артатынына, өнім көбейсе, әлауқат жақсаратынына еңбеккердің көзі жетті. Тиісінше колхоздың алдыға жылжуына сүбелі үлес қосып жүрген еңбек адамдарына айлық табыс көлемін ұлғайтып, жыл сайын сыйақы тағайындап отырған. Осынау игілікті істің басында кейіпкеріміз Мұхамеджан Үрпеков трактор рөлінде отырып жер жыртып, бірде комбайн штурвалінде отырып астық отырып және дән бастырып қызмет қылған. Жыл қорытындысымен ол «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. 25 жастағы жалындаған жігіт үшін бұл үлкен құрмет, жетістік болды. Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Исатай Әбдікәрімовтың омырауына өз қолымен таққан ордені Мұхамеджанның ерен еңбекке деген құштарлығын еселей түседі. 1974 жылы ауданның бір топ ауыл шаруашылық қызметкері мемлекеттік арнайы жолдамамен Мысырдың Каир, Александрия қалаларына сапар шекті. Мемлекеттік Құрамда Мұхамеджан атамыз да бар еді.
Бүкілодақтық ауыл шаруашылық жетістіктері көрмесінің (ВДНХ) күміс медалін де осы жылы иеленді. Кейіпкеріміздің есінде сақталған тағы ерекше жыл – 1984. Осы жылы ерен еңбегінің нәтижесінде кеңес өкіметінің жоғары наградаларының бірі – «Еңбек Қызыл ту» орденіне қол жеткізді. Оны алар сәтте еңбек адамы қатты толқыды. Өйткені, бұл жоғары награда осы шаңыраққа осымен екінші мәрте еніп отыр. Үрпек қария да осы орденді кеудесіне қуана таққан болатын. «Ердің атын еңбек шығарады» деген халқымыздың сөзі рас. Бала күнінен адал еңбекпен бейнеттеніп өскен атамыздың ісі көпке үлгі болып, елдің арасында еңбек озаты деген аты шарқ ұрып тұр бүгінде. Зейнет жасына жеткенше тракторды тізгіндеп, адал бейнетін көріп отырған ардагер Зөре анамыз екеуі 4 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірген. Қазіргі таңда ұлы ұяға, қызы қияға қонып тамыры тереңге жайылған әдемі әулетке айналған. Мұхамеджан атамыздың үлкен әулеттің ұйытқысы, отбасының тірегі, кішіге қамқор, үлкенге ізетті іні, ағайынға жанашыр ретінде де өнегесі мол екенін байқадық. Сөйлеп кетсе – шешен, бастап кетсе – көсем болатын көшбасшылық қасиетін де сөзінен аңғардық. Халқымыз «Жақсылық жүрген жерде тапшылық болмайды» дейді. Еңбек ардагері ауыл аймақтың сыйқұрметіне ие, абыройлы азамат екенін ауыл тұрғындары да қоса айтысып, мәртебесін көтеріп жүр. Адам баласының көңілін қалдырмайтын кішіпейіл мінезі, елге болсын дейтін кең пейілі, ізетті ұстанымы тұла бойынан табылған асыл қасиеттеріне куә болған біз де ризашылық таныттық. Соңында «Жаңбырмен жер, батамен ер көгерер» дегендей, еңбек ардагері Мұхамеджан атамыздың ақ батасын алып, редакциямызға қайта оралдық.
М.ИБРАГИМОВ