Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҮМІТКЕ ТОЛЫ ҮШ АЙ: ЖАЗДА БАЛАНЫҢ ЖҮРЕГІНЕ НЕ СЕБЕМІЗ?

ҮМІТКЕ ТОЛЫ ҮШ АЙ: ЖАЗДА БАЛАНЫҢ ЖҮРЕГІНЕ НЕ СЕБЕМІЗ?

Күн жылып, мамырдың соңғы қоңырауы естілген сәттен бастап еліміздің барлық оқушысы үшін жаңа кезең – жазғы демалыс уақыты басталды. Бұл – оқушылар үшін сөмке мен кітапты сөреге қойып, еркін тыныстауға, күн шуағына шомылуға, достармен серуендеп, туған өлкенің табиғатын тамашалауға мүмкіндік беретін мезгіл. Алайда, жаз тек демалыс кезеңі ғана емес, бұл – баланың тұлғалық қалыптасуына, ой-санасының дамуына, рухани байып, денесінің шынығуына арналған маңызды уақыт. Осы орайда, еліміздің білім беру саясаты мен әлеуметтік құрылымы балалардың жазғы демалысын мазмұнды, қауіпсіз және сапалы өткізуге бағыт алып отыр. 

САНДАР СӨЙЛЕМЕЙДІ,
САНДАР СЫР ШЕРТЕДІ
Қазақстан Үкіметі биылғы жазғы демалыс маусымына ерекше назар аударып отыр. Бұл – мемлекеттің балаларға деген қамқорлығының, келешекке деген жауапкершілігінің нақты көрінісі. Соңғы Үкімет отырысында да дәл осы мәселе күн тәртібінде қаралып, нақты тапсырмалар жүктелді. Премьер-Министр Олжас Бектенов: «Бірде-бір бала назардан тыс қалмауы тиіс» деп атап көрсетіп, бұл жұмыстың барлық деңгейдегі билік пен қоғамның, ата-аналардың ортақ борышы екенін нақтылады. Биылғы оқу жылын еліміз бойынша 3 908 450 оқушы аяқтады. Бұл – тек сан ғана емес, әрқайсысы – үмітке толы тағдыр, арманға ұмтылған болашақ. Үкімет осы оқушылардың 3,1 миллионнан астамын жазғы лагерьлермен қамтуды мақсат етіп отыр. Бұл үшін елімізде 189 маусымдық лагерь, 10 мыңнан астам мектеп жанындағы лагерь, 512 шатырлы және киіз үйлі этнолагерьлер кезең-кезеңімен жұмысын бастайды. 
Мемлекет тарапынан жасалған мұндай жүйелі қадам – жаз айларын тек бос уақыт ретінде емес, тәрбиенің, дамудың алаңы ретінде қарастырып отырғанының дәлелі. Әсіресе, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар назардан тыс қалмайды. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының «Жаздық жолдама» жобасы аясында 10 мың балаға тегін жолдама берілмек.
МӘДЕНИЕТ ПЕН РУХАНИЯТ – БАЙЫТУШЫ ҚҰРАЛ
Жазғы демалыстың маңызды қыры – баланың рухани дүниесін дамыту. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі жаз бойы балалар мен жасөспірімдерге арнап еліміздің 11 республикалық театрында 50-ге жуық балалар қойылымын сахналайды. Бұл – баланы эстетикалық талғамға баулудың, өнерге жақындатудың маңызы зор құралы. Сонымен бірге, оқушылар музейлерге, қорықтарға, театрларға, ұлттық парктерге тегін бара алады. Бұл – олардың туған жердің бай мұрасымен танысып, патриоттық сана-сезімін арттыратын тәрбиелік маңызы зор бастама.
ШИЕЛІ ҮЛГІСІ: ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС, НАҚТЫ НӘТИЖЕ
Осы керуеннің көшіне Шиелі ауданы да өзіндік үлесін қосып отыр. Биыл ауданда 17 510 оқушы жазғы демалыспен қамтылады деп жоспарлануда. Яғни жалпы қамтылу көрсеткішінің 92 пайызын құрап отыр. Бұл – үлкен жетістік. Осы бағытта аудан әкімдігі, білім бөлімі, қоғамдық ұйымдар, кәсіпкерлер мен ата-аналар тығыз байланыста жұмыс атқаруда. Сауықтыру бағытындағы жұмыстар кең көлемде ұйымдастырылған. Аудандық «Сыр ұланы» лагерінде 700 бала тынығатын болса, мектеп жанындағы 70 лагерьде 9 020-ға жуық оқушы демалады. Бұл қатарда әлеуметтік тұрғыда осал санаттағы оқушылар – көпбалалы, аз қамтылған отбасылар балалары ерекше назарда тұр. Шатырлы, этно және спорттық лагерьлердің жұмысын да ерекше атауға болады. Шатырлы лагерьлерге 360 бала, этнолагерьлерге 544 бала тартылып, ұлттық құндылықтармен сусындауға мүмкіндік берілсе, спортқа бейімделген лагерьлерде 2318 бала дене дайындығын арттырады. ЖАЗ – ОЙЫН ЕМЕС, ОЙЛАУДЫҢ УАҚЫТЫ
Жазда тек доп қуалап, асфальтты шаңдатып жүру – балалық шақтың жалғыз формуласы болмауы керек. Қазір замана баласы – жасанды интеллектпен дос, робототехникамен таныс, дебат алаңында дәлелмен сөйлей алатын тұлға болуы керек. Сондықтан Шиеліде 2 000-нан астам бала шығармашылық және технологиялық үйірмелерге қатысады. Бұл – бүгінгі қызығушылық, ертеңгі кәсіптің алғашқы қадамы. Үйірмелер мен клубтар арқылы әр бала өз қызығушылығына сай даму алаңын таба алады. Робототехника, шахмат, киім дизайны, халық биі секілді бағыттар бойынша үйірмелер «Сыр ұланы» лагерінде де кеңінен ұсынылып отыр. Сонымен қатар интеллектуалдық бағытта 3 мыңнан астам оқушы түрлі жоба мен лагерьге қатысады. Олимпиадалық резерв, пікірсайыс мектептері, жазғы тіл курстары – жазды пайдалы өткізудің озық үлгісі. Оқушылардың жазғы уақытын пайдалы өткізу мақсатында еңбекке баулу жұмыстары да назардан тыс қалмаған. Аудан бойынша 4 018 оқушы «Жасыл ел» бағдарламасы, мектепішілік көгалдандыру жөндеу-құрылыс бригадаларына, ата-анасының кәсібі аясында жұмысқа тартылмақ. Бұл балалардың еңбекке баулу арқылы тәрбие алуына, қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінуіне ықпал етеді. Жазғы демалыстың тағы бір маңызды бағыты – оқушыларды туған өлкенің тарихымен, табиғатымен таныстыру. Бұл бағытта жорықтар, экскурсиялар, таныстыру сапарлары ұйымдастырылып, 1 000-нан астам бала қамтылады. Бұл – экологиялық, тарихи, географиялық білімді тереңдетумен қатар, отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыратын маңызды шаралар. Ж а з ғ ы д е м а л ы с т ы б і л і м м е н ұштастыру – жаңа заман баласының талабы. Осы бағытта Шиеліде 3289 оқушы олимпиадалық резерв, пікірсайыс, жазғы тілдік мектептер мен көшбасшылық мектептерге қатысады. Бұл балалардың танымдық көкжиегін кеңейтуге, сын тұрғысынан ойлау қабілетін дамытуға септігін тигізеді.
ЖАҢА ЛАГЕРЬДІҢ ІРГЕТАСЫ
Ақжолтай жаңалық! «Сыр ұланы» лагерінің жаңа ғимараты да жоспарда тұр. Оған Жөлек ауылдық округінен 6 гектар жер телімі бөлініп, 120 орындық жаңа лагерьдің жоба-сметалық құжаттамасы дайындалуда. Мердігер мекеме Шымкент қаласындағы «МПР Проект» ЖШС. Бұл – ұзақ мерзімді мақсат, болашақ ұрпақ үшін қалдырылатын нақты мұра. Мұндай игі істер арқылы өңір келешекке нық қадам басуда.

ЖАЙДАРЛЫ ЖАЗ – ЖҮЙЕЛІ ЖОСПАРДЫҢ ЖЕМІСІ
Жаз – бір маусым. Бірақ сол маусымда баланың дүниетанымы кеңейсе, шабыт оянса, жаңа дос тауып, жаңа өнер үйренсе – бұл өмір бойғы қор жинау. Сондықтан жазғы демалыс – жай ғана тынығу емес, бұл – рухани капитал жинайтын кезең. Мемлекет өз тарапынан бағдарлама ұсынды. Жергілікті билік оны жүзеге асыруға кірісті. Ұстаздар мен ата-аналар – осы игі істің тірегі. Ал балалар – осы қамқорлықтың лайықты иесі. Ендеше, әр баланың жазы шуақты, шырайлы, шабытты болсын. Өйткені балалық – болашақтың бастауы. Ал сол болашақ – біздің бүгінгі ісімізге қарап бой түзейді.

Сұлушаш МАДИЯРОВА
04 маусым 2025 ж. 77 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№41 (9308)

03 маусым 2025 ж.

№40 (9307)

31 мамыр 2025 ж.

№39 (9306)

27 мамыр 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30