
Шиелі ауданының мәдениеті мен өнерін халықаралық дәрежеге көтерген бірегей тұлға Өскенбай Тәшенов 75 жасқа толып отыр. Ал сонау 1990 жылы аудандық «Жас Дәурен» әнби ансамблінің КСРО атынан Португалиядағы халықаралық конкурсқа қатысып, лауреат атанғанына 35 жыл болыпты. Өңірдің рухани тарихына өшпестей із қалдырған осы құбылысты жасауда Өсекеңнің еңбегі зор. 1989 жылдың шілде айында «Жас Дәурен» ән-би ансамблі Алматы қаласындағы халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінде жаңа бағдарламамен концерт қойды. Қазақ ССР Мәдениет министрлігі бағдарламаны ұнатып, 1990 жылы Португалияда өтетін халықаралық конкрусқа жолдама берді. Дайындық жұмыстары басталып кетті. Ансамбль құрамына мүшелерді таңдау үшін конкурс ұйымдастырылды. Арнайы мамандар Алматыдан шақырылды. Жаңадан оркестр мүшелері, бишілер, әншілер құрамы жасақталды. Негізі аудан жастарынан құралды. Қазақ биінің атасы Дәурен Абиров, «Отырар Сазы» ансамблінің алғашқы дирижері, жерлесіміз Серік Нұртазин, ұлт аспаптарын жасайтын шебер жерлесіміз Сапар Ділманов, киім үлгісінің эскизін жасауға Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының кафедра меңгерушісі Дүйсен Сүлеев тартылды. Құрамы 36 өнерпаздан тұратын ансамбль 1990 жылдың үш ай жазында қызу дайындыққа кірісті. Қызылорда музыкалық колледжден веоленчелист Кеулімжай Ботабаев, баянист Төлеген Кәденов, басқа да музыка мамандары, Алмас Қаржауов, Төребек Бақтыбаев би тобының құрамына алынды. Дайындық жұмыстары үш топқа бөлініп, оркестр, бишілер, әншілер күн-түн демей дайындалды. Аталған жылдың 29 тамызында бағдарламаны облыс, аудан, республикадан келген арнайы комиссия көріп, жоғарғы баға берді. Бағдарламада 8 би («Айжан қыз», «Келіншек», «Балбырауын», «Бүркітші», «Алқа қотан», «Шығыс», «Италия», «Жас Дәурен») Құрманбек Бекпейісов «Нартай» термесін, Әшімхан Оспанов Ақан серінің «Көкегін», ағайынды Әшімхан, Әлімхан Оспановтар Темір Тайбековтің «Жас Дәурен», Әсет Бейсеуовтің «Маржаны Сырдың Шиелі» әндерін, Өскенбай Тәшенов екеуміз менің әнім «Ақ түндерді» орындадық. Әрине, 23 нөмірден тұратын концерттік бағдарлама ансамбльді кәсіпқой дәрежесіне көтерді. Сол кезде Өсекең өзіне көмекші етіп мені, Әшімхан Оспановты, Айткүл Әбдіқадірованы алды. Әсіресе, Айткүлдің жұмысы өте күрделі еді. Оркестрдің мүшелеріне – 19, бишілерге – 8, әншілерге – 7 түрлі, бір-біріне ұқсамайтын, ұлттық нақыштағы костюмдер қазақ театр қоғамында дайындалды. Бұл жұмысты атқаруда Айткүл Әбдіқадірованың ерен еңбегін атап өткеніміз жөн. Фолькорлық ұлт аспаптарын жерлесіміз Сапар Ділманов жасады. Сонымен, 1990 жылдың 31 тамызы күні сапарға аттандық. Қызылорда, Тереңөзек, Жалағаш, Қармақшы, Қазалы, Арал ауданының өнерпаздары сәттілік тілеп, сый-сияпаттарымен қарсы алып, шығарып салды. Үш тәулікте Мәскеуге жетіп, Домодедово әуежайынан Лиссабонға ұштық. Күтіп алушылар Володареж қаласындағы қонақ үйге орналастырды. 30 күн Португалияның барлық қаласын аралап, күніне екі-үш концерттен беріп отырдық. Қорытындысымен лауреат атанып, елге оралдық. Н.Бекежановтың 100 жылдық мерей тойында ансамбль мүшелері шерумен өтіп, концерт бердік. Халқы тік тұрып, қол соғып, құрмет көрсетті. Әрине, осының бәрі, ауданымыздың тарихына өшпестей із қалдырған сәттер еді. Соңғы кезде ескерусіз қалып отыр. Кейінгі жастарға үлгі болардық мүмкіндік қой. «Жас Дәурен» ән-би ансамблі ауданымыздың өнерпаздарын қанат қақтыратын алтын ұясы сияқты. Сонау 1960 жылдан бастау алған ансамблдің құрамынан түлеп ұшқан өнерпаздар халықаралық, республикалық, облыстық байқауларда топ жарды. Әрине, ансамбль қазір де бар. Мүмкіндіктері жеткілікті. Өнерпаздар да баршылық. Заманауи жаңа бағдарлама жасаудың мезгілі жеткен сияқты. Өскенбай Тәшенов 1976-1986 жылдары аудандық кеңесі атқару комитетінің ұйымдастыру-нұсқау бөлімінің нұсқаушысы, осы бөлімнің меңгерушісі қызметін абыроймен атқарды. Аталған жылдар ішінде екі шақырылым Халық депутаттары аудандық кеңесінің депутаты болып сайланды. Сөз соңында айтарым, Өскенбай Тәшенов аудан мәдениетін өркендетуге мол үлес қосты. Нартай Бекежановтың 100 жылдығы қарсаңында мұражайға қажетті жәдігерлер мен суреттерді Әшімхан Оспановпен бірге министрге кіріп, орталық музейден алуға рұқсат алды. Қазір музейде тұрған қарашаүйден бастап, құнды жәдігерлер сол кезде әкелінген. Шиелі ауданының Алматы қаласында мәдениет күнін өткізіп, халық театрының М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу», «Алдаркөсе» спектаклін көрермендерге ұсынды. Қарағанды қаласында өткен республикалық халық театрларының байқауына қатысқан аудан өнерпаздары 27 театрдың арасынан ең үздік атанып, Мәскеудің Кремль сарайына ойын көрсетуге жолдама алдық. Егер, кеңес өкіметі тарамағанда баратын едік. Қазір Өскенбай Тәшенов Алматыда жүріп ауданымызға қамқорлығын аямауда. Оның бір дәлелі менің 70 жасқа толғанымда орталық концерт залында «Отырар сазы» оркестрінің сүйемелдеуімен Әшімхан екеуміздің концертімізді ұйымдастыруы. Ол өте қарапайым, атақ, даңқ қумаған адам. Биыл 75 жасқа толып отырған Өскенбай Тәшенов ауданымыздың құрметті азаматы атануына лайықты деп білемін.