Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Пияз маскасының шашқа пайдасы

Пияз маскасының шашқа пайдасы

Қалың және жалтыраған шаш еркектерге де, әйелдерге де керек. Шаш түрлі себептерден түседі: бояу мен бұйралау; агрессивті кептіру мен түзету; дәрілік құралдар қолдану; жиі күйзеліс; экологиялық жағымсыз орта мен дұрыс тамақтанбау; ағзаға дәрумендер, минералдар және амин қышқылының жетіспеуі. Әрине, егер шаш өте көп түссе, трихологқа немесе дерматологқа қаралған жөн. Бұл проблемаларды біртіндеп шешу керек, ал шашты мықты әрі берік ету үшін әрқашан үй маскалары көмектескен. Соның ішінде, пияздан жасалған маскалар тиімді әсер етеді. Пиязда дәрумендер мен минералдар көп. Олар әрқашан биологиялық белсенді күйде болады. Пияз маскасы шаштың түсуін ғана тоқтатпайды, сонымен қатар ол ылғалдандырады, қоректендіреді, шашты өсіреді және жалтыратады. Пияздан жасалған маскалар жарнамаланған сусабындарға қарағанда шашқа жақсы әсер етеді. Себебі, пияздың құрамында нағыз тірі кератин бар. Мұндай маскалар кез келген типті шашқа келе береді. Пияз маскаларын уақытылы қолдану керек. Оны аптасына 1-2 рет жасаған жарайды. Ең қарапайым әдісі – бас жуар алдында пияздың жаңа сығылған шырынымен бас терісін уқалау керек. Шаш түсуді тоқтату үшін пияз ботқасын, балды, майсана майын 1 ас қасықтан 1 шикі жұмыртқаның сарысымен араластыру керек. Барлығын жақсылап араластырып, қоспаны бас терісіне уқалап жағады. Шашыңызды пакетпен және оның сыртынан сүлгімен орау керек. Оны 1 сағат ұстап, жуып тастайсыз. Шашты қоректендіру үшін пияздан дәруменді маска дайындауға болады. Ол үшін 1 ас қасық пияз шырынын жұмыртқаның сарысымен, 1 ас қасық майсана мен ошаған майымен, 2-3 тамшы лимон суымен араластырады. Қоспаны бас терісіне жағып, жарты сағаттан соң жуып тастайды. Шаштың өсуін жылдамдату үшін 1 шай қасық пияз шырынын 1 ас қасық алоэ шырынымен және 1 ас қасық балмен араластырады. Қоспаға 1 шикі жұмыртқаның сарысын қосады. Қоспаны бас терісіне жағып, жарты сағаттан соң жуып тастайды. Қайызғақтан құтылу үшін пияз шырынын, майсана майын және арақты тең үлесте араластырып, қоспаны бас терісіне уқалап жағады. Оны 1 сағат ұстап, жуып тастайды. Егер шашыңыз майлы болса, бұл маскаға май қоспай-ақ қоюға болады. Шаштың әдемілігі үшін 1 үлкен пияздың шырынын сығып алып, оны тең үлесте айранмен араластыру керек. 40 минут өткен соң, қоспаны жуып тастау керек. Пияз иісін қалай кетіреміз? Пияз маскасы жақсы әрі жылдам көмектескенмен, әйелдердің көпшілігі оның иісі үшін бас тартады. Пияздың күшті иісі болғанымен, оның шашқа жылдам сіңуі шаштың құрылымына байланысты. Егер шаш өте зақымдалған, яғни, фен, үтік немесе бояу көп қолданған шаш құрылымы бұзылғандықтан, ол өзіне пияз шырынын тез сіңіріп алады. Оның иісін кетірудің әдістері бар: -Алдымен пияз ботқасы емес, тек пияз шырыны қолданылатын маскаларды пайдаланып көріңіз. Шырын жылдам жуылады, сондықтан иісі де аз болады; - Шашты ыстық сумен жумаңыз, себебі ол пияз иісін күшейтеді. Сондықтан, суық немесе бөлме температурасындағы сумен жуыңыз; - Масканы жуып болған соң, шашты міндетті түрде шөптер қайнатпасымен шайған жөн. Мысалы: қалақай, түйежапырақ, түймедақ және т.б. Қайнатпаны шашта 5 минут ұстап, содан соң қарапайым сумен шаяды. Қайнатпаға лимон суынан қосып жіберсе, иістен құтылу оңай болады; - Пияз маскасына піскен бананның жұмсағын қосып, содан соң шаш шаярда суға цитрусты (грейпфрут, апельсин, лимон) эфир майларынан 1 литрге 3-4 тамшыдан қосуға немесе 1:1 қатынаста алма сірке суы мен қарапайым суды араластырып, шаюға болады.

Massaget.kz
02 маусым 2018 ж. 10 762 0