Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ӨНЕГЕЛІ ОТБАСЫ – ЕЛДІҢ ТҰТҚАСЫ

ӨНЕГЕЛІ ОТБАСЫ – ЕЛДІҢ ТҰТҚАСЫ

Отбасын Отанына балайтын, үлкендерді сыйлап, кішілерге қамқор, ағайынға абыройлы, құдай қосқан қосағымен бірге әдемі қартаюды нәсіп еткен қариялар арамызда қаншама?! Бүгін біздің әңгімеміздің кейіпкерлері – 50 жылға жуық бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп, жапырағы жайылған жанұяның бірі – Нар­жан Ділманов пен Аманкүл Исмайлова жайлы болмақ.
Иә, жылдар, жылдар... Бәрі де күні кеше секілді еді-ау! Күйбең тіршілікпен уақыттың қалай зымырап өткені де байқалмай қалыпты. Аманкүл апаның келін атанып, киелі ақ босағаны аттағанына да елу жылға жуықтапты. Сарабдал болмысы мен сөйлеп кетсе көктемгі самалдай есетін Наржан атты азаматпен тағдырын жолықтырып, көңілдері жарасқан екі жас сонау 1978 жылы шаңырақ көтерді. Екеуінің ерекше қасиеті – үнсіз ұғынысып, тілсіз түсінісетін. Осы қасиет арада жарты ғасырға жуық уақыт өтсе де, сол күйі әдет болып қалыптасты. Бұл – отбасы құндылығы үшін екінің бірінің еншісіне бұйырмас бақыт болатын. Екеуі шаңырақ көтергелі қарапайым ғұмыр кешті. Маңдай тер, адал еңбегімен Алла берген несібесін қанағат тұтты. Ешкіммен жарыспады. Жеті ұл-қызды өсіріп, жеткізді. Олардан 23 немере, 3 шөбере сүйді. – Көптеген қиын замандарды басымыздан өткеріп, осылай бірге отырғанымыз біріншіден Алланың арқасы. Шүкір, бақыттымыз. Басымыздан түрлі оқиғалар өтті, қазір бәрін күліп еске алып отырамыз. Әркез өз қызығымен есте қалады ғой. Бастысы балаларымызды жеткіздік. Саналы етіп тәрбиелей алдық. Бүгінгі күні бейбіт елде өмір сүріп жатқанымызға қуаныштымыз. Немере сүйіп, олардан туған шөберені көру бақыты бұйырыпты. Адамға одан асқан қандай байлық керек? Солардың тойларын көріп, тілекші болып жүргенге не жетсін?! – дейді қариялар. Олар отбасында баланы еңбекке баулу аса маңызды деп санайды. – Еңбек – адамдық кемелденудің негізі. Еңбек ете білмеген немесе оны жек көрген адамның отбасы берекелі болмайды. Өз отбасында бала ата-ананың қамқорлығына, шексіз сүйіспеншілігіне бөленумен қатар жақсы істерінен өнеге, үлгі алуға тиіс. Бабаларымыз еңбектің маңдайақы, ащы термен келетінін, бейнетсіз табыс құралмайтынын біліп, кейінгі ұрпаққа «еңбекпен ел көгеретінін» аманаттап кеткен. Ендеше, бабалар аманатын балаларымыздың санасына сіңіру біздің, яғни ата-ананың міндеті, – дейді көпбалалы ана. Сүттей ұйыған отбасында жылылық пен мейірімге бөленіп өскен ұрпақ келешекте де ұшқан ұясындағы тәрбиесін ұмытпайды, саналы ғұмырында соны кәдеге асыратынын бүгінде ұл-қыздары дәлелдеп-ақ келеді. Отбасының татулығы берік болса, еліміздің де керегесі кең. Көпке сыйлы, ауызбіршілігі жарасым тапқан Ділмановтар отбасына осындай баға беруге әбден болады. Иә, өнегелі отбасы – елдіктің тұтқасы. Сәні мен салтанаты жарасқан, осындай берекелі шаңырақ кім-кімге болсын үлгі.

Г.СӘБИТҚЫЗЫ
15 мамыр 2025 ж. 38 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№35 (9302)

12 мамыр 2025 ж.

№34 (9301)

10 мамыр 2025 ж.

№33 (9300)

06 мамыр 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031