Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сүйіспеншілік салтанат құрар жер

Сүйіспеншілік салтанат құрар жер

Әсілінде, қазақ үшін ең қастерлі ұғым – отбасы. Әлімсақтан бері солай. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген дана халқымыз бала тәрбиесінде отбасының ерекше орын алатынын баса айтқан. Адам өмірге күнәсіз, пәк қалпында келеді. Оны бұзатын – қоғам, өскен ортасы. Ер жетіп, ес білгенде айналасындағы қызылды-жасылды дүниелерге қызығып, өзгеріп кетуі мүмкін. Ал, отбасында берілген дұрыс тәлім-тәрбие осыдан сақтайды. Мойындау керек, қазір жаңа заман келді. Ғасырлар бойы ана сүтімен бойымызға дарып, қанымызға сіңген мұралар ұмыт бола бастады. Бұрын кие тұтып, айрықша қастерлеген дүниелеріміздің біразы қадірін жоғалтуда. Соның бір айғағы – қоғамдағы отбасы институтының әлсіреуі. Тек, бізде ғана емес, бар әлемде белең алған құбылыс – бұл. БҰҰ-ның 15 мамырды отбасы күніне арнап, бекітуінің де астарында осы жатыр. Өйткені, қоғамның назарын отбасы құндылықтарына аудару қажеттілігі туындады. Рас, батыс елдеріне қарағанда, біздің жағдайымыз анағұрлым жақсы. Дегенмен, қол қусырып, қарап отыруға да болмайды. Соңғы жылдары отау тігіп, шаңырақ көтерген жас отбасылардың арасында ажырасу көбейді. Көбейгені соншалық, бұрын ілеуде бір бола қалса үрейлене қарайтын елдің көзі үйренді. Қалыпты жағдайға айналды. «Кім ажыраспай жатыр дейсің?» деп жылы жауып қоямыз. Әлеуметтанушылар ажырасудың көбеюін халықтың тұрмысымен байланыстырып жатады. Олардың пікірі «Жастар жұмысыз, баспанасыз болғандықтан ажырасу белең алып кетті» кетті дегенге келеді. Әрине, тұрмыстың тауқыметі жас шаңыраққа айтарлықтай ықпал етері анық. Десек те, бұл басты себеп бола алмайды. Өткенге көз салсаңыз, қазақ не бір нәубет заманды бастан өткерді. Ол кезбен салыстырғанда, қазір қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған мамыражай заман емес пе?! Ендеше, не себеп? Бәлкім, отбасы ұғымын қадір тұтуды ұмытып, жеке бастың мүдесін ойлап кеткен шығармыз? Ойлап қарасаңыз, ажырасудың көбейіп кетуі жай ғана статистика емес – қасірет. Өйткені отбасы – бақыт мекені. Үлгілі шаңырақта туып, тәрбие көрген сәбидің келешегі де жарқын болмақ. Бала үшін әке мен ананың мейірімінен асқан ештеңе жоқ. Атасы мен әжесіне еркелеп өскен бала айналасына жанашыр жан болып жетілмей ме?! Ал жанына ең жақын жандардың арасында таңдау жасау қажеттілігі туындағанда оның ойына не оралады? Қандай күйде болады? Ойлаудың өзі қорқынышты. Иә, заман өзгерді. Күнделікті күйбең тірлік басқаны былай қойғанда, отбасыңа мойын бұрғызбайды. Осыдан келіп, шаңырақтың шаттығы азаяды. Бұған, әсте жол беруге болмайды. Отбасы күні мерекесінің мақсаты да – қоғам назарын жанұяға аудару. Әсілінде, жақындарымызға ұдайы көңіл бөліп, сый көрсеткеніміз абзал. Құрмет бар жерде сүйіспеншілік салтанат құрады. Ал, ол шаңырақтың беріктігіне сеп. Мәжіліс отырысында депутат Ардақ Назаров: – Осындай айдың, күннің аманында шаңырағы ортасына түскен отбасылар кесірінен бүгінде 400 мың әйел мен 60 мың еркек – жалғызбасты отбасы кебін құшып отыр. Бұл не деген сұмдық?! «Екі жақсы бас қосса, бірін-бірі қия алмас. Екі жаман бас қосса, кең дүниеге сыя алмас» дегендей, біз осындай мүшкіл хәлге қалай жеттік? Отбасы-ошақ қасының түйткіл мәселелерін түбірлі түрде шешпей тұрып, әлемдік трендтердің соңынан аты-жөні жоқ, алашапқын ілесе берсек, ұлт ретінде үлкен тоқырауға ұшырарымыз анық. Сондықтан ажырасуға өтініш білдірген ерлі-зайыптылардың біржақты шешімі негізінде сотқа арыз қабылданбас бұрын арнайы мемлекеттік баж немесе жарна төлеу тәртібін енгізу қажет, – деп, халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан ақсақалдарының сөзін тыңдау, дау-дамайды бітіммен шешуді заманауи форматта қолдануды, жас отбасыларды қолдауға бағытталған «Жас отбасы» ұлттық бағдарламасын әзірлеу қажеттігін, үйлену тойларын өткізу кезінде несие рәсімдеуге жол бермеу жөнінде ұсыныстарын жеткізген болатын. Шынымен де отбасы – мемлекеттің ең басты іргетасы. Әрбір шаңырақтың берекесі – елдің бірлігі мен болашағының кепілі. Ажырасу тек екі адамның тағдыры ғана емес, бүтін бір ұрпақтың, қоғамның, мемлекеттің мәселесі. Сондықтан бұл мәселені тек жеке отбасы деңгейінде емес, ұлттық қауіпсіздік пен тұрақтылық тұрғысынан қарауымыз қажет. Әйелдің құқын қорғаймыз деп әкенің беделін төмендетіп алмайық Жақында Президенттің «Заң және тәртіп» қағидаты негізінде тұрмыстық сипаттағы кез келген құқық бұзушылықты елеусіз қалдырмауға бағытталған жаңа заң қабылданды. Әрине, үйінде жанжал шығарып, жақындарына дөрекі мінез көрсететіндер үшін жазаның қатаңдануы құптарлық. Дегенмен, таяқтың екі ұшы барын ескергеніміз жөн. Арғы-бергі тарихымызға көз салсақ, қазақ халқы әкені отбасының асыраушысы, шаңырақтың негізгі тұтқасы ретінде бағалаған. Оның тәлімі мен тәрбиесін қашанда қадір тұтқан. Біреудің баласы жақсы, өнегелі азамат болса, «оның атасы немесе әкесі жақсы кісі еді, көргенді бала екен, өнегелі жерден шыққан ғой» деп мақтауын асыратын. Қазір бұрынғыны сөз етсең өткенді көксеген болып шығасың. Бірақ кешегісіз бүгіннің жоқ екендігі тағы ақиқат. Иә, бүгінде әлеуметтік желілерде «отбасыдағы ерлердің рөлі өзгерді», «әкелердің беделі төмендеді», «бүгінгінің ерлері ұсақталып барады», «батыр тұлғалы бабаларымыздың ізін жалғайтын еркектер азайып кетті», «еркектер – жалқау, жатыпішер» дейтін пікірлер жиі айтылып жатады. Әрине, жауапкершілікке атүсті қарайтын ер-азаматтардың бар екенін жоққа шығаруға болмас, бірақ, ақылы мен пайымы терең аналар отағасының кемшілігін жасырып, балаларын үнемі әкесін сыйлауға, құрметтеп жүруге бейімдеп отырмас па?! «Әкең ренжіп қалар», «Әкең жіберсе, бара ғой», «Әкеңе барып сәлем бер», «Әкеңе керегін дайында» деп әкені құрметтеуді анасы баласына үйретіп отырса, мұндай отбасыда тәртіп пен татулықтың салтанат құрары сөзсіз. Сол себептен әр отбасыда әкенің, ердің, күйеудің орны төрде болуы қажет. Әкенің мысы басым болмаған отбасыда бірлік пен берекенің орнай қоюы екіталай. Керісінше, әке тәрбиесін көрмеген баланың бойында жасықтық пен жасқаншақтық, сөзде тұрмау, екіжүзділік, өсекке жақындық, бозөкпелік сияқты жағымсыз қасиеттер ұялауы мүмкін. Қалай болғанда да әйелдердің құқын қорғайық, дегенмен, әкелердің де беделін төмендетіп алмауымыз қажет. Үйлену оңай, ажырасу одан да... Неке мен гауһар тойдың арасында қилы тағдыр бар. Елімізде 5-9 жыл некеде тұрғандардың ажырасуы жиілеген. Шетелде де осындай көрсеткіш тіркеліпті. Ағаш той мен жанан тойдың арасында не бүлінеді? «Көсегең көгерсіннің» бекер айтылмайтыны осыдан болар. Ұлттық экономика министрлігі статистикасына сүйенсек, соңғы 10 жылда елімізде 1,5 млн неке қиылыпты. Соның 500 мыңы айырылысып кеткен. Ажырасу саны жыл санап көбейіп келеді. Мысалы, былтыр АХАТ 120 мың неке тіркелсе, 40 мың жұп айырылысқан. 2023 жылғы көрсеткіш те дәл солай. Ал Шиелі ауданында өткен жылы 389 отбасы шаңырақ көтеріп, 197 неке бұзылған. Биыл жыл басынан бері ауданымыз 113 отбасыға толықса, 62 шаңырақ шайқалып отыр. Ажырасу салдарынан психологиялық қысым көретін – бала. Бала үшін ажыраспай некені сақтау тіптен ауыр. Өйткені екі тарап та психологиялық тұрғыда қажиды. Психологтардың айтуынша, мұның бәрін бала сезеді. Сондықтан бала үшін деп үшеуінің де өмірін құрдымға кетірудің қажеті жоқ. Елімізде ажырасқандардың 90 пайызы баланы анасында қалдырады. Көпшілігіне алимент төленбейді. Сенатор Бірғаным Әйтімованың айтуынша, алимент төлемегендердің қарызы миллиард теңгеге жетеқабыл. Қазақстанда әрбір оныншы әке алимент төлеуден қашады. Жұмыс орнын тіркеуге құлықсыз. Психологтар ажырасудың алдын алу екі тараптың түсінігі мен сыйласуына байланысты дейді. Осындайда күні бұрын Алшынбаймен құдаласып, Абайға Ділдәні жар еткен Құнанбайдың әрекеті еске түседі. Қазақы дәстүр мен тәрбие отбасын бұзуға жібермесі анық. Кезінде тарих пәнінен сабақ берген ұстазымыз «заманында үйір-үйір жылқы беріп, жасау-жабдығын түгендеген жарыңмен оңайлықпен ажыраспайсың» дейтін еді. Шынымен де, қыздың қалыңы мен жасауын беру шығын емес, отбасы құндылығы мен сыйластықтан тұратын секілді. Ең әуелі ажырасудың себептерін ұлттық тәрбиенің осал болып бара жатқанынан іздеуіміз керек. Күні кеше жесірін қаңғытпаған қазақ бүгінде өз қанынан жаралған перзенттерінен жеріп жүр. Сосыңғы бір жаман әдет – отбасы мәселесіне ата-аналардың орынды-орынсыз килігуі. Ешкімге «жас отбасыға ақыл айтпа, көмектеспе, істеріне араласпа» демейміз. Бірақ, не болса соған киліге берудің соңы жақсылыққа апармайды. Жас шыбықты игендей жас отбасыға өнегелі тәрбие, дұрыс бағыт-бағдар керек. Ең бастысы, ерлі-зайыптылардың арасына түспеу. «Отбасы – шағын мемлекет» десек, шаңырақтың шайқалмауы үлкен мәселе. Үлкен мемлекет кіші мемлекеттер арқылы іргесін бекітеді. Сондықтан бұл күрделі түйткілге мемлекеттік тұрғыдан қарауымыз керек. Әр отбасының іргетасы мықты, керегесі кең болуы үшін қамқорлық қажет. Бұл сан тараудан тұрады. Ең бастысы, жас мамандарды жұмыспен, баспанамен қамтудың барлық нұсқаларын жүзеге асыруымыз керек. Біздің елде жыл сайын «Мерейлі отбасы» атты республикалық байқау өткізіледі. Өнегелі ұл-қыз өсірген отбасыны дәріптеу бір ғана байқаудың асына сыйғызу мүмкін емес. Осындай іс-шаралар қазақы нақышпен өріле келе жас жұбайларға ой салатын бағалы бағдарламаға айналуы тиіс. Қазіргідей қыздан иба, ұлдан ұят кеткен заманда қазақ қоғамы қалғымауы тиіс. Өйткені бүгін қимылдамасақ, ертең кеш қаламыз.

Гүлхан ЯХИЯ

15 мамыр 2025 ж. 130 0