Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚАЗАҚ КЕЛІНІНІҢ ӘЗІРБАЙЖАНДЫҚ ПАЛАУЫ

ҚАЗАҚ КЕЛІНІНІҢ ӘЗІРБАЙЖАНДЫҚ ПАЛАУЫ

ӘБДУАЛИ МЕН СЕВИЛЬ АБДУЛЛАЕВТАР ОТБАСЫНДА ҚАЗАҚ, ӘЗЕРБАЙЖАН ЖӘНЕ ӨЗБЕК ХАЛЫҚТАРЫНЫҢ ДӘСТҮРІ МЕН САЛТТАРЫ ТОҒЫСҚАН.
Алдымен Әбдуалидің отбасы туралы айтып өтейік. Оның әкесі Хайрулла Шиеліде теміржол саласында жұмыс істеген. 1930 жылдардағы ашаршылық кезеңінде өзбек ұлтынан шыққан жетім бала Хайрулланы балалар үйінен Төлеген Пернешов асырап алады. Осылайша сәби кезінде Хайрулла қанжығалы руынан шыққан қазақ отбасына бала болды. Бұл отбасында Хайрулладан бөлек тағы үш бала өсіпжетілді.
Ер жеткен соң Хайрулла сол кездегі шиеліліктер арасында танымал болған «Теміржол» асханасында аспаз болып жұмыс істеген сұлу қазақ қызы Сараға үйленеді. Бұл ынтымағы жарасқан отбасы тоғыз ұл мен екі қыз тәрбиелеп өсіреді: Марат, Хабиболла, Әбдухамит, Әбдумәжит, Әбдуали, Әбдуғани, Әбдуазиз, Әбдусамат, Нышанбай және екі қыз – Мадина мен Мәлика. Бүгінде олардың әрқайсысының өз отбасы, балалары бар, түрлі салаларда қызмет етіп, Қазақстанның абыройын арттырып жүр.
Ал Севильдің әке-шешесі Жамбыл облысы, Қордай ауданының Жамбыл ауылында тұрады. Әкесі Жәвад Абышев зейнеткерлікке шыққанға дейін энергетика саласында жұмыс істеген, ал анасы Фарида сатушы болып еңбек еткен. Бұл әзербайжан отбасында Севиль, Наиля есімді екі қыз және Равиль есімді бір ұл бар.
Енді Әбдуали Абдуллаевтың өз отбасына келсек: Әбдуали «Волковгеология» кәсіпорнының ГРП-23 бөлімшесінде жұмыс істейді, ал Севиль кенттегі «Арман» мәдениет үйінде фитнес үйірмесінің жетекшісі болып еңбек етеді.
Бұл жарасымды отбасында алты бала бар. Олар – Шахриза, Шахноза, Шахзада, Фарида және Әлішер, Әбдікәрім. Севиль қазақ келіні ретінде барлық салт-дәстүрді қастерлеп орындайды. Мысалы, күйеуінің жасы үлкен туыстарына иіліп сәлем салады, «Күміс алқа» иегері, алты немеренің әжесі.
Севиль қазақ асханасының барлық тағамын дәмді етіп әзірлейді. Кейде сұрағандар үшін әзербайжандық палау да пісіреді. Қазақстан халықтарының бірлігі күніне орай Шиеліде жыл сайын өтетін ұлттық тағамдар көрме-байқауында Севиль Абдуллаева дайындаған бұл палау қазылар алқасы тарапынан ең үздіктердің бірі ретінде бағаланады. Палау сарымайға дайындалып, ет, мейіз, өрік, ноқат, пияз қосылады.
Мен Әбдуали мен Севильден отбасы бақытының сыры неде екенін сұрадым. Екеуінің де жауабы ұқсас болды:
— Ең бастысы – үлкендерді сыйлау. Бұл – кез келген халықтың салт-дәстүрінің негізі. Егер бұл болса, қалғанының барлығы өздігінен келеді, елімізде әрдайым бейбітшілік, жақсылық пен тыныштық болсын, – деді олар.

Дария Мақсұт,
Фото автордікі және ашық дерек көздерден алынды

30 сәуір 2025 ж. 48 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№32 (9299)

30 сәуір 2025 ж.

№31 (9298)

29 сәуір 2025 ж.

№30 (9297)

26 сәуір 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930