1-МАЙДАН БӘЙТЕРЕККЕ ДЕЙІН

ТАРИХ БЕТТЕРІНЕ КӨЗ ЖҮГІРТСЕК
Ауылдық округ тарихы сонау 1905 жылдан басталады. Сол жылы «Орынбор-Ташкент» теміржол құрылысы басталғаннан кейін Ресей патшасының әмірімен Сыр бойына ондаған мың адам көшіп келеді. Олар шіркеу, базар, госпиталь мектептер мен жетім балалар үйлерін соға бастайды. Алғашкы ұн ақтайтын диірмен де осы жерде орналасып, бүкіл Шиелі диқандарының дәндерін тартып, жақын маңды ұнмен қамтыған. Кеңес үкіметі орнағаннан кейін алғашқы ұжымдастыру кезеңі 1929 жылы басталып, елді мекен «1 Май артелі» деген атау алады. 1937 жылы артельге Қиыр шығыстың Приморье өлкесінен корей ұлтының өкілдері құралсаймандарымен көшіп келіп, қазіргі уран өндірісі орналасқан маңайға орналасқан. 1952 жылы орталығы «Гигант» колхозы болып қайта бірігеді. Осы шаруашылықты білікті ұйымдастырушы Хан Леонтий Васильевич 37 жыл басқарып, табысты, экономикасы нығайған іргелі шаруашылыққа айналдырды. Нәтижесінде 1963 жылы шаруашылық «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, егін егуде жеткен табыстары үшін 11 адам Социалистік Еңбек Ері атағымен марапатталған. Гигант ауылдық округі 1976 жылы Ақмая ауылдык округінен бөлініп, дербес әкімшілік болып құрылды. Ауылдық округ Шиеліден түстікке қарай 3 шақырым, Сырдария өзенінен теріскейге қарай 22 шақырым қашықтықта орналасқан. Бірнеше жыл бұрын ауылдық округ атауы Бәйтерек болып өзгертілді
БҮГІНГІ КҮННІҢ БЕЛЕСТЕРІ
Өткен жылдың алты айлық қортындысымен ауылдық округ бойынша үй саны – 854, жалпы 4562 адам тіркелген. Ауылдағы экономикалық белсенді халық саны – 2745, жұмыспен қамтылғандар – 2667, оның ішінде өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны – 517 болса, жұмыссыздар – 78 адам. Бәйтерек ауылдық округі аумағының жалпы көлемі – 21 592 гектар, оның ішінде егістік – 3382 гектар, жайылым жерлері – 4427 гектар. Сонымен қатар Бидайкөл ауылындағы Мұнарбай Мырзалиев, Бейбітшілік, Сейхун, Раш Жүсіпов, Әбдіқалық Досжанов, Леонтий Хан, Мәлике Басанова көшелеріне және №17 кварталға автомобиль жолдарын қайта жаңартуға жобасметалық құжаттары өткізіліп, «Каз Проект Экспертиза» жаупкершілігі шектеулі серіктестігінің сараптама қорытындысы бойынша 663 714,5 мың теңге қаржыға жалпы ұзындығы – 7955 метр жолды қайта жаңғырту жоспарлануда. Қазір ауылдағы Зияда Пірімбетов көшесінің бойына құны 37 миллион болатын балалар ойын алаңын орналастыру мақсатында аудандық экономика, бюджетті жоспарлау және қаржы бөліміне жоба-сметалық құжаттары өткізіліп тұр.
СПОРТҚА ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚ ҚУАНТАДЫ
Бәйтерек ауылдық округі бойынша салауатты өмір салтын ұстану, бұқаралық спортты дамыту қазіргі уақытта бір жүйеге қойылған. Мектептегі 44 оқушы ауылдық мәдениет үйінің спорт залында қазақша күрестен жаттығып келеді. Олардың 11-і қыз балалар. Жастарды спортқа баулу – жарқын болашақ кепілі. Осыны ескерген аудандық мәлихат депутаты, жергілікті қауымдастық төрағасы және «Семізбай U» ЖШС Иіркөл филиалының директоры М.Салқынбаевтың демеушілігімен ауылдық мәдениет үйі ғимаратының ішіндегі жасөспірімдерге арналған спорт залға брусья турнигінен екі данасы пайдалануға берілді. Бидайкөл ауылындағы бұрын 5 гектар аумақты алып жатқан ипподромға жер комиссиясының оң қорытындысы негізінде қосымша 10 гектарға оң қорытынды алып, жалпы көлемі 15 гектар болып ұлғайтылды. Осы ипподром алаңында мерекелік күндері түрлі іс-шара өткізіліп, бәйге жарыстары, теңге алу, қой көтеру, аударыспақ, тай жарысы және тоқ бәйге сынды көптеген ұлттық сайыс жоғары дәрежеде ұйымдастырылып жүр. Сонымен қатар «РУ-6» ЖШС ынтымақты келісім арқылы Бидайкөл ауылындағы Сартай Махамбетова және Мұнарбай Мырзалиев көшесінің қиылысындағы ескі стадионды қайта қалпына келтіру мақсатында жұмыстары жандануда. Стадионды темір қоршаулармен қоршап, футбол ойынына арналған қақпаларды қойып, алаңды ағымдағы жылы пайдалануға беруге жұмыс жасалуда.
БІЛІМДІ, ДЕНСАУЛЫҒЫ МЫҚТЫ, МӘДЕНИЕТТІ ҰРПАҚ ҮШІН
Бидайкөл ауылындағы 2012 жылы салынған 600 орындық №148 орта мектебінде 896 оқушы білім алып, 131 мұғалім тұрақты жұмыс істейді. Мектепте тұрмысы төмен аз қамтылған отбасылардан шыққан 450 бала ыстық тамақпен қамтылған, асханада 6 қызметкер еңбек етеді. Ағымдағы жылдың І тоқсанында ұстаздар мен ата-аналардың демеушілігімен «Жасыл мекен» кабинеті, жеке кәсіпкер М.Абдраймовтың демеушілігімен «Шахмат» кабинеті ашылған. Сонымен қатар мұғалімдер шығармашылықпен айналысу үшін «Stem» кабинеті жабдықталған. Ал Ақтам елді мекеніндегі «Ақтам» бастауыш мектебі 2023 жылдың қыркүйек айында облыс әкімінің тапсырмасына орай бала санының жетіспеуіне орай жабылды. Бидайкөл ауылында үш жеке бала бақша тұрақты жұмыс істеп келеді. Атап айтар болсақ, «Нұртілек» жеке бала бақшасы 65 бала, «Қуаныш» жеке бала бақшада үш топ бар, әр топта 20 баладан тәрбиеленуде, «Жанерке и К» жеке балабақшасында тәрбиеленіп жатқан жалпы 60 бала қамтылған. Әр бала бақшада тұрақты жоғары білімді тәрбиешілер жұмысқа тартылған. 2013 жылы пайдалануға берілген Бидайкөл ауылдық дәрігерлік амбулаториясында 20 қызметкер, оның ішінде 2 дәрігер, 15 орта буын медициналық қызметкер, 6 кіші буын қызметкер еңбек етеді. Күндізгі стационар 5 орынды, 1 жедел жәрдем көлігі бар. Бидайкөл ауылындағы 270 орындық мәдениет үйі 1977 жылдары типтік жобада салынған (2014 жылы күрделі жөндеуден өткен). Ауылдық мәдениет үйінде 1 кәсіпорын басшысы, 1 көркемдік жетекші, 1 аккомпаниятор, 2 қарауыл және 2 тазалықшы тұрақты жұмыс істеуде. Айта кетейік, ауылдағы әр мереке «Семізбай U» ЖШС Иіркөл филиалының директоры М.Салқынбаев және «Бидайкөл» шаруа қожалығының төрағасы Т.Байдалиевтың демеушілігімен жоғары деңгейде аталып өтеді. Бидайкөл ауылдық мәдениет үйі ғимаратында орналасқан кітапхана 1954 жылдың ақпан айында құрылған. Өткен жылы кітап қоры – 18 035 дана болды. Мұндағы коворкинг орталығына демалыс орны ретінде келіп кітап оқып, тоғызқұмалақ, шахмат ойынын ойнап, бос уақытын тиімді пайдалануға болады. Сонымен қатар «Жас қаламгер» үйірме бұрышы бар. Кітапханада екі жоғары білімді кітапханашы ауыл тұрғындарына қызмет көрсетеді.
АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МЕН КӘСІПКЕРЛІККЕ КЕҢ ӨРІС
Ауылдық округте тұрғындардың негізгі кәсібі – егін мен мал шаруашылығы. Бұл кәсіппен 63 шаруа қожалығы айналысады. Елді мекендегі ірі шаруашылық болып есептелінетін «Бидайкөл» шаруа қожалығы ауылдың 123 азаматын маусымдық жұмыспен қамтып отыр. 2024 жылы 800 гектар жерге күріш дақылы, 145 гектар жерге жаңа жоңышқа, 145 гектар жерге күздік бидай, 380 гектар жерге көкөніс дақылдарын және бақша дақылдары егіп, жақсы өнім алды. Төрт түлік малдың ішінде барлық мал саны өткен жылға қарағанда көбейіп, мүйізді ірі қара малдың басы біршама артқан. Бидайкөлде мал падасы мәселесі ауыл тұрғындарының жалпы жиналысы мен ардагерлері алқасында шешім қабылданып, екі мал падасын бақташылар келісімшарт негізінде бағуда, 22 бекетте мал кезек арқылы бағу ұйымдастырылған. «Бидайкөл» шаруа қожалығы өткен жылы жобалық құны – 150 миллион теңгені құрайтын жалпы көлемі 1 гектар жылыжай құрылысын бастады. Бұл ұжымда 65 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Орташа жалақы 150 мың теңгенің көлемінде. Жыл соңында озат деп танылған диқандар мен механизаторларға 200 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін сыйақы беріледі. Бұдан бөлек үлескелерге дивиденд есебінде екі қап күріш пен 100 дана престелген жоңышқа таратылады. Ауыл кәсіпкерлері ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласы бойынша ауданда оқ бойы алда тұр. Мұнда көкөніс-бақша өнімдерін өңдеу, айран, құрт, ірімшік, тағы да басқа сүт өнімдерін дайындайтын цехтарда оннан аса адам жұмыспен қамтылып отыр. «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы» ЖШС Микробизнес-Кызылорда (РИЦ) бағдарламасы бойынша 1 жобаға 3 миллион қаржы бөлініп, өз кәсіптерін бастаған ауыл тұрғыны Марат Мыңбайұлы «Рахат Евроремонт» атымен тіркеліп, өз жұмысын істеуде. ИНФРАҚҰРЫЛЫМ МЕН КӨРКЕЙТУКӨГАЛДАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫНА БАСЫМ БАҒЫТ БЕРІЛІП ОТЫР
Бидайкөл ауылына «Қазсушар» Жиделі топтық су құбыры желісі толық жүргізілген, барлығы сервистік желіге қосылған. Ұзындығы 11 шақырымды құрайтын «Л-1» арнасының сағасы 22 бекет елді мекенінен бастау алады. Көктем айларында елді мекенде көптен бері шешімі табылмай келе жатқан мәселе – «Л-1» аяқ су арнасы қайта қазылып тазаланды. Елді мекенде көгалдандыру-көркейту санитарлық тазарту жұмыстарына РУ-6 ЖШС және «Семізбай U» ЖШС Иіркөл филиалының бөлінген арнайы техникалар жұмылдырылып, қоқыстар тазартылды. Сонымен қатар ауылішілік арықтар ерте көктемнен толық тазаланып, қайта қазылып, аяқсумен Бидайкөл ауылы толық қамтамасыз етіліп, ауыл тұрғындары өз бірлігін көрсетті. Ауыл тұрғыны жеке кәсіпкер Әкімбек Құдайбергенұлының демеушілігімен Бидайкөл ауылындағы №148 орта мектепке көлік баратын жолға және «Бегман ата» ауыл мешітіңін алаңына өз қаржысымен тас төсеп, көмектерін көрсетіп жатыр. Көктем айы басталған уақыттан, ауыл тұрғындары, ардагерлердің бірі Күзербай Сейтенов және Рахматулла Аймбетов демеуші болып, Бидайкөл ауыл саябағына жеміс ағаштарының 210 дана көшетін (оның ішінде шие, өрік, қара өрік, алма т.б.) әкеліп егіп, күтіп баптауда. Ауыл тұрғыны Мыңбай Қонарбаев Мұстафа Шоқай көшесінің бойында балалар ойын алаңына түрлі жеміс ағашын егіп, қазіргі таңда барлық көшет күтіп баптаудың арқасында көктеп тұр. Бәйтерек ауылдық округіне қарасты мекемелермен бірлесе отырып, көктем айы басталғаннан бері әр аптаның сенбі күні сенбілік жұмыстарын жүргізіліп келеді. Әр аптада сенбілік кезінде 3-4 жүк тасымалы көлігімен қоқыстар алынып, көшелер қайта тазартылуда.
ҚАРЖЫ ҚАЛАЙ ЖҰМСАЛЫП ЖАТЫР?
Ауыл әкіміне «2023-2024 жылдары бөлінген қаржы кайда? Қалай жұмсалып жатыр? Және елде қандай өзекті мәселелер бар?» деген сұрақ қойдық. Алған жауабымыз төменгідей болды. Ауылдағы Мұнарбай Мырзалиев, Бейбітшілік, Сейхун, Раш Жүсіпов, Әбдіқалық Досжанов, Леонтий Хан, Мәлике Басанова көшелеріне және №17 кварталдағы автомобиль жолдарын қайта жаңарту, бірқатар көшеге көше жарығын орнату, сондай-ақ Зияда Пірімбетов көшесінің бойына балалар ойын алаңын салу өзекті мәселер қатарында. 2023 жылы аудандық бюджеттен 12 млн бөлінген қаржыға 2024 жылдың І тоқсанында Бидайкөл ауылындағы ауылдық мәдениет үйінің ішкі көрермен залына перделері және көрермен залындағы орындық жапқыштары қайта жаңартылды. Ауылдық мәдениет үйінің ішкі бөлмелеріне бейне бақылау камералары қойылды. Ғимараттың сыртқы ауласына төсеніш тас (бручатка) төселінді. Сонымен қатар табиғи апаттың салдарынан жарамсыз болған ауылдық мәдениет үйі ғимаратының шатыры қайта жаңартылып қалпына келтірілді. Сыртқы қоршауларының ірге тасы құйылып, темір қоршаумен жаңартылу үстінде. 2024 жылға аудандық бюджеттен 4 млн қаржы бөлініп, ауылдық мәдениет үйінің сахнасына ЛЭД экраны қойылды. Бәйтерек ауылдық округінің салық түсімінен түскен 360 мың теңгеге ауылдық мәдениет үйінің ауласына 600 дана роза гүлі егілді. Тағзым алаңының алдына 45дана жаңа көшеттер отырғызылды. Жуық арада №22 бекеттің Жеңіс көшесінің жолы жөнделіп, жарық шамдар орнатылады. Сонымен қатар Бидайкөл ауылындағы Ремет Балтеев, Абат Қазбеков, Базарбай Мамбетов, Сырдария көшесіне және 27,28,29 кварталдарға көше жарығына 11 млн қаржы бөлініп, жеңімпаз мердігер, дара кәсіпкер «Ай-Ару-Жан» 5 778 080 теңгеге келісімшарт жасалып, жұмыстары жасалу үстінде. Үнемделген қаржы – 9 569 280 теңге.
Айдар БАҚЫТЖАНҰЛЫ