ҚҰТТЫ ЕЛДІҢ – ҚҰТТЫҚЫЗЫ

Жақында мәдениет саласына саналы ғұмырын арнаған Құттықыз Ыханованы құрметті зейнет демалысына шығарып салуға арналған кеш өтті. Іс-шарада қатысушылардың қошеметімен төрден орын алған Құттықыз Шайыққызының өмірбаяны, еңбек жолындағы жетістіктері таныстырылды. Салтанатты кеш мерекелік бағдарламамен жалғасып, қуаныш иесі өз еңбек жолындағы қызықты кезеңдермен бөлісіп, ыстық ықыласқа алғысын жеткізді. Сондай-ақ ағайынтуыстары, әріптестері мен замандастары жиналып, жүрекжарды ақ тілектерін ақтарды. Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар да табысталды. Құтты елдің Құттықызы – 1962 жылы Нартай Бекежанов ауылында дүниеге келген. Мектептен соң Алматы қаласындағы педагогикалық училищенің мектепке дейінгі балалар тәрбиешісі бөлімін, «Болашақ» университетін «Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» мамандығы бойынша тәмамдаған. Құттықыз шағын ұжымға жетекшілік етіп отырып-ақ, аудан, облыс, республикаға танымал болды. Ол өзінің адами асыл қасиеттерімен, ұйымдастырушылық дарынымен, өнерлі талантымен халық назарына тез ілінді. Жайдары-жайсаң, ашық-жарқын мінезімен, сұлу келбетімен, өзінің Құттықыз деген әдемі атымен аудан тұрғындарының мақтанышына айналды. Құттықыз Ыханова – отбасында да құрметті, ардақты асыл ана. Жүзінен биік парасатты, кіршіксіз достық пен сыйластықтың лебі есіп тұрады. Ол атаанасының да, бірге туған бауырларының да ақ тілегін орындаған бақытты жан. Қ.Шайыққызының осы жасқа келгенше еткен еңбегі зая кетпеді. 2014 жылы тұңғыш рет музей қызметкерлері арасында облыс бойынша ҚР мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар облыс әкімінің, аудан әкімінің «Алғыс хаттары», «Ы.Жақаев 125 жыл» мерекелік медальдары Құттықыз Ықанованың ерен де еселі еңбегіне берілген баға болса керек. Бұл жетістіктер – үлкен еңбек пен көрегенділік, көсемдікке толы жүректің нәтижесі деп нық сеніммен айта аламыз.
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ,
сурет Бақытжан БӘЙІМБЕТТІКІ
сурет Бақытжан БӘЙІМБЕТТІКІ