Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТАҒЗЫМ МЕН ТАЗАЛЫҚ

ТАҒЗЫМ МЕН ТАЗАЛЫҚ

Ұлы Жеңістің 80 жылдығы – бұл тек тарихи дата ғана емес, бұл – халық жадында мәңгілік сақталатын ерлік пен елдікке толы кезең. Бұл күн – атабабалардың қанымен, жанымен келген бейбіт өмірдің қадірін сезінетін, Отан үшін от кешкен ерлерге тағзым ететін сәт. Еліміз бойынша осы мерейлі датаға байланысты түрлі патриоттық, әлеуметтік, экологиялық бағыттағы шара қолға алынуда. Соның бірі ретінде Шиелі ауданы, Иіркөл ауылдық округінде өткен тағылымды сенбілікті атауға болады.
«AMANAT» партиясының Шиелі аудандық филиалына қарасты «Иіркөл» бастауыш партия ұйымы Жеңістің 80 жылдығына орай ауыл жастарын жұмылдырып, Ы.Жақаев ауылындағы «Тағзым» алаңында тазалық жұмыстарын ұйымдастырды. Бұл алаң – Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіш орналасқан қасиетті орын. Жастар бұл жерде жай ғана сенбілік жасап қойған жоқ, олар өткенге деген құрмет пен болашақ алдындағы жауапкершілікті іс жүзінде көрсетті. Ескерткіш маңын жуып-тазалау, айналаны күлқоқыстан арылту – сырт қарағанда қарапайым іс көрінгенімен, бұл әрекеттің астарында үлкен мағына жатыр. Бұл – ұрпақтың ардагерлер алдындағы тағзымы, олардың ерлігін ұмытпай, құрметпен еске алу. Соғыста шейіт кеткен боздақтардың рухына деген ілтипат, аман оралған майдангерлердің қажырлы еңбегіне алғыс іспеттес. «AMANAT» партиясы бұл бағытта тұрақты түрде жұмыс атқарып келеді. «Таза бейсенбі» және «Таза Қазақстан» акциялары аясында әр апта сайын сенбіліктер ұйымдастырылып, аудан тұрғындары табиғатты қорғауға, туған өлкесінің тазалығына үлес қосуға белсенді қатысып жүр. Бұл – тек экологиялық емес, сонымен бірге тәрбиелік мәні зор қоғамдық бастамалар. Жастардың белсенділігі, ұйымшылдығы мен патриоттық рухы – ел болашағының сенімді кепілі. Олар бүгін ескерткішке тағзым етсе, ертең туған жерін көркейтуге атсалысатын азамат болып өсері анық. Мұндай шаралар – жастардың бойында отансүйгіштік, елге қызмет ету, тарихқа құрмет сынды құндылықтарды қалыптастырудың тиімді тетігі. Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай атқарылып жатқан әрбір іс – ерлік пен елдікті ұлықтау. Ал ескерткіштерді күтіп ұстау – сол ерлікті ұмытпау, оны келер ұрпаққа жеткізу жолындағы маңызды іс. Иіркөлдегі сенбілік – осының жарқын үлгісі. Мұндай шаралар тек тазалықты ғана емес, адам жанының да тазалығын, ұлтқа деген сүйіспеншілігін көрсетеді.

С.БАХТИЯРҚЫЗЫ
19 сәуір 2025 ж. 1 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№28 (9295)

21 сәуір 2025 ж.

№27 (9294)

15 сәуір 2025 ж.

№26 (9293)

13 сәуір 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930