Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АТАКӘСІП – САРҚЫЛМАЙТЫН НӘСІП

АТАКӘСІП – САРҚЫЛМАЙТЫН НӘСІП

Аудан диқандары жыл сайын сәуір айы ортасынан ауғанда күріш егіп бастайды. Биыл да сол дәстүрден жаңылмай, көктемнің әр күнін тиімді пайдаланып қалуға тырысуда. Қазір дайындыққа қызу кірісіп кетті. Қажетті тұқым, минералдық тыңайтқыш, техникасын әзірлеп, жауапты науқанға сақадай сай болуға назар аударып отыр. Биыл аудан еңбеккерлері 31 мың 512 гектарға егін егуді межелеген. 
«Көктемнің бір күні жылға азық» деп әсте бекер айтылмайды. Күн жылынып, жер қарайғаннан кетпенін қолға алып, ала таңнан атыз жағалап, дала жұмысына ысылған диқан қауымның еңбегі ерен. Осы арқылы берекелі күзде қамбаны алтын дәнге толтыруды көздейтіні белгілі. Ерте көктемнен еңбек көрігін қыздырған шиеліліктердің қимылы ширақ. Әсіресе, өңірдің басты дақылы саналатын күріш алқабында еселі еңбектің лебі еседі. Атакәсіптің желкенін керген бүгінгі диқан қауымының қатқабат шаруасы бір сәт босаңсуға да мүмкіндік бермейді. Жыл басында өткен Үкімет отырысында диқандар мәселесі кеңінен талқыланып, көпті күмілжіткен дала қосындағы еңбектің екпінін арттыру жайы сөз болғаны белгілі. Өткен жылы Сыр еңбеккерлерінің басын ауыртқан мәселенің бірі – су тапшылығын еңсеруге тікелей байланысты болды. Сондықтан сала мамандары қиындықты еңсеру жолында түрлі шара мен жаңашылдыққа бет бұрып келеді. Нәтижесінде биыл егінші қауым науқанға дейін судың қорын молынан жинады. Сөйтіп облыс бойынша күріштің көлемін 350 гектарға артығымен екпек. Ең бастысы, еңбеккерлер суарудың түрлі әдісін қолдана отырып, су үнемдеудің тиімді тетіктерін қолданысқа енгізуді көздеп келеді.

ДАЛА ЖҰМЫСЫНА ДАЙЫНДЫҚ ҚАРҚЫНДЫ
Иә, сала мамандары биылғы науқанға жан-жақты дайындықпен келіп отырғанын алға тартады. Бұл тұрғыда аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Мұрат Әшірбеков тізбектеп айтып берді. – Дала жұмысына дайындық тыңғылықты жүріп жатыр. Биыл 31 512 гектарға егін орналастыру жоспарлануда. Оның ішінде өңірдің басты дақылы – күріштің көлемі 12 500 гектарды құрамақ. Сол сияқты егісті әртараптандыру мақсатында күздік бидай – 1200, жаздық бидай – 570, тары – 240, дән жүгері – 273, мақсары – 1022, күнбағыс – 30, соя – 78 гектарға егіледі. Сондай-ақ картоп – 673, көкөніс – 1992, бақша дақылдарын 2602 гектарға орналастыру межеленуде. Бүгінде ерте егілетін ауыл шаруашылығы дақылдарын себу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Негізгі дақыл күрішті бірер күнде бастау межеленіп отыр. Тұқым мәселесі де түбегейлі шешімін тапты. Одан бөлек, биылғы жылғы егіске қажетті минералдық тыңайтқыштардың көлемі 15 мың 200 тоннаны құраса, қазір оның 7 мың 300 тоннасы сатып алынды, – деді М.Әшірбеков.

ТҰҚЫМНАН ТАПШЫЛЫҚ ЖОҚ
Жалпы, өңірде тұқыммен қамту мәселесінде де анау айтқандай түйткіл жоқ. Бұл тұрғыда мамандар шаруашылық құрылымдары қажетті тұқымдық материалдарымен толық қамтамасыз етілгенін алға тартып отыр. – Егін науқанына Сыр диқандары сақадай сай. Тұқым мәселесі түбегейлі шешілді. Шаруашылықтар минералдық тыңайтқыштар мен гербицидтерді жеткізуші мекемелермен келісімшарт жасау арқылы қажеттілікке сәйкес сатып алуда. Техникалардың дайындығы және жанар-жағармаймен қамтылуы жағы да ойдағыдай. Күзгі егін жинау және дала жұмыстарын жүргізуге биылға мемлекет тарапынан бөлінген арзандатылған дизель отынын жеткізуші операторларды айқындау үшін «Госагро» порталы арқылы электронды өтінім жолданды, – деп түсіндірді биылғы науқанға дайындық барысы жайында ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы. Жоғарыда айтып өткеніміздей, шаруашылықтарды суды үнемдеп пайдалану мәселесі толғандырады. Осы ретте каналдардың бүгінгі жайы да назардан тыс қалған жоқ. Мамандардың мәлімдемесіне сәйкес, нақты уақытта О2 каналаның 3,8 шақырымы, Р-10 каналы, К-3 коллекторы 1,2 шақырымы қазылып, дайындалған. Енді К-4 коллекторы, Нәнсай, Қырық жігіт каналдарына механикалық тазалау жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Сонымен қатар бірнеше каналға ағымдағы жөндеу жұмысы жасалмақ. Қалай дегенде де, бағасы қымбат, бейнеті көп дақылды өсіріп, күтіп-баптау шаруаларға оңайға соқпайтыны анық. Келісіп пішкен тон ешқашан келте болмайды. Жергілікті шаруалар мен атқарушы билік арасында байланыс болса, шаруа ширай түсетіні анық. Ең бастысы, мемлекеттен тиісті қолдау көрсетіліп жатыр.
ТЕХНИКАЛАР САҚАДАЙ САЙ ТҰР
Аграрлы өңірдің техникасыз тынысы ашылмайтыны белгілі. Тозған құралсайман жұмысты тұралатып, әуреге салады. Сондықтан аудан диқандары техниканы үздіксіз жаңалап отыруды жүйелі жолға қойған. Соның нәтижесі болса керек, қолдағы мәлімет техникалар 100 пайыз дала жұмысына дайын екенін көрсетіп отыр. Жалпы аудандағы ауыл шаруашылығын өндірушілерде 670 дана техника бар. Оның 321-і трактор, 78-і соқа болса, 44 – тұқым сепкіш пен 52 авто машина және 175 трактор тіркемесі. Сонымен қатар ауданда азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында атқарылып жатқан шаруа ауқымды. Бұл тұрғыда жергілікті тұрғындар әлеуметтік маңызы бар картоп, көгөніс, бақша өнімдерімен өзін-өзі қамтамасыз ету мақсатында шаруашылық құрылымдары 1557 гектар қосымша жер дайындамақ. Басты дақыл – күрішті дер кезінде егу ертеңгі күні мол өнімге негіз қалайды. Сондықтан еңбеккерлер көктемнің жайлы күндерін пайдаланып қалу үшін уақытпен санаспай, еселі еңбек етіп жатқан жайы бар.

Гүлхан ЯХИЯ
21 сәуір 2025 ж. 39 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№28 (9295)

21 сәуір 2025 ж.

№27 (9294)

15 сәуір 2025 ж.

№26 (9293)

13 сәуір 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930