ИНВЕСТОРЛАРДЫ ҚОЛДАУ – МАҢЫЗДЫ МІНДЕТ

Инвестиция – кез келген ұлттық экономиканың маңызды және қажетті қоры. Инвестициялық жобаларды іске асыру өндірісті жетілдіріп, сатылатын тауарлардың сапасын арттыру, сондай-ақ жұмыс орындарын көбейте отырып, тұрғындарды еңбекпен қамтамасыз етуге, сол арқылы халқымыздың өмір сүру деңгейінің өсуіне мол мүмкіндік береді. Сондай-ақ елімізде жүргізіліп жатқан инвестициялық үдерісті экономикалық пайда келтіретін және әлеуметтік саланың өркендеуіне жағдай жасайтын қызмет деп қарастыруымыз қажет. Сол себепті инвестициялық қызметті жүзеге асыруда оның тиімділігін ескеріп, инвесторлардың жұмысын жан-жақты қолдап, құқықтық тұрғыдан қорғалуына ерекше мән беріліп келеді. Туындаған мәселерді дер кезінде оңтайлы шешілуі жолында, олардың тұрақтылығын қамтамасыз етуде құқық қорғау органдарының, атап айтқанда, прокуратураның маңызы жоғары.
КҮН ЭЛЕКТР СТАНЦИЯСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ
Апта басында Шиелі ауданының прокуроры Нұрбек Қаратаев, аудан әкімінің орынбасары Бағлан Сағындықов, аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Жомарт Ақбергенов заң және тәртіп аясында «ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ КЕРУЕН» акциясын өткізіп, бірқатар нысандарды аралады. Инвестициялық керуеннің мақсаты – ауданымыздың экономикасын дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және инвестициялық тартымдылықты арттыру. Алдымен Еңбекші ауылдық округінде орналасқан «Тесис» ЖШС-ның қуаттылығы 40 мВТ күн электр станциясының құрылысымен танысып, жауапты мамандармен кездесу өткізді. Жоба құны 11,5 млрд теңгені құрайтын күн электр станциясының құрылыс басында Қытайдан арнайы келген мамандардан бөлек 85 жергілікті тұрғын еңбек етуде. Көбі Еңбекші, Бәйгеқұм ауылының азаматтары. Жалпы 100 гектар жерде құрылыс жүріп жатыр. Мамандардың айтуынша, нысанның құрылысы тамыз айында толық аяқталып, қыркүйекте іске қосылады.
Құрылыс алаңына арнайы барған аудан прокуроры Нұрбек Қаратаев жауапты мамандармен сұхбаттасып, инвестициялық жобаларды іске асыру кезеңінде проблемалық мәселелер туындаған жағдайда аудан прокуратурасына шағымдануға болатындығы және прокуратура органдарының тарапынан басқа да құқықтық көмек көрсетілетінін атап өтті.Сондай-ақ, инвесторлармен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау аудандық прокуратураның ұдайы назарында екенін және инвестициялық жобаларды сүйемелдеу жұмыстары әрі қарай өз жалғасын табатынын тілге тиек етті.
КӘСІПОРЫН ҚҰҚЫҚТЫҚ ҚОЛДАУ ТАПҚАН
Бүгінде Шиелі ауданында бизнесті қорғау, құқықтық қолдау көрсету саласы қарқынды дамып келеді.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, прокурорлық қадағалау кәсіпкерлердің және инвесторлардың мәселелерін тиімді шешуге бағытталған. Инвестициялық жобаларды сүйемелдеудің басты мақсаты – оларды іске асырудың барлық сатысында инвесторларға құқықтық қолдау көрсету және қорғау. Ол да бірқатар сатылардан тұрады. Мысалы, нысан құрылысын бастау үшін мемлеткеттік сараптама, сәулет, экологиялық бақылау және басқаларын қоса алғанда, түрлі инстанциядан 60-тан астам рұқсат талап етіледі. Бұл құжаттарды дайындау, рұқсат алу жұмыстары бір жарым жылға дейін созылуы мүмкін. Кейде, тіпті кейбір мемлеткеттік орган инфрақұрылымдарды пайдалануға рұқсат бермесе, екіншісі инвестордың жұмысын тоқтатады, сондай-ақ елімізде бұрын алған жерін қайтарып беруді талап еткен жағдайлар да кездеседі. Осындай мәселелер бойынша прокурорлар өздеріне жүктелген міндет аясында жұмысқа кірісіп, шенеуніктердің жұмысына құқықтық баға беріледі. Мәселен, Шиелі кентінде «Transshipment 1» ЖШС өз есебінен «Күкірт қышқылын сақтау және тасымалдау» жұмыстарымен айналысатын кәсіпорынынан, аудан прокуратурасына кәсіпкерлік саласы бойынша мобильді топтың сенім телефонына «Transshipment 1» ЖШС-ның басшысы Бауыржан Тулегуловтан «сигнал» тіркелген. Аудан прокуратурасы тіркелген «сигналды» зерделеу барысында, жергілікті атқарушы орган тарапынан кәсіпорын шылуына тиісті сүйемелдеу жұмыстары жүргізілмей, «Эскиздік жобалау» және «Нысанның қабылдау актісі» құжаттарын алу жөнінде созбалаңға салу фактілері орын алғанын анықтаған. Аталған мәселе бойынша аудан прокуратурасы құқықтық қолдау беруі себепті, «Тransshipment 1» ЖШС-на сәулет жоспарлау тапсырмасына эскиздік жобасына келісім алып, меншік иесінің салынған объектіні пайдалануға қабылдау актісі берілген. Аудан прокуроры Нұрбек Қаратаев бастаған топ мүшелері «Transshipment 1» ЖШС-ның «Күкірт қышқылын сақтау және тасымалдау» жұмыстарымен айналысатын өндіріс орнының құрылыс барысымен танысып, кездесу өткізді. Айта кетейік, кәсіпорын жұмысын бастағанда 250-ге жуық азаматты жұмыспен қамтиды. Сонымен қатар Шиелі индустриалды-аграрлық колледжі арқылы жұмысшы мамандар әзірлеу және жобаларды жүзеге асыру кезінде құрылыс жұмыстарына жұмыспен қамту орталығы арқылы бірінші кезекте жергілікті тұрғындардың қамтылуын қамтамасыз ету жөнінде ұсыныстар берілген. Бизнесті қорғау – прокурорлардың маңызды міндетінің бірі. Мұндай сүйемелдеу, құқықтық қолдау көрсету өңірдегі жаңа кәсіпорындар мен жұмыс орындарының көптеп ашылып, жұмысшыларды лайықты жалақымен қамтамасыз етуде, аудан әл-ауқатының жақсаруында маңызды рөл атқаратыны даусыз.
М.ИБРАГИМОВ