Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Екпе сырқаттан сақтай ма әлде сан соқтыра ма?

Екпе сырқаттан сақтай ма әлде сан соқтыра ма?

Әлеуметтік желіні ашып қалсаңыз ауырған балалардың еміне қаржы жинаған парақшаның жарнамасынан көз сүрінеді. Бір қызығы, көбі аурудың «екпеден кейін» пайда болғанын жазған. Осы себептен де елімізде екпеден бас тартатын атааналар саны артқан. Мамандар мұны әлеуметтік желідегі жалған ақпаратпен қатар тұрғындардың діни көзқарасымен байланыстырады. Жалпы қоғамда екпе балаларға аутизм, даун, ДЦП диагноздарын жұқтырады деген ақпарат бар. Бұл қаншалықты шындық? Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қандай пікірде?

«ЕКПЕНІҢ ҚАЖЕТТІГІНЕ КӨЗІМ ЖЕТТІ»

Біздегі заңда күштеп екпе салдыру туралы айтылмаған. Жалпыға міндетті екпе және қандай да бір көрсеткіштерге қарай уақытша салдырмау деген ұғым ғана бар. Алайда жыл өткен сайын ата-аналардың вакцина салдыруға фобиясы артып келеді. Оған әлеуметтік желідегі түрлі арандатушы ақпараттар да себеп болып тұр. – Карантиннің кезінде, яғни 2020 жылы екінші баламды босандым. Дәл сол уақытта айналамызда вакцина сау адамды сал қылады деген пікір көп болды. Мен балам үшін уайымдап, тек перзентханадағы екпесін ғана салдырдым да, одан кейін мүлде екпе алмадық. Қай ана болса да баласының саулығын бәрінен жоғары қояды емес пе? Десе де елдің сөзіне емес, өз бетімше ізденіп, ғылыми дәлелдерге сүйену керегін кейіннен ұқтым. Балам өткен жылы қызылша дертін жұқтырды. Өте ауыр өтті. Ал екпесін уақытылы, түгел алған үлкен қызым өте жеңіл өткерді. Одан айықтық па дегенде артынша көкжөтел пайда болды. Бұл кезеңде де дәл солай, үлкенім мүлде ауырмады да, екпе алмаған балам қатты жөтеліп, әзер дегенде айықты. Тек менің баламда ғана емес екпе алмаған өзге таныстарымның балаларында да тура осылай болды. Сол себепті қателескенімді ұғып, балам жазыла сала барлық екпелерін салдырып алдым, – дейді Жаннұр Ахметова. Баласына екпе егуді қаламайтын ата-ананың көбі вакцина сапасына күмәнмен қарайды. Жалпы елімізде екпе туралы Ұлттық күнтізбе бар. Күнтізбе бойынша 22 ауруға қарсы вакцина салынады. Үкімет обаға қарсы вакцинаны елде өндірсе, қалған 21-ін шетелден сатып алады. АҚШ, Германия, Аустралия, Ресеймен қатар вакцинаны Үндістан да өндіреді. Үндістанның деңгейін аталған елдермен салыстыратындар бар. Дегенмен ДСҰ өндірілген вакцинаға қатаң тәртіппен қарап, қадағалайды. Арнаулы зертханада зиянды қасиеті бар-жоғын тексереді. Сондықтан әр ата-ана баласына екпе аларда вакцинаның жарамдылық мерзімін, қай елде жасалғанын, қаптамасының ашылғанашылмағанын толық тексеріп алуы керек. Статистика бойынша, еліміз жыл сайын вакцина сатып алуға 27 миллиард теңге жұмсайды екен. Вакцинаға қарсы жандардың көбі қазірге дейін екпе салдырмағандардың әлі ауырмай жүргендігін айтып, «баламның иммунитеті онсыз да өзі күресе алады» деген пікірде. Ал дәрігерлердің айтуынша, екпе салдырмағандар екпе салдырғандардың арқасында ауырмайды. Себебі екпе салдырғандар инфекция тасымалдамайды. Олардың ағзасына түскен кез келген микроб басқаларға жұқпай, өліп қалады. Ал екпе алмаған баланың аса қауіпті ауруларға иммунитеті әлсіз болады. Егер екпеге қарсы ата-аналар көбейе берсе, жер бетінде жұқпалы ауру қаптап, орта ғасырдағы адамзаттың күйін қайта бастан кешеміз. Сол кезде бүгінгі сәби екпе салдырмаған ата-анасын кінәлайтыны анық.

АУТИЗМ МЕН ДЦП-НЫҢ ЕКПЕГЕ ҚАТЫСЫ ЖОҚ

Б а л а л а р д ә р і г е р і А й н ұ р Бауыржанқызының пікірінше, желіде басындағы бар пәлесін екпеге жауып, елді дүрліктіріп, ақша жинап жүргендер бар. Олардың көбі «Баламда екпеден кейін ДЦП, еміне қаражат керек» деп жазып қояды. Бұл манипуляция қалай аталатынын білесіз бе? Қазақша айтсақ «улы қайырымдылық». Бір жағынан қарасаңыз, шынымен де көмекке, емге қатты мұқтаж бала. Бірақ екінші жағынан өзге адамдардың сезімдерімен манипуляция жасалуда. Кез келген атаананың бойында бұл ақпаратты оқығаннан кейін екпеге деген «қорқыныш» сезімі пайда болады. – Екпе тақырыбы барлық адамға, атаанаға қатысты болғандықтан, олардың басым бөлігі (тіпті бәрі деп айтуға болады) үрейленген соң видеоны ашады, оқиды. Солай қаралым жиналады, қаралым жинала берген сайын ақша салатын адамдардың да саны көбейеді. Міне, бұл манипуляцияның артында сондай механизм тұр. Әдетте, солай манипуляция жасайтын адамдар өзге ата-аналардың сезімдеріне, өзге балалардың денсаулықтарына түкіргендері бар, – дейді педиатр. Ал баланың ДЦП-ға шалдығуына медицинада нақты бірнеше себеп әсер етеді. Бірақ ол тізімнің ішінде «екпе» деген сөз жоқ. – Себебі расымен де, екпелер аутизм, ДЦП-ға алып келмейді. Вакцина балаларды ауру қылатын болса, Дүниежүзілік медициналық қауымдастық екпені жасамас еді. Ал «Мемлекет бізді ауру қылғысы келеді» деп жүргендерге айтарым, логикаға салып қарасаңыз да мемлекетке дені сау, жұмыс істеуге қабілетті азамат керек. Кейде ата-аналар: «Неге дұрыс дамып келе жатқан балаға 1 жастан асқаннан кейін де ДЦП диагнозын қояды?» деп сұрайды. Өйткені ДЦП-ның ауыр түрлері ғана баланың 1-2 айында білінеді. Ал орташа, жеңіл дәрежелері бірден көрініс бермейді, – дейді Айнұр Өтегенова. Балаларға екпелердің барлығы дүниеге келген алғашқы жылдары салынады. Ал біздің қоғамда адамдар аутизм, ДЦП диагноздары бірден қойылуы керек деп санайды. ДЦП, аутизм белгілерін анықтау үшін генетикалық талдауларға да бірнеше ай кетеді. Осы аралықта кейбір балалар екпе алып үлгереді. Ата-аналар баласының ауру екенін білген соң жағдайды қабылдай алмай бар кінәні екпеге артады.

ВАКЦИНА САЛДЫРМАУДЫҢ САЛДАРЫ КӨП
Бірақ вакцина салдырмаған сау баланың ертеңгі күні не болатыны жайлы ешкім ойланбайды. Айталық, соңғы он жыл ішінде екпе салдырмайтындар да, екпеге қарсы науқандар да көбейді. Салдарынан аты баяғыда ұмыт болған жұқпалы аурулар қайта шыға бастады. Соның бірі – көкжөтел мен қызылша. Әсіресе өткен жылдан бері балалар арасында кең таралып кетті. Мәселен, шешекке қарсы алғашқы екпе 1796 жылы жасалды. Осыдан екі ғасыр өткен соң Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы шешек ауруының түп-тамырымен жойылғанын хабарлады. Қазір ол екпе салынбайды. Вакцинациялау – қауіпті инфекциялардан қорғанудың ғасырлар сынынан сүрінбей өткен әдісі. Ендігі кезекте полиомиелит пен қызылшаны түп тамырымен жою мәселесі тұр. Расында да, жер шарын түгел жайлаған оспа дертінің де көзі алғаш рет тек 1978 жылы вакцинация көмегімен жойылған. Ал 2002 жылы әлемнің көптеген елінде, соның ішінде Қазақстанда полиомиелиттi жою жұмыстары кеңінен қолға алынып, елімізде бұл дерт соңғы рет 1995 жылы тіркеліпті. Сондай-ақ, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сүйенсек, әртүрлі вакциналардың арқасында жылына әлем бойынша 3 миллиондай сәби ажал тырнағынан аман қалып, тағы 750 мыңдайы мүгедек болу қаупінен арылады екен. Өкінішке қарай, қазіргі таңда 3 миллиондай сәби вакцинасы табылмаған түрлі жұқпалы аурудан көз жұмады.

ӨЗГЕ ЕЛДЕРДЕГІ ТӘЖІРИБЕ ҚАЛАЙ?

Екпе егуден жаппай бас тарту ешқашан жақсы аяқталған емес. Мысалы, 1873 жылы Швецияда діни фанаттар шешекке қарсы екпеге жаппай қарсылық танытқан. Көп ұзамай-ақ елде шешек ауруы бұрқ ете түсті. Өткен ғасырдың аяғына таман Ұлыбритания мен Швецияда осыған ұқсас жағдай болған. Ал 2000 жылдары Голландияда, Ирландияда, Үндістанда қызылшаға қарсы екпеден бас тартудың ақыры сол елдерде жаппай қызылшамен ауырғандар санын арттырып жіберді. 2003 жылы Уэльстің Суонси қаласында қызылшаға қарсы екпе егу ауқымы 67,5 пайызға төмендеп кетті. Мұның нәтижесі араға 10 жыл салып барып шықты. Қала бойынша 1219 адам қызылшаға шалдығып, тіпті бір бала қайтыс болды. Вакцина арқылы көптеген індеттің көзі жойылғаны тарихтан мәлім. Екпеден жаппай бас тартудың салдары қалай аяқталатынын да жоғарыда келтірдік. Медицина саласындағы мүйізі қарағайдай әлемдік ұйымдар да, еліміздің мамандары да вакцинадан келетін қауіптің жоқ екенін айтып отыр. Әрі екпе салдыру асыл дініміз исламға да қарсы емес. Екпе салу мәселесін оқырманның шешіміне қалдырдық. Әйтсе де, деректердің бәрі вакцинадан келетін қауіптің жоқ екенін көрсетеді.

Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ

29 наурыз 2025 ж. 74 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№23 (9290)

01 сәуір 2025 ж.

№22 (9289)

31 наурыз 2025 ж.

№21 (9288)

26 наурыз 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930