Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚҰТЫРМА – ТАБИҒИ ОШАҚТЫҚ ҚАУІПТІ ЖҰҚПАЛЫ АУРУ

ҚҰТЫРМА – ТАБИҒИ ОШАҚТЫҚ ҚАУІПТІ ЖҰҚПАЛЫ АУРУ

Құтырма ауруының қоздырғышы табиғатта жабайы жануарлар арасында болады. Құтырмамен ауыратын хайуандардың ішінде қасқыр, түлкі, ит, мысықтарды ерекше атап өткен жөн. Сонымен қатар жарқанаттар, қояндар, жабайы шошқалар да ауырады, үй жануарлары (сиыр, қой, ешкі, жылқы, түйе) құтырмамен ауырған жабайы хайуандар мен ит-мысықтардың жарақаттауынан соң ауру жұқтырады.Құтыруға шалдыққан хайуан тынышсызданып, аласұрып, бірде қимылсыз сұлқ түсіп жатады. Құтырған иттер үрмейді, ырылдамайды, дыбыссыз шабуыл жасайды, кез келген затты тістейді, шайнайды. Құтырған түлкі ызаланбайды, өшікпейді, тіпті еркелеп қолға келеді. Мысықтар құтырудың аласұрған түрімен ауырады, сондықтан қыбырлаған нәрсеге шабуыл жасап,тырнайды және тістейді.
Хайуандар сілекейіндегі қоздырғыштар адамды сілекейлегенде, қапқанда, тістегендегі пайда болатын жара арқылы нерв жүйелеріне өтеді. Қоздырғыштың адам ағзасына еніп, клиникалық көріністер беруі 8-10 күннен 40 күнге дейін, сирек жағдайларда 3 айдан 1 жылға дейін созылуы мүмкін. Құтырмаға шалдыққан адам алғашқыда судан, судың салдырынан жарықтан және басқа да дыбыстардан шошынады. Құтырмаға тән сыртқы белгілері науқас ерекше жұлынып құтырады, қимылы күшейеді, жұтқыншақта және бұлшық еттерде діріл, құрысу пайда болады. Кейін ағзаның жұмыс қабілетінің нашарлау себептерінен науқас қайтыс болады.
Кез келген аудан тұрғыны түрлі жануарлар сілекейлеген, жарақаттаған жағдайда жарақатты сабынды сумен 10-15 минут жақсылап жуып, міндетті түрде дәрігерге көрінуі қажет. Дәрігер тағайындаған құтырмаға қарсы егу шараларын кестеге сәйкес мерзімді уақытында үзбей алуға тиіс. Жеке қожалықтағы ит-мысықтарды, малдарды құтырмаға қарсы ектіріп, оларға мал дәрігерлік құжат алынуы керек. Иттерді аулада байлап ұстап, көшеге қарғыбау байлап, тұмсыққап кигізіп алып шығу шарт. Сонда ғана өзіңіздің де, айналадағы адамдардың да қауіпсіздігін қамтамасыз ете аласыз.
Жануарлардан жарақаттанған әр адам құтырмаға қарсы вакцинаның аурудан сенімді қорғайтынын білуі қажет. Егер адамды жабайы жануарлармен үй жануарлары тістеген немесе тырнаған жағдайда зардап шеккенді дереу дәрігерге барып, құтырмаға қарсы антирабикалық екпе алуы қажет. Шиелі аудандық көп бейінді орталық ауруханасының қабылдау бөлімінде және травматология кабинетінде вакцинаны ақысыз егеді. Егу неғұрлым ерте басталса, соғұрлым ауруды жеңуге мүмкүндік бар.

Нұрлан ОСПАНОВ,
аудандық СЭББ-ның эпидемиологиялық
қадағалау бөлімінің бас маманы
24 наурыз 2025 ж. 66 0