Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚҰТЫРҒАН ИТ ҚАППАСЫН

ҚҰТЫРҒАН ИТ ҚАППАСЫН

Осыдан он жыл бұрын ел арасында құтырған ит деген түсінік болмады десек, қателеспейміз. Бұған дейін адамдар «ит тістеп алыпты», «ит талап тастаған» деген әңгімені көбірек айтатын. Өзіміз де төрт аяқтының азу тісінің өткірлігіне бірнеше рет көзіміз жеткен кездер болды. Бірақ ақыл-естен алжасып, сырқаттану жағдайы кездеспегенін айта кетейік. Соңғы кездері құтырған итке таланып, ауруға шалдыққан, тіпті мертіккен адамдар туралы көп естіп жүрміз. Бұл ауру тасушылармен күресті одан әрі жетілдіре түсу керектігін көрсетеді.
Құтырма ауруы Дүниежүзінде және Қазақстанда күрделі мәселелердің біріне айналып отыр. Құтырма ауруы 150- ден аса елде тіркелуде. Жыл сайын Дүниежүзінде осы аурудан 55000 адам кайтыс болады. Құтырмамен ауырған адамдардың ішінде 14 жасқа дейінгі балалар 40%-ды құрайды.
Ал Шиелі ауданында 2023 жылы құтырма ауруы тіркелмегенімен, жануарлардан әртүрлі дәрежеде 178 адам жарақат алған. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында 86 жағдай тіркелген. Биыл 2 айдың ішінде жануарлардан әртүрлі дәрежеде 24 адам жарақат болса, 14 жасқа дейінгі 10 бала қараусыз жүрген қаңғыбас иттерге тап болған.
– Құтырма – зоонозды вирустық, табиғи ошақты, қоздырғышы қарым-қатынас арқылы берілетін, инкубациялық кезеңі ұзаққа созылатын, жүйке жүйесін зақымдайтын және соңы өліммен аяқталатын жұқпалы ауру. Жұқпа көздері – түлкі, қасқыр, ит, мысық, кеміргіштер, ірі қара мал, ұсақ мүйізді мал. Құтырма ауруының инкубациялық кезеңі 10 күннен 1 жылға дейін. Қоздырғыш енген жерде алғашында қышыма пайда болып, неврология сипаттас ауру сезімі дененің басқа жерлеріне беріле бастайды. Адамды қорқыныш билеп, қатты алаңдап, күйзеліске ұшырайды. Ауру белгілері басталғаннан 1-3 күн өткен соң ол судан, жарықтан, шудан қорқа бастайды. Жарық сәулесі немесе аздаған жел лебінің өзі, судың сылдыры адамның денесін құрыстырып, дірілдетіп, қалшылдатады. Әсіресе, тыныс жолдарының бұлшық еттері қарысып, тұншығады. Құтырмамен ауырған адамның жазылуы қиын, – дейді аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Г.Айтекеева.
Сондай-ақ құтыру ауруының нақты маусымы болмағандықтан, ол жыл бойы тіркелетін ауру болып саналады. Сондықтан, адамдар мен жануарларға ортақ құтырма ауруының алдын алу мақсатында қала, кент және ауылдық округтердегі ветеринар мамандарға ауыл шаруашылығы жануарларының, иттер мен мысықтардың нақты есебін бере отырып, оларды паспорттап, құтырмаға қарсы екпе жасатып алу қажет. Сол малдың немесе ит-мысықтардың паспорттарына екпе жасалғандығы туралы жазба міндетті түрде енгізілуі керек екенін де тілге тиек етті сала басшысы.

Г.ӘБДІХАНИ
12 наурыз 2024 ж. 126 0