Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Құтырма ауруының алдын алу

Құтырма ауруының алдын алу


Құтырма  ауруы  Дүние жүзінде және Қазақстанда күрделі мәселелердің бірі болып отыр. Құтырма ауруы 150 – ден аса елде тіркелуде. Жыл сайын Дүние жүзінде  құтырма  ауруынан 55000 адам кайтыс болады. Құтырмамен ауырған адамдардың ішінде 14 жасқа дейінгі балалар 40% құрайды.
Ауданымызда  2023  жылы  құтырма ауруы тіркелмегенімен, жануарлардан әр – түрлі  дәрежеде  жарақат  алған  адамдар  саны – 178 жағдай, оның ішінде 14 жасқа  дейінгі  балалар  арасында – 86 жағдай. 2024 жылдың  2 айында  жануарлардан әр – түрлі  дәрежеде  жарақат  алған  адамдар  саны – 24 жағдай, оның ішінде 14 жасқа  дейінгі  балалар  арасында – 10 жағдай.
ҚҰТЫРМА – зоонозды вирустық, табиғи ошақты, қоздырғышы қарым-қатынас арқылы берілетін, инкубациялық кезеңі ұзаққа созылатын, жүйке жүйесін зақымдайтын және соңы өліммен аяқталатын жұқпалы ауру. Жұқпа көздері – түлкі, қасқыр, ит, мысық, кеміргіштер, ірі қара мал, ұсақ мүйізді мал.
  Құтырма ауруының инкубациялық кезеңі 10 күннен 1 жылға дейін.
Қоздырғыш енген жерде алғашында қышыма пайда болып, невролгия сипаттас ауру сезімі дененің басқа жерлеріне беріле бастайды. Адамды қорқыныш билеп, қатты алаңдап, күйзеліске ұшырайды. Ауру белгілері басталғаннан 1-3 күн өткен соң ол судан, жарықтан, шудан қорқа бастайды. Жарық сәулесі немесе аздаған жел лебінің өзі, судың сылдыры адамның денесін құрыстырып, дірілдетіп, қалшылдатады.
Әсіресе тыныс жолдарының бұлшық еттері қарысып, тұншығады. Құтырмамен ауырған адамның жазылуы қиын.
    Құтырма ауруын алдын алу шаралары:
Қаңғыбас, бұралқы иттер мен мысықтарды аулау, жою, жануарларды үй жағдайында ұстау ережелерін сақтау, үй жануарларын құтырма ауруына қарсы профилактикалық егу;
 Жануарлар тістеуінен, сілекейленуінен, тырнауынан зардап шеккен адамдардың бірден медициналық көмекке жүгінуі;
Дәрігер тағайындаған антирабикалық екпені схемаға сай алу маңызды.    Зардап  шеккендер  емдеу-профилактикалық егуді 5 рет алады. Екпе қабылдап жүргенде қатты ыстықтан, салқыннан қорғану қажет және алкогольді ішімдіктер ішуге болмайды.
Адамдарды тістеп алған ит, мысық және тағы басқа жануарларды емдейтін (ветеринарлық) мекемеге жеткізіп, 10 күн бойы бақылау керек. Адамды қапқан жануарды өлтіруге болмайды, өйткені бақылау қорытындысы бойынша алдын ала емдеу тактикасын таңдау қажет болады.
Үйде ұстайтын иттер мен мысықтарды жыл сайын құтырма ауруына қарсы еккізіп отыру керек, серуендету жөніндегі ережені сақтау керек. Кез келген адам иелігіне жаңадан сатып алған итті тіркеуден өткізіп, ектіруге міндетті. Кешкі уақытта итті тек жабық аулаға жіберу керек. Жалпы ортақ аулаға немесе серуендету үшін көшеге итті тек қысқа қарғыбаумен және мұрындықпен шығару керек.
Құтырмамен  ауырған  адам  сауықпайды, бірақ алдын алуға болады. Зардап шеккен адамды  сақтандырудың  бірден-бір шарасы — егу. Сондықтан сырт көзге дені сау болып көрінген жануардың тістеуінен немесе тырнауынан зардап шеккен жағдайда да дереу дәрігерге көрініп, дәрігер тағайындаған емнің толық курсын алу қажет.
Антирабиялық вакцина мен иммуноглобулин ауруға қарсы  жалғыз ем.

Г.С.Айтекеева
Шиелі аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысы 
11 наурыз 2024 ж. 253 0