СМАХАННЫҢ ДАНАСЫ
Қай елдің, қай жердің болсын көпшілікке танымал, сөзінің салмағы болатын бетке ұстар орнықты азаматтары болады. Және олар, өздері өмір сүрген ортаның өзінен қайнап шығатын сүттің бетіндегі қаймағы сияқты. Уақыты келгенде берісі ағайынның, арысы бір қауым елдің атынан сөз ұстар беделге ие болады. Қарапайым ғұмыр кешіп, елдің әңгімесін айтып ағайынның айбары болып жүрген осындай ағаларымызды көргенде сүйсініп қаламыз. Үлкен болу оңай, ал үлкендікті алып жүрудің қиын болатыны несі екен? Керісінше, жасына сай жарасымы жұтаң, байсалды мінез, байыпты сөзі болмаса тіксініп қалатынымыз бар.
Хакім Абай «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек. Ашуың ашыған у, ойың кермек... » деп мұңая мұң шағатын өлеңін дәл 45-інде жазған екен. Соған қарағанда, абайлап сөйлеп анық басатын үлкендікті алып жүрудің өзі оңай-оспақ шаруа еместей. Әжептәуір сын боларлық, адамның жасына емес, болмысына, жаратылысына тәуелді сананың сәулесі, тіршілік қуаты болатынға ұқсайды. Алпыстан асқанның бәрінің бірдей ақылман бола бермейтінінің түптөркіні осында жатса керек. Атақты Қызылтулық шопан ағамыз Жұмекең (Жұмабек Айтбаев) қария айтып жүретін сөз бар: «Әліпті таяқ деп танымайтын Ыбырай атамның күрішін, қара танымайтын сауаты жоқ деп жемей қойған адамды көрсем көзім шықсын...» деп. Сондайын-ақ, сүбелі сөз саптап, келелі кеңес айтарлық өнер мен өре кез келгенге қонбаса амал қайсы? Бірақ, дені сау, ақыл-есі бүтін әрбір адамның маңдай терін төгіп еңбек ету парызы болатын ақиқат бар. Бұрын да солай болған, бүгін де солай. Мейлі ол мемлекеттік қызмет, мейлі ол жеке тіршілік болсын, адал еңбектің әрқашанда қоғамның дамуын айқындайтын мәртебесі жоғары, мерейі үстем. Менің замандастарымның арасында да қоғамдық өмірде өздерін мойындата білген, көшелі сөзімен де көзге түсіп, ауданымыздың дамуы үдерісінде еселі еңбегімен де көш бастаған тұстастарым баршылық. Соңғы жылдары зейнет жасына жетіп, ауданымыздың ежелгі қалыптасқан абырой-даңқына дақ түсірмей сақтап өткен алдыңғы толқын ағалардың дәстүрлі жолы, бедерлі ізін жалғап ардагерлер қатарына қосылған Насырбек Мырзабеков, Нәйла Палымбетова, Тұрмағамбет Жағыпаров, Қалмырза Қасымов, Болат Сыздықов сынды замандастарым өңіріміздің өміршең генефондына заманауи мазмұн, жаңаша сипат беріп жүрген өнегесімен де, өресімен де үлгі боларлық айтулы азаматтар. Міне бүгін мен сөз еткелі отырған тағы бір ауданның атпал азаматы Дана Смаханұлы осы атаған кісілердің қатарынан қосылып, мерейлі өмір белесі болатын зейнет жасына келді.
Дана Смаханұлын отызда орда бұзған азаматтың бірі деп айтуға негіз жоқ емес. Туған жерінің төл перзенті ретінде жасынан жасындай жарқырап еңбекке ерте араласты. Жастықтың буымен сүрнігіп жүріп сүрінген кездері де болмай қоймаған шығар. Мұқалмапты, жігерін жанып бел шешіп, білек түрінген ұмтылыспен көзге түсіп комсомол, партия мектебінен шыңдалыпты. Жаңғақтай қатты, тастүйін кадр болып қалыптасып үлгерген оның білігі мен білімі, тәрбиесі мен тәжірибесі тәуелсіздіктің қабырғасы қатпаған қалыптасу жылдарындағы қиындықтарды еңсеруде көп септігін тигізді. Әйтеуір, өзім жасынан білетін Дана Аман өзінің саналы ғұмырындағы лауазымды қызметтерге итақай еппен, пысықай кеппен жыртығын жасырып, амалын асырып келген емес. Ауырдың үсті, жеңілдің астынан бой көрсетер бұқпантай һаярлыққа жоқ, қай жұмыстың болмасын қайнаған ортасынан табылатын ықыласы, аяғына дейін жеткізетін ыждағатымен, таза еңбегімен жетті. Қызмет жолында жақсы адамдарға жолықтырған тағдырына да риза. Сүйінгенінен сенім артып, сүйеу болғандарды ұмытпайды. Қашаннан-ақ, жөнге саларлық сұсы бар, толқынды бұйра шашынан ішкі қуат қайраты, қатуланса қабағымен-ақ ықтырар бұйыра сөйлейтін айбаты бар, бүгіндері 90-ға иек артып отырған биік бедел иесі Рахым Мәуяұлын өнеге тұтып, тәрбиесін алған ұстазым деп санайды. Еңбек жолының айнадай таза, көңірсіген жаман иістен ада болатыны да осы ұстазы жақсының берік ұстанымынан болса керек. Сөйткен Данамыз мерейлі белесіне жалаулатып, алаулатып жүріп Шиелінің 100 жылдық тарихы бар еңбек даңқына қылаудай көлеңке түсірмей аянбай қызмет еткен көп жылғы мемлекеттік қызметте, оның ішінде ең қиын да күрделі жауапты жұмыстарды ұзақ жылдар бойы мүлтіксіз атқара жүріп, қолдың тазалығын да, ардың тазалығын да бірдей сақтаған қанағатпен қаңқу сөз, жаман атқа ілікпей үлкен абыроймен келді.
ДАНА БАЛА
Дана 1962 жылдың көктемінде тоң жібіп Сырдың суы тасыған қарбалас уақытта дарияның бергі бетіндегі Ақмая ауылдық Советіне қарасты «Қалалы көл» аталатын жерде (осы күні Смахан базы) бақташы отбасында дүниеге келді. Әкесі мен анасының көп жыл зарықтырып күттірген жалғыз перзенті. Қан қасап жаһан соғысынан 1947 жылы аман-есен аяқ қолы бүтін оралған майдангер әке сол жылы сары күзде анасы Райханмен отасыпты. Сырт көзге сыр бермегенмен, ең болмаса көпке татитын бір перзентті болуды тілеген дұға-тілегін жаратқан иесі қабыл етіпті. Көп күттірген күл шашарының балпанақтай ұл болып туылған атбайларына ырымдап Дана деп ат қойып, ыбылжыған ауа райына қарамай тай сойып той жасап, құмның баурайындағы тақырда көкпар беріпті. Шиелі, Жаңақорғанға қарасты малшы қауым бір жырғап қалса керек, көпке дейін тамсанып талқыға салып «Өй бір, көптен бері тоқым тартпаған тақымымыз жазылып көсіле шапқан той болды!» деп даурығысқанға ұқсайды. Ол кезде Сырдың суы мол, арнасынан асып толысып ағатын дарияның екі жағасы ит тұмсығы батпайтын қалың тоғай. Қоян, қырғауылында қисап болмайды. Дүре тимеген ну жыныстың арасы балығы шоршыған ойдым-ойдым көлдер мен қалған су, қалың қамыс. Кәнігі аңшыларға ғана аян жықпыл-жықпыл жалғыз аяқ ескі жолдармен ғана жалғасып барып құмға тіреледі. Арлы-берлі жүретін жүргінші аз болатын тоғайдың мүлгіген тыныштығын әлденеден үркіп дүрк көтерілген қарғалардың шым-шытырық шуылы ғана бұзады әрекідік. Мал аралаған бірлі жарым бақташы мінген аттың сонадайдан естілетін тұяқ дүбірі мен жүген сылдыры болып шығатын бейбіт жүрістен секем алған құстар қыпылықтап қырқ-қырқ дыбыс шығарып «е-ее, сен екенсің ғой...» дегендей ұясына қонақтайды. Шаңқ еткен анау - түлкінің даусы. Күлік-күлік көмейлі дыбыс – жидеге қонақтаған қырғауылдың қоразы. Етекте балапандарын жайып жүретін мекиендері. Қалбаң-қалбаң қарақұс. Кешкілік ымырт үйірілгенше, құлақ тұндырар құрқылдап бақылдаған бақалар. Тырау-тырау тырналарды өзге жұрт тек аспаннан көрсе, айдынды көлден көлбақа шоқитын ұзын сирақ тырнаны дәл мұрнының астынан талай рет көріпті. Бүгінгі бала бақшадағы қағаздан ойып көрсететін көбелегіңді қуып өскен баланың ой-өріс жағынан кенде қалған жері жоқ. Осындай тұмса табиғатпен көз ашып, гүлдеген жабайы жиденің танаурап иісін алған, көлдерінен шоршыған балығын ұстап, құмның қызғалдағын теріп, тақырында асық атып өскен бала Дананың аңғарымпаз, әсершіл, әбжіл болып өсуіне көп әсері болғаны анық. «Ат арбаға мініп шалқамнан жатып аспанға қараймын. Көз ұшынан қалықтаған самолет көру арман, көбіне ақшулан бұлттар көшкен көз үйренген көрініске қарап жатып ұйықтап кететінмін» дейді. Әлдеқандай әуенге салған әкесі әлде не жұмыстарымен «Ақдөңге», айнала көлшігі көп ғажайып көрінісімен есінде қалған жерде қатарлас отыратын малшыларға, көбіне Әлжан көкенің үйіне, қайтарында қиялай бұрылып егінші кәрістерге соғады екен. Малшы өмірінің бәрі ұқсас, өзге таңырқайтын ештеңе жоқ. Ал кәріс ағайынға соққанда көретін нәрсе көп. Егіс алқабына дейінгі ата жаптың жағасында теңкиіп-теңкиіп қарбыз өседі. Анадай жердегі етекте помидор, қияр, пияз, сәбіз т.б көз танымайтын өскіндер. Шұрқырап амандасып арбаға тиеп жатады. Келер күз меншікті атына мінген баласын ертіп Гигант орта мектебінің алдынан бірақ тоқтайды. Мектеп директоры Ахметов Әбілда ағай өзі қарсы алып жетектеп әкеліп партаға отырғызыпты. Әкесінің: «Сабағыңды жақсы оқып, тәртіпті бол» деп қайта-қайта тапсырғаны есінде. Бірақ, тәртіп жағы дұрыс болғанымен, оқу жағына келгенде шекесі қызбапты. Осыған дейін аттап алысқа шықпаған баланың есіл дерті малшы ауыл, апасын да сағынып құса болған баланың миына қайтіп сабақ қонсын?.. Сабақтан соң алып қалып, қосымша оқытатын нашарлардың тізімінде қысқы каникулға дейін класста бедел қалмағаны былай тұрсын, үйіне жатып жүрген әкесінің бажасы Мүптілда көкеден де әбден ұятты болыпты. Осындай жайсыз хабарды естіп жүрген әкесі: «Менің балам әлі-ақ бар баланың алды болады, көріңдер де тұрыңдар!» дейтін көрінеді әлдебір түйсік сеніммен. Әке үміті алдамапты. Қысқы каникулдан оралысымен сабаққа ықылас қойып, аз уақытта қатарға қосылып, бірінші сыныпты кіл «5»-тік бағамен үздік аяқтаған Дана, осы орта мектепті 1979 жылы ерекше белгі, алтын медальмен бітіріп шығады кейіннен.
Мен алғаш көргенде бала Дананың жасы 9-10 дар шамасында болса керек. Біздің Жаңатұрмыс ауылына жиі келетін. Мұнда нағашы атасы Аймахан шал мен әжесі бар, жазғы демалыстың көп уақытысын осында өткізеді. Жасынан тайға мініп өскен тақымы мықты, тығыншықтай төртпақ шымыр өскен Дананың өзі қатарлы, тіпті бірер жас үлкен балаларды алыса кеткенде алып жығар шамасын көзбен көрдім. Біздің ауылдың бір баласындай болып еркін жүретін. Өзі бір әңгімешіл, жатырқауды білмейді. Алқа-қотан отыра қалғанда қасқа тайын бір айтып, басқа тайын екі айтып масаттанып марқайып отыратыны есте. Есектен басқаға аяқ артып көрмеген басқалар қызығып та, қызғанып та ұйлығып отырады алқа қотан. Араға жылдар салып қызметтес, әріптес боламыз деп кім ойлаған?
ЕСЕЮ
Мектеп бітірген жылы алтын медаль иегеріне тиісті жеңілдікпен Алматы ауыл шаруашылығы институтына емтихансыз оқуға қабылданады 5-ші курс оқып жүргенінде медициналық институтта оқитын шиелілік сұлу Әсимамен көңіл жарастырған екеуі үйленіп, отау тігеді. Жоғарғы оқу орнын инженер-механик мамандығы бойынша тәмамдаған ол, алғашқы еңбек жолын өзінің туған ауылы Гигант колхозының №5 бригадасында көмекші бригадирліктен бастайды. Бір қызығы бригадирі баяғы бала күнінде әкесі екеуі ат арбамен барып көкөніс тиеп қайтатын Пак Ен Нам, шаруаның жай-күйіне жетік тәжірибелі кісі екен. Ол кезде егіс жинау науқаны тұсында қарқынды жұмыстар ұйымдастырудың түрлі тәсілдері қолданылады. Әрбір 5 күндік еңбек нәтижесі қорытындыланып, егіс басында жеңімпаздарға қызыл тулы вымпельдермен бірге «үздік жаткист (орушы), үздік бастырушы, үздік тасымалдаушы» т.б түрлі номинациялар бойынша қомақты қаржылай ынталандыру сыйақылары қоса табысталады. Аудандық партия комитеті мен атқару комитетінен, комсомолдан арнайы өкілдер бөлінеді, қадағалайды, түскі мезгілде концерттер ұйымдастырады, үгіт -насихат жүргізеді. Колхоздың партия ұйымының хатшысы Сұлтанбек Оразымбетов жас кадр Дананы комсомол жастар бригадасына жауапты етіп белгілейді. Тиісінше, егіс науқаны аяқталғанша ауданнан келетін өкілдерді қарсы алу, жұмыс барысын көрсету, туындаған мәселелерді шешумен айналысу сияқты жұмыстарда өкіл жолдастармен күн-түні бірге болады. Ала жаздайғы үй көрмей шапқылаған еңбегі зая кетпепті. Жауапкершілігі жоғары жұмыстар ұйымдастыруда өзін тәп-тәуір ұйымдастырушы талабын көрсете білген жас кадр сол жылғы күз аудандық комсомол комитетіне жауапты қызметке қабылданады. Бұл Дананың қызмет сатысына аяқ басқан алғашқы қадамы болатын. Сәтімен басталған осы қадамына себепкер болып сенім артқан, өзін оқушы кезінен танып көз қырын салып жүрген Анапа Ақмамбетова апайын жолын ашып, үлкен өмірге жолдама берген жарылқаушысындай әркез інілік ілтипатпен еске алады.
ҚАЛЫПТАСУ
Екі жылдан аса комсомолдың мектебінен өткен жас кадр қызмет сатысымен жоғарылап әуелі аудандық халықтық бақылау комитетіне нұсқаушы, араға бірер жыл салып аудан шаруашылығының жүрегі саналатын РАПО-ға (аудандық агроөнеркәсіп бірлестігіне) мамандығы бойынша инженерлік қызметке, жаңа әкімдік басқару жүйесі енгенде аудан әкімдігінің ұйымдастыру бөліміне ауысады. Көп жыл сырт жерлерде қызметте болып, туған Шиеліме оралып әкімдіктің (атын да ұмыттым) әкімнен басқа бір адам іздемейтін елеусіздеу қызметіне жаңадан орналасқанымда байқағаным, осы Дана басқаларға қарағанда жазу-сызуға ¬сауатты, икемді іскерлігімен ерекшеленетін. Жаңа заман, жаңа нарықтық жүйе. Тым ұзаққа созылған экономиканың құлдырап, күйреген, әлеуметтік мәселелердің күйіп тұрған шатқаяқ шақ. Бүгіндері бір сөзбен өтпелі кездің қиындықтарын еңсеру жылдары деп сыдыртып өте шығатын сол уақытта халыққа қызмет етуді еншілеген тағдыр бұйырыпты бұған да. Ортақшыл ауылындағы құрылысы біткен, пайдалануға берілейін деп тұрған су жаңа ғимарат сол тұстағы заңдылықтарға сай жекешеленіп кете барды. Ғимараттың заңды иесі болып жүрген бір пысықай халықтың наразылығын біле тұра аш көздік танытып, бүтін нәрсені көзі қиып тасталқан етіп бұзып, ойрандалған ортада үйіндісі ғана қалған еді. Дәл осындай жағдай Бәйгеқұм ауылындағы құрылысы бітіп, кем-кетігін толықтыру жұмыстары ғана қалған, барлық керек-жарақ, құрал-жабдықтары алынып қойған дап-дайын 3 қабатты мектеп ғимаратымен де қайталану қаупі тұрды. Үрең-сүрең болатын халықтың қолынан ештеңе келетін емес. Осы тығырықтан аудан әкімі марқұм Жарылқасын Тұрабаевтың я бел кетер, я белбеу кетер деген батыл қимылы, тіл тапқыштық жұғымды қасиеті мен алғашқы миллион тенге қаражат жинап бере алған аудандық білім бөлімінің меңгерушісі Жағыпар Зермұхамедовтің іскерлігі, СМП-Қызылорда мекемесінің бастығы патриот азамат Темірхан Әлімқұловтың жанжақты қолдауы ғана құтқарып еді. Май айында аудан әкімі қыркүйек айына дейін 3 ай мерзімде мектеп құрылысын толық аяқтап жаңа оқу жылын жаңа ғимаратта бастаймыз деген тәуекелі басым міндет қойды. Кереметі сол, қосымша бір тиын қаражатсыз осы бір аса қиын жұмыстар үлкен абыроймен белгіленген уақытта жүзеге асып еді. Әрине бұған ауданның барлық мекемелері жұмылдырылды. Асар әдісімен орындалатын осы жұмыстарды үйлестіру, басшылық жасау, жұмыскерлерді азықтандыру, кешкі ауысымды жылжымалы кестемен жұмыс барысын бір сәтке де тоқтатпау, қарқынын сақтау, қажетті материалдарды іздестіру басқа да ұйымдастыру жұмыстармен тікелей шұғылдану мамандығы инженер Дана Аман мен ауыл әкімі Мұхамедиса Әлсеріковке тапсырылып еді. Күн қатып, түн қатқан жанкешті еңбек нәтижесін берді де. Екеуінің де білікті инженерлер ғана емес, шын мәнінде мықты маман ретінде ұтқыр ұйымдастырушылық қабілет-қарым танылған іскерлік қасиеттері көрінді. Өзі де тынымсыз аудан әкімі қарауындағы қызметкерлерге бір сәтке дамыл бермейді. Бәрін де қадағалап, бәрін де біліп отырады. Хатшысы Рахия дәл мағынасында анықтама бюросы. Ол көріп, ол естімейтін, жаба тоқуға боларлық жасырын нәрсе болсайшы... Ұйқыдан тұрғаным сол, әкіммен байланыстырды.
– Исабек, ана Дананың жағдайын біліп қой!
– Өй, Жаха, не боп қалды, шұғыл (ол кезде шұғыл емес жұмыс болатындай-ақ...) жұмыстарым бар. Дана Бәйгеқұмда мектептің басында ғой... Кеше кешкісін ғана (оным өтірік қой әрине) көргем... Маматтан сұрап...
– Мамат саған айтпайды, әуре болма! Дана үйінде. Әсима түнде ұл туды!
– Өй тамаша болған екен...
– Тамаша болған түгі жоқ, қоя тұрмайма екен?.. (зілсіз юмор) Жу-у – пу-у, қу-у кейін, мектепті бітірген соң! Осы қазір Дананы алып Бәйгеқұмға бар, жарты сағаттан кейін мен де шығам, күтіңдер! Осымен әңгіме бітті. Жахаң марқұм артымыздан келер-келмесі маңызды емес, бірақ барлық жағдайда да қызметкерлердің бақылау мен қадағалаудан тыс қалмайтынын сезініп, сергек жүруі ғой маңыздысы! Әкім айтты екен деп айдай баланың дүниеге келуін жумай қалғанымыз жоқ, жудық та. Бірақ қуғанымыз жоқ, аттың жалында, түйенің қомында дегендей жолда келе жатып төгіп-шашып, қақалып-шашалып бірді-екілі тост көтердік, білем...
ЕЛГЕ ҚЫЗМЕТ
Дана Смаханұлы аудан әкімдігінің ұйымдастыру бөлімі бастығы қызметінен әкімнің идеология жөніндегі орынбасары, дербес бөлім бастығы қызметтерін абыроймен атқарды. Әкім орынбасарлығы қызметі тәуелсіздіктің қалыптасу кезеңіндегі демократиялық жолмен парламент сайлауына тұспа-тұс келді. Арқалы ақын Мұхтар Шаханов пен жас демократ, танымал журналист Нұртөре Жүсіп балама негізде парламент мәжілісіне депутаттыққа кандидат болып тіркеліп, сайлау алды үгіт-насихат қызу қарқын, тартысты бәсекелестік жағдайында өтті. Алғашқы кезде ұзын арқау, кең тұсау, еркіне жіберу жөніндегі жоғарғы биліктің бейтарап ұстанымы болды. Саяси науқан бел алып кеткен тұста еге бола алмай қалды деуге келетін жайсыздау жағдайлар қалыптасты. Жергілікті билік тарапынан бағытбағдар беруге жасаған астыртын әрекет тұрғындар тарапынан қысым көрсету деп қабылданып кері әсерін тигізіп жатты. Сайлау қорытындысымен Мұхтар Шаханов ағамыз депутаттыққа өткенімен, округтік, аудандық бөліністе аудан бойынша Нұртөре Жүсіп басым дауысқа ие болды. Облыстық мәслихат депутаттығына сайлау науқаны да өте тартысты, барлық жерде бірдей болмаса да, қайсы бір жерлерде әсіре белсенді келнеңсіздіктер орын алып, елдің ауызбірлігі мен тұтастығына расымен де нұқсан келтірген саяси шаралардан соң тиісті қорытындылар жасалған болса керек. Көп ұзамай Дана өз еркімен арызын жазып бөлім бастығы болып қызмет ауыстырды. Мұны әрине Дана Смаханұлының жеке басының қызмет бабында жіберген кемшілігінен болды деу қате ұғым болар еді. Қайта қоғамдық өмір, саясат сахнасындағы үдерістерді соны көзқарас, өз пайымы, өз ұстанымымен бағамдайтын жасқа жеткендегі қалтарыс-бұлтарысы көп болатын саясаттан сыпайы ғана сырт айналған өз таңдауы еді.
Қызуы мол, қызығы көп болатын 40-тың қырқасынан оң-солын таныған орнықты мінезімен, қалыптасқан кадр ретінде толысқан азамат болып аттады. 40 жас адамдық қадір-қасиетің де сынға түсер, қажырлы еңбек етіп, қабілет танытар, халыққа қызмет жасайтын мезетті мерзім, межелі тұс. «Азамат жақсы жүрісінен пұл болады, жаман жүрісімен құл болады» дейді халық. Халық айтса, қалп айтпаған қашанда. Осылайша, ішкен асың адал болсын, басқан ізің таза болсынды меңзейді. Қуысын толтырып дүние жинай берсе, бәлкім уысын толтырып абырой да жинай алмас еді. Дана Смаханұлы мемлекеттік қызметтегі ең бір қиын, айналымындағы қаражаты миллиардтармен өрнектелетін саланы үздіксіз 17 жыл басқарып, аяғына шаң, жағасына (беделін) кір жұқтырмай бедел арттырып абырой жинады. Білім-білігі мен комсомолдан бастаған әртүрлі қызметтердегі тәжірибесі бар, басшымен де тіл табысып, елмен де сөйлесе алатын орамды тіл, орнықты мінезі бар азаматтың соңғы 20 жылдағы атқарған қызметі аудан халқының көз алдында. Саналы түрде осы уақыттарда атқарған қызметіне көп тоқталғым жоқ. Десек те, ұзақ жылдарғы тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары және соңғы 3 жыл бедерінде ауданның құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы болған қызметтерінде, бүгіндері ел игілігіне айналған ауыз толтырып айтарлық ауқымды жұмыстардың қайнаған ортасында жүрді. Қаралған қаржының уақытылы игерілуі мен мақсатты жұмсалуын қадағалаудан бастап, орындалған жұмыстардың стандартқа сай сапалы және мерзімінде орындалуына тікелей жауапты болған қолтаңбасы қалды. Халықты таза ауыз сумен қамту бағдарламасы 95 пайызға орындалды. Шиелі кентінің 1-ші және 2-ші кезеңдегі 36 және 34 шақырым ішкі су жүйелері тартылып, Ақмая ауылынан бастап Сұлутөбе, Қарғалы, Ботабай елді мекендеріне дейінгі барлық ауылдар таза ауыз сумен толық қамтылды. Аудандық маңыздағы 145 шақырым автомобиль жолының 130 шақырымына асфальт төселіп, Сырдария өзенінің Қарғалы, Ботабай елді мекендері тұсындағы қалқымалы көпірлер жаңартылды. Күрделі, жай жөндеуден өткізілген әлеуметтік сала ғимараттарды айтпағанда, Шиелі кентіндегі Жақаев саябағы, сауықтыру, денешынықтыру кешені, темір жол аспалы көпірі, көпқабатты 18 пәтерлік 4 тұрғын үй құрылысы, 2 пәтерлік 135 үй пайдалануға берілген өңірдің сәнін келтірер сәулетін айшықтап, аудан халқының мерейін, өзінің беделін өсірген бедерлі белес болары сөзсіз. Міне осы жұмыстардың барлығы да ауданымыздың әлеуетінің артып, өсіп өркендеуі мен дамуы тарихында, тұрғындардың тұрмыс сапасының анағұрлым жақсарып, елді мекендеріміздің заманауи келбетінің қалыптасуы бағытында атқарылған ірі жобалар.
ОТБАСЫ
Дана бауырымыздың өз отбасы жайлы айтпас бұрын, анасы Райхан апамыз жайлы бірер сөз айту парызым деп білдім. Апамыздың қолынан талай дәм таттық. Ол кісінің ұйытқан айранын ішкен адам есебін тауып сол үйге қайта барғысы келіп тұратыны анық. Жахаң (Тұрабаев) марқұм да сөйтетін. Қасық батпайтын қатықты ішіп, апамыз жапқан қызыл-күрең ыстық таба нанын сүйсіне жедік. Жарықтық әңгімешіл адам еді.
– Осы жалғыз балам ешкімнен кем болмасын деп әкесі екеуміз ештеңеден аянып көргеміз жоқ. Ол сиыр бағады, мен сауыншы. 5 жасында Мәскеуге көрмеге апардым. (ВДНХ ауыл шаруашылығы жетістіктерінің көрмесі) Озат сауыншы деп орден тағып, делегат сайлаған, қоймады ғой басшылар. Шалым мен баламды бірге алып жүрмесем бармаймын деп қитығып отырып алдым. Көнді, көнбегенде қайда барады, қолымда қызыл кнешке. Ондағы ойым осы баламды Кремльге апарып, үлкен жерлерде жүрсін деп ырымдап табанын бастыру еді. Ақыры осыны істедім ғой, әдіра қалғыр! Баламды апармаса, орденін қайтем? – дейді. Біз рахаттанып күлеміз. – Балам үлкен жерлерде жүретін еді. Оқуларын бітірер жылы әкесі екеуміз рұқсатымызды бергенбіз. Бұларды жолдамамен Қарағандыға жіберген ғой. Алланың жазғаны болмаса, адамның айтқаны болмайды екен, шалым жазға салым аз күн ауырып о дүниелік болды да, балдарым маған қарайлап ауылға келіп колхоздың жұмысына жегілді. Мұндай күйінбеспін, амалым қайсы, уһ-һ! – деп күрсінеді.
– Шалын сағынып отыр, – деп Дана әзілге бұрады. 40 жыл отасқан отағасын сағынса сағынатын да шығар, мұңайып аз-кем отырады да: – Балам мен келінім үйде балаларға қарап ешқайда шықпай-ақ қойыңыз дейді. Ондағысы күніге бір мезгіл барып сүт сататынымнан ұялғандағысы. Осындағы бірталай адам жигүлі (Жигули) мінетін бопты, өзі бірталай ақша тұратын сияқты. Жұрт мінген мәшинені менің балам неге мінбейді? Кімнен кем болғандай? Өй, айналайын! – деп қояды баласына қарап. Өй апа қойыңызшы деп шыр-пыр болатын Дана апасы әперген ақ Жигулиді талай жыл рахатына мінді.
Сұлу Сырдың жағасында туып, уызынан жарып қазақы тәрбиеден қанып ішкен бір кездері жалғыз ұл бала Дана үйелменді отбасының иесі болған ағайынға айбар, жұртына жұғымды, еліне аға болар жасқа жетіпті. Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған ардақты әке. Жұбайы жоғары санаттағы білікті дәрігер, кәсіпкер. 2 ұл, 2 қыздан тараған 6 немеренің аяулы атаәжесі. Балаларының барлығы да түрлі қызметте, кәсіптерін дөңгелетіп жүрген жаңа заманның талап деңгейінен көрініп жүрген жастары. Бейнеті аз болмаған зейнет жасыңа жақсы келіпсің, Дана! Қайырлы да ұзағынан болғай!
Исабек СӘРСЕНБАЙҰЛЫ,
ақсақалдар кеңесінің төрағасы