Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Зағип кітапханашы жүйрік баптап жүр

Зағип кітапханашы жүйрік баптап жүр

Зағип кітапханашы жүйрік баптап жүрЕңбек етуге ниетті жанға тағдыр да тосқауыл бола алмайды. Айталық, кәсіпкер Серік Жұмабеков қос жанары көрмесе де, жүйрік баптап, ет пен сүт өндірісіне үлес қосып келеді. Келіншегімен бірлесіп атакәсіпті қолға алған зағип жанның тірлігі – көпке үлгі. Көзбен көрген адам қайырылмай кетпесі анық. Тағдырдың басқа салғанына көніп, төрт қабырғаға қамалып отыра беруге де болар еді. Алайда болмысындағы ерік-жігер мен қанда бар қасиеті мүмкіндігі шектеулі жанды тығырықтан алып шықты. Ескелді ауданына қарасты Абай ауылының тұрғыны Серік Жұмабеков жылқы бағуды сүйікті ісім деп санайды. Қамбар ата түлігін бала жасынан жақсы көрген ол бүгінде етті, сүтті бағыттағы мал басын көбейтіп, тұқымын асылдандыруды көздеп отыр.
«Көпбалалы отбасында дүниеге келдім. 2010 жылдан бастап бірінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жанмын. Бала кезден жылқы малын жақсы көремін. Бір күні аттан құлағаным бар. Жас болғандықтан ба, жығылған сәтте денсаулығыма зақым келгенін аңғармаппын. Көз жанарымның зақымданғанын кейін білдім. Бірақ бәрі кеш болды. Осылайша, көру қабілетінен айырылдым. Денсаулығыма байланыс­ты біразға дейін жұмыссыз жүрдім. Десе де алда мақсат тұрды. Техниканың дамыған заманы ғой. Өзімді жетілдіруді ойлап, тифлотехникалық құрал қолдануды үйрендім. Бұл маған үлкен көмек болды. Жұмысқа арнайы көлікпен апарып, әкеледі. Бір сөзбен айтқанда, алаңсыз еңбек етуге керекті жағдайдың бәрі жасалған, уақтылы еңбекақы аламыз», дейді кейіпкеріміз.
Ең бастысы, зағип жан «денсаулығым жарамайды, қолымнан іс келмейді» деп төрт қабырғада қамалып, көптен көмек сұрап отырған жоқ. Керісінше, мүмкіндігінің шектеулілігіне қарамастан, қоғаммен, он екі мүшесі сау адамдармен тең қарым-қатынас жасайды. Сөйтіп, өзі секілді талай жанға бар білгенін үйретіп, өрге сүйреп келеді. Жылқы бағумен бірге Қарабұлақ ауылындағы аудандық кітапханада былтырдан бері зағип­тар бөлімінің қызметкері болып еңбек етеді.
Кітапханада өтетін іс-шаралардың ұйымдастырылуына мұрындық болып жүрген азамат екі жыл бұрын облыс әкімінің грантымен Қаскелең мәдениет колледжіне оқуға түсіп, кітапхана ма­мандығы бойынша білім алды. Серік Сембекұлы бүгінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қоғамға тартып, жұмыс істеуге баулу, білімін жетілдіріп, еңбекке араластыру, тығырықтан шығу жолдарын көрсетіп, жөн сілтеуді міндетім деп біледі. Айтуынша, Ескелді ауданында 60 шақты мүмкіндігі шектеулі жан бар, солардың басым бөлігі осы кітапханадағы іс-шараларға қатысып тұрады.
Байқағанымыздай, аталған ғимараттың бір бұрышынан орын тепкен қызмет орнында жұмыс істеуіне қажеттінің бәрі тұр. Үстел үстінде тифлофлешплеер, оқып, жазатын көмек құралдары, басқа да заттары тұр. Осы арқылы кітап оқып, білімін шыңдайды, ізденеді. Өзі секілді азаматтарға көмектесіп, алға жетелейді. Кітапханадан тыс уақытта Қамбарата түлігін бағады. Жылқы шаруашылығымен айналысуға келіншегі Ақмарал Әбділбекқызы көмектеседі. Ол малды азықтандырып, суаруда, жылқы, сиыр сауып, сүт, қымыз алуда, құрт-ірімшік жасап, сатуда еш қиналмайтынын айтты.
«Қазір оншақты бас бар. Екеуі асыл тұқымды. Таяуда Ресей елінен араб жылқысын әкелдік. Жақында құлындайды. Жыл сайын төлін сатып, одан түскен қаражатқа мал азығын аламыз. Бір қызығы, жылқыларым көзімнің көрмейтінін сезетін секілді. Өйткені оларды азықтандыратын сәтте маған өздерінің қай жақта тұрғаны туралы белгі береді. Сол жаққа қарай беттеймін. Жаз кездері де солай. Оларды жайылымнан алып қайтқанда еш жерге бұрылмастан үйге қарай жол тартады. Мен соңдарынан еріп отырамын. Яғни бір-біріміздің арамызда көрінбейтін байланыс бар. Алдағы кезде бәйгеге қатысу ойда бар», дейді Серік.
Серік Сембекұлы сөз соңында қиын сәтте жол көрсеткен ұстазы Қуаныш Қапанов атты азаматқа ерекше алғысын білдірді. Серіктің жұмыссыз қалған кезінде ақыл-кеңесін айтып, тифлотехникалық құрал қолдануды үйренуіне көп көмегін тигізіпті. Нәтижесінде, құрылғыны қалай пайдалану керегін меңгеріп алған ол бүгінде жемісін көріп отыр.
 
Жетісу облысы 
06 наурыз 2025 ж. 381 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№18 (9285)

08 наурыз 2025 ж.

№17 (9284)

04 наурыз 2025 ж.

№16 (9283)

01 наурыз 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31